Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ашаршылықтан атам қалай аман қалды?

0 2  167

Тарихқа көз жіберсек, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Араб түбегінен бастап күллі адамзатқа Ислам дінін таратуға бар күш-жігерін салды. Осының нәтижесінде Талас бойына қоныстанған көшпенді және отырықшы бабаларымыз ата дінімізге бірден мойынсұнып, өскелең ұрпаққа да парыз етті.

Осындай тура жолды ұстанып, ешкімнің ала жібін аттамаған халқымыздың өткен ғасырда көрген азабы аз болған жоқ. Әсіресе кеңестік жүйенің қазаққа қолдан ұйымдастырған ашаршылығы саналы адамның қабырғасын қайыстырады. Бұл геноцидтің салдарынан халқымыздан жартысынан астамы қынадай қырылды. Украина секілді осы бір озбырлықты күллі әлемге паш етіп, тарихи әділ бағасын кез әлдеқашан жетті.
Мен бұл қасіретті кезеңге бекер тоқталып отырғаным жоқ. Сол бір зобалаң жылдарға тоқталуыма нағашы атам, Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылының тумасы Құрман Өмірбаевтың басынан кешкен қайғысы себеп. Көзін ашқалы мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан көшпенді халқымыздың тігерге тұяғы қалмай, өздері де аштықтан ажал құша бастады. Сол сәттерде ашыққан адамдардың ішіндегі әл-дәрмені қалғандары әлсіздерін тірідей жей бастаған екен. Осыны білген біраз адамдар бұған жол бермеу мақсатында киіз үйдің ішіне кіріп, бір-бірін мықтап арқанмен байлап тастаған. Атам тоғыз ағайынды болған. Сөйтіп, атамның әкесі сегіз баласын өз қолымен байлап, соңында өзін атамыздың анасына байлатады. Апамыз болса емізулі нағашы атамды құшағына алып, шеткеріге жатып өлімді күтеді. Күндер өте аштықтан ісініп, нағашы атамның отбасы шетінен ажал құша бастайды. Дегенмен нағашы атамның анасы нәрестесін өлімге қимай, бар күшін жинап, есікке беттейді. Ол кезде үйдің ішінде өлген адамдар ит-құсқа жем болмасын деп есікті сыртынан үлкен тастармен тіреп қояды екен. Апамыз бар күшімен ақыры есікті ашып, сыртқа шығады. Содан оңтүстіктегі Шал тауына қарай беттеп, жолай шөптердің тамырларымен қоректеніп, Қырғызстанға жетеді. Осылайша анасы мен баласы аман қалады.
Әрине, мұның барлығы – еске алуға қаншалықты ауыр болса да тасқа таңбаланған тарих. Еліміз ендігәрі мұндай қасіретті көрмеуі үшін өткеннен сабақ алып, аталарымыздың қилы тағдырын өскелең ұрпаққа жеткізген жөн деп білемін.

Советкүл Туленбетова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.