Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көркем әдебиеттегі қуғын-сүргін құрбандары

0 5  151

Өткен ғасырдың алғашқы жартыжылдығы қазақ халқы үшін ауыр трагедиялық естеліктерімен мәңгі есте қалды. Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған қандастарымыз қаншама. Сол қасіретті жылдар талай қаламгердің шығармасына арқау болды. Дәл осы тағдырлы тарих туралы толғана жазған әулиеаталық қаламгерлер баршылық.

Мәселен, 2017 жылы тарихшы ғалым Тұңғышбек Байқұлов «Ашаршылық қасіреті», 2018 жылы жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулеттің «Конфискация» кітабы да көпшілік оқырманға жол тартты. Сонымен қатар Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Сейдахан Бақторазов сынды тарихшыларымыздың жазған дүниесі өз алдына бір төбе. Осы қатарда тарихи оқиға арқау болған әдеби көркем шығармалар да аз емес.
Осындайда ойымызға ең біріншісі – жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Кісі иесі» әңгімесі оралады. Аталған шығарманың тақырыбы алапат ашаршылық зұлматта қазақ халқының басына түскен қасіретті анықтайды. Әңгіме «Сол жылы Арқарлының асуына қарақұс қаптап кеткен…» деп басталып: «…Арада бес-алты жыл өтіп, Арқарлы асуына адам ізі қайта түсе бастағанда, баяғы кіре жолдың бойынан жүргіншілер шашылып жатқан адам сүйектерін көреді. Жалғыз адамның. Қазаққа сәбет сұмдықтың жасаған зұлматы ғой, деген сөз бәрінің көкейінде күңіреніп тұрды. Бірақ бір-біріне онысын дауыстап айта алмады. Қолдарынан келгені, шашылып жатқан сүйектерді жиып, жерлеп кетті. Оның кімнің сүйегі екенін олар да, кейінгілер де білген жоқ…», – деп аяқталады.
Шығарманы сол кезеңдегі ашаршылық құрбандары туралы деректі естелік ретінде де алуға болады. Көркем әдебиетке тән құбылту, көркемдеу тәсілдері қолданғанымен, тұнып тұрған реализм. Әсіресе адам жеу фактілері, ашыққан адамдардың естен адасуы, азықтың болмауы салдарынан жан сауғалап жат жаққа көшу, ел кезіп, босу сынды мысалдар әңгіме барысында ашық көрсетілген. Әсіресе баласы мен жарын ашыққандардан аман алып қалу үшін отағасының өзін құрбандыққа шалу сәті адамның ойын салмақтай түсетіні анық. Қандай қиын, қандай ауыр. Адам өзін ұрпағын аман алып қалуы үшін өзгеге азық етуге қиды. Бұл жерде бір адамның емес, күллі сол замандағы бабаларымыздың бүгінгі біз сүріп жатқан жарқын болашақ үшін жасаған жанкештілігі деп қабылдауға да болады.
Дәл осы жылдардың сұмдығын сипаттайтын тағы бір әңгіме – жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Төрткүлде» әңгімесі.
Әңгіменің әлқиссасы елге жаңадан келген Сабыржанның естелігімен басталады. Шамамен елге келген кезі 1985-1987 жылдар болса керек. Сол кездегі ауылдағы елмен әңгімелесе отырып, құлағы «Төрткүл» деген таныс сөзге елең етеді де, «Ол жер әлі де бар ма еді?» деп есіне балалық шағы оралады.
Оқиға Мойынқұм маңындағы Төрткүлде болса керек. Себебі басты кейіпкер Төрткүлден жан сауғалап әкесі екеуі Мойынқұмға, Сәмен көкесінің үйіне жетуі тиіс болатын. Сабыржанның әкесі мен анасы біраздан бері ашығып, бірнеше ғасырды өткерген тарихи қамалда жертөле қазып пана етеді. Алайда ол жерден де опа болмай, анасы Бибісара күндердің күнінде үзілер шағын сезгендей жарына баланың жайын ойлап, аман алып қалуын өтінеді. Өзінің жүре алмайтын халін айтып, Мойынқұм жақтағы ағасына тездете жетуін тілек етеді. Көзі қимаса да, әкесі баласын алып сыртқа шығады. Сол сәтте анасы да бақилық болып кете барады. Ас-ауқатсыз ұзақ жол жүрген Сабыржан да әбден әлсіреп, талып қалады. Ес жиған сәтінің бірінде оны қақпаншылардың тауып алғанын, әкесі баласын құтқарар амал іздеп, солардың ізіне түсе, баласын тонға орап, құшақтаған күйі жан тапсырғанын есіне алады. Осылайша ол Сәмен нағашысының қолына келіп, аман қалғанын айтқан. Оқиға желісі трагедиялық тағдырды баяндағанымен, оқуға жеңіл, әкенің өз ұрпағын аман алып қалудағы жанкештілігін көркем суреттеген.
Дәл осы күрделі кезеңді көз алдымызға әкелетін тағы бір шығарма – Шерхан Мұртазаның «Қыз-қасқыр» әңгімесі. Жалпы Шер-ағамыздың қуғын-сүргін тақырыбына арнаған шығармасы аз емес. Дегенмен «Қыз-қасқыр» әңгімесі арнайы ашаршылық тақырыбына жазылған. Кей болжам бойынша автор бұл туындыны жазуда Мекемтас Мырзахметұлының өмір дерегін арқау еткен.
Шығарманың басына пролог ретінде автор «32 жылы аштан, қарашешектен қынадай қырылған менің құрдастарыма ескерткіш белгі» деген жазбасын қалдырып, ашаршылық жылдарында жоғалған, қасқырдың құртқасы асырап алған қыз баланың және оны белгісі арқылы таныған ананың әңгімесін баяндайды. Әңгіме барысында хайуан мен адам арасындағы байланысты баяндап, ана қай кезде де ана екенін, өз баласы үшін жанкештілікке даяр екенін және адамды ортасы тәрбиелейтіндігін де әңгіме желісіне арқау еткен.
Шығарма ішінде: «Адамдар кейде аңғалдықтан, кейде ақылдан жырақтықтан адаса береді. «Уақыт өтіп барады» деп зарлайды. Ал, шындығында, уақыт өтпейді. Уақыт мәңгілік. Ол жылжымайды, өтіп бара жатқан адамның өмірі шығар», – дей келе, адамдардың өтіп бара жатқан өмірін құнсыз көретіндігіне өз наласын білдіргендей. «Көкбөріден тарайтын ұрпақ едік, құртқа анамыз қанымызға қасиет дарытып еді, Совет өкіметі екі айырып, бізді торға қамағандай қылды» деген наласын осы символикамен жеткізгендей.

Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы руханият және
тарихтану орталығының
«Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.