Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жасанды интеллект адамды алмастыра ала ма?

0 3  444

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударды. Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру екенін баса айтқан Президент бұл бағытта жұмыстарды одан әрі күшейту керектігін жеткізді.

«Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін.
Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жалпы жасанды интелект адам баласының бүгінгі онлайн және оффлайн өміріне тікелей байланысты. Жаһандану дәуірінің айырылмас бөлшегіне айналған жасанды интеллект бүгінде адам санасының аналогынан басқасының барлығын жасап шығарды. Осының арқасында жаһандану жетістігі күллі әлемді шарпыды. Бүгінгі ғалымдар компьютер мүмкіндігін бірнеше мың есеге күшейткенімен, оны бағдарламалау кодының шеңберінен шығаруға қол жеткізе алмады. Негізінде, «жасанды интеллект» тіркесі адамның санасын жасанды жолмен жасау идеясын арқалағандықтан, ол адам сияқты еркін ойлау қабілетіне ие болуы тиіс еді.
Жасанды интеллект адам өміріндегі барлық салаға ептеп еніп, өмір сүру сапасын жеңілдетіп отыр. Алайда, жасанды интеллект пен деректерді талдау бағытын дамытып жатқан университеттер мен білім беру бағдарламалары бар, бірақ тым аз. Сондықтан жасанды интеллектінің пайда болуы білім беру саласына айтарлықтай өзгеріс әкелері сөзсіз.
Жасанды интелект десе барлығымыздың ойымызға бірден интернет әлемі, компьютерлік құрылғылар мен робототехника келеді. Расында солай әрі бұл заман талабы. Бүгін біз күнделікті қолданатын Apple өнімдеріндегі Siri дауыс қызметі де, әр сұрағымызға жауап іздейтін Google браузері де, құлаққаптар да, әлеуметтік желілерде бізге ұнайтын контентті дәл тауып ұсынатын бағдарлама да, мессенджер де, біз жазғымыз келетін сөзді алдын ала болжай алатын пернетақта қызметі де, жол көрсететін GPS те – бәрі, бәрі жасанды интеллект. Демек, жасанды интеллект адам баласының күнделікті өміріне әбден сіңіп үлгерді.
Қазіргі таңда ғалымдар жасанды интеллект мүмкіндіктерін бір функциямен шектемей, адам санасы сияқты білім жинау, анализ жасау, мәселе шешу, жоспарлау, болжау және үйрену сынды функиялармен толықтыруға тырысып жатыр. Сол себепті де, жасанды интеллект нейрон жүйесі (Neural Networks), эволюциялық есептеу (Evolutionary Computation), эксперттік жүйе (Expert Systems), дыбыс жазу (Speech Processing) және машиналық ойлау (Machine Learning) сынды салаларға бөлінген. Ал осының барлығы адам өмірінің айнымас бөлігіне айналғаны қаншалықты дұрыс? Бір сәтке жасанды интелекттің адам өміріне зияны туралы ойлап көрдіңіз бе?
Бүгінде интернет әлемі, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерсіз күніміз қараң сияқты көрінеді. Себебі, адамның оларға деген тәуелділігі артып кеткен. Жасанды интеллектінің қатері расымен де бар. Алайда, біз технологияның дамуын тежей алмаймыз. Бұл ретте этикалық шеңбер мен бақылау механизмдерін қалыптастыру маңызды. Яғни, басты қағи-да – жасанды интеллект адамзатқа қауіп ретінде емес, оң бағытта қызмет етуі қажет.
Қазіргі таңда әлемдегі беделді ғалымдар жасанды интеллектінің дамуына екі түрлі көзқараспен қарайды. Бір тобы жасанды интеллект адам баласына еш қауіп төндірмейді деп сенсе, екінші тобы адамзаттың түбіне жететін жасанды интеллектке ие роботтар деп есептейді.
Киборг-әскерлер мен ақылды әскери-дрондардан бөлек, жасанды интеллект адам баласының жұмыссыз қалуына да себепші болуы мүмкін. Мысалы, 2014 жылы америкалық миллиардер Джефф Безос Amazon.com компаниясының жүк тасымалдайтын мыңдаған қызметкерін жұмыстан босатып, оларды роботтармен алмастырды. Қазіргі таңда компанияның қоймаларында жүз мың робот жұмыс істейді.
Жасанды интеллект – әлемге жаңа төңкеріс алып келетін сала. Оның қамтымаған секторы жоқ. Осыдан он жыл бұрын адам күшін қажет ететін жұмыстарға бүгінде робот күші жегілді. Әзірге роботтың мүмкіндігі пайымдау және сыни ойлау мүмкіндігіне ие емес. Сондықтан, роботтар юриспруденция, журналистика және компьютерлік бағдарламалау сынды салаларды игере алмайды. Сондай-ақ жасанды интеллектіге ие роботтардың адам орнына жұмыс істеуіне қауіп ретінде қарамаған жөн. Есесіне адам баласы шығармашылықпен айналысуына уақыты артады. Болашақта жұмыс уақыты 8-ден 4 сағатқа дейін қысқарып, бір қызметкердің орнына екі маманды жалдау қарастырылады.
Жасанды интеллект берілген тапсырманы адамдарға қарағанда жылдам әрі дұрыс орындайды. Ең қорқыныштысы, роботтар жалған жаңалықтарды, жалған электронды пошта тіркемелерін, жалған ақ-параттарды жасай алады. Жасанды интеллект дәуірінде біз адамзат өркениетінің түбіне жететін дүниені өз қолымыздан жасап алуымыз мүмкін.

Жанерке Жанұзақ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.