Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Көз жасына ерік берді»: Алматылық кейуана 2-ші рет қайтыс болғандар тізіміне кіріп кеткенін білді

0 762

Мемлекеттік мекеме қызметкерлері тірі адамды өліге жатқызған. Сөйтіп бір күнде зейнетақысын ала алмай қалған қария анық-қанығын білу үшін тиісті мекемеге барғанда өзінің өлілер қатарында екенін естіген.  84 жастағы әжейді  қайтыс болғандардың тізіміне қосып қойыпты. Енді Айтбала Сәлімбаева өзінің әлі жер басып жүргенін дәлелдеуге мәжбүр, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі  Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматылық кейуана зейнетақысын алу үшін келініне сенімхат жазып берген. Ай сайын тиісті қаражат есепшотына түсіп тұрған. Алайда қазан айында төлем түспеген. Жағдайдың анық-қанығын білу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Қызметкерлер әжейдің қайтыс болғандар тізімінде тұрғанын айтқан.

“Зейнетақыммен күн көріп отырмын. Өзіме, балама дәрі аламын. Көмір алайын десек, ақша жоқ. Бірнеше күн бардым таксимен. Анда-мұнда жібереді”, – дейді зейнеткер Айтбала Сәлімбаева.

Жағымсыз ақпаратты естіген Айтбала әжей көз жасына ерік берген. Себебі бұл  жағдай екінші рет қайталанып отыр. Осыдан 7 жыл бұрын да көз жұмғандардың қатарына кіріп кеткен. Ол кезде де құжаттарын қайта рәсімдеп, зейнетақысын бір ай күткен.

“Олардың қолында анамыздың көз жұмғаны туралы ешқандай құжат, деректер жоқ. Бізге Азаматтық хал актілерді тіркеу мекемесі кінәлі екенін айтты. Ол жерге де бардық. Онда бәрі дұрыс екенін айтты. Шығыс Қазақстан облысында да Сәлімбаева Айтбала деген әже бар, соның қайтыс болғанын көрсетіп отыр”, – деді келіні Әсем Сәлімбаева.

80-нен асқан қария жағдай 2 рет қайталанған соң телеарнадан көмек сұраған.

Орын алған жағдайға Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме беріп, кейуананың көз жұмғандар тізімінде екенін растады.

“Алматы қалалық полиция департаментіне қарасты Көші-қон полиция басқармасының қызметкерлері апаға қол ұшын созуды дұрыс санап, арнайы базаға тиісті өзгертулерді енгізді”, – деді ведомствоның ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бұл жолы Айтбала Сәлімбаева зейнетақысын 1 ай күтпейді. 3 күннің ішінде қазан-қараша айларының зейнетақысы түсуі керек. Дегенмен, секем алып қалған кейуана жағдай тағы қайталана ма деп қорқып отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.