Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтеді

0 158

Ел Президентінің Жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Мұндағы басты бағдарлардың бірі – жаңа экономикалық саясат.

Иә, халқымыздың бәрінің бірдей әл-ауқатының жақсы емес екендігі рас. Осы тұста халықтың тұрмыс деңгейін арттыру барысында Мемлекет басшысы үш басым бағытқа тоқталды. Біріншіден, жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту; екіншіден, бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру; үшіншіден, ұлттық табысты әділ бөлу. Біз «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ретінде Президент Жолдауында көрсетілгендей, халықтың табысын арттыруда кәсіпкерлерге сүйемелдеу мен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жан-жақты көмектесуге дайынбыз.
Алайда несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отыр. Мұның бірден-бір себептерінің бірі – қаңтар оқиғасы.

Ол елімізге біраз шығын әкеліп, мемлекеттік мекемелердің жөндеу жұмыстарына, құжаттарды қайта қалпына келтіру үшін мемлекеттен қаншама қаржы бөлінді. Сол себепті қазір АНК несиені тек санаулы адамдар ғана ала алады. Ал 2022-2025 жылдар аралығында іске асырылатын ұлттық жобада несие алу қағидалары әлі де бекітілмеген. Бұл кәсіпкерлер үшін тиімсіз. Президентіміз осы мәселені шешу үшін Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет мүшелерін бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз ететін шешімдер қабылдауға нақты тапсырмалар жүктеді.

Құнды құжатта: «Нақты секторды дамыту» бағдары бойынша субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек», – деп айтылған болатын. Расында да, субсидия – ауқымды мәселе. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, басқа адамдардың ЭЦҚ кілттерімен заңсыз субсидия алатындар да кездеседі. Оны жергілікті прокуратурамен қатаң түрде тексеру қажет. Бұл – мемлекеттің қазынасы. Ал ол мақсатты түрде дұрыс алынуы қажет. Сондықтан мен Президент шешімін қолдаймын.

Руслан АЙТБАЕВ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жуалы аудандық филиалының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.