Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көкжиегі кең көпбейінді аурухана

0 235

Дертіңе шипа, жаныңа дауа болатын медицина саласының мәртебесі қашанда жоғары. Тәуелсіздік жылдары осы саланың дамуына ерекше екпін түсірілді. Соның нәтижесінде қаншама медициналық нысандар ашылып, заманауи құрылғылармен жабдықталды.

Расында, ұлт денсаулығын нығай- ту – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Мемлекет бұл міндетті орындау үшін барлық күш-жігерін салуда. Бұл тұрғыда медициналық мекемелерге де зор жауапкершілік пен сенім жүктелген. Облыстық көпбейінді аурухана осы сенімнің үдесінен толығымен шығып келеді.


Аурухананың тарихы тым тереңде жатыр. Сонау 1873 жылы Әулие-Ата уезінде жедел жәрдем деп аталатын емдеу мекемесі ашылған болатын. Жалға алынған шағын бөлме тек 6 аурухана төсегіне есептелген еді. Соған қарамастан, мұндағы дәрігер, фельдшер және акушерден жасақталған шағын құрам науқастарды үздіксіз қабылдады. Олар тек аурумен ғана емес, сол кездегі надандықпен де күресті деуге болады.
1939 жылы Жамбыл облысының құрылуына орай облыстық аурухана есігін айқара ашты. Нысан 1947 жылға дейін пешпен жылытылатын бір қабатты ғимаратқа орналасты. Төсек саны нәбәрі 32-ақ болғандықтан, адамдар стационарлық ем қабылдады. 1949 жылы аурухана кеңейіп, терапевтік төсек саны 60-қа жетті. 1965 жылы үш қабатты жаңа ғимараттың ашылуына байланысты гастропульмонология бөлімі құрылды. Қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, медицина қызметкерлері ерекше ықыласпен жұмыс істеді, мейірімділігімен және іскерлігімен ерекшелене білді.


Облыстық аурухананың осы жылдар ішінде материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Мәселен, 1966 жылы 2 қабатты емдік, 1968 жылы жаңа қоғамдық тамақтандыру, 1969 жылы тағы бір 3 қабатты емдік, 1977 жылы көшеде облыстық консультативтік емхананың типтік ғимараттары пайдалануға берілді. Сондай-ақ 1972 жылы 6 төсектік анестезиология және реанимация бөлімі ашылып, хирургиялық және терапевтік корпустарға орналастырылды. 1974 жылы ауруханада 40 төсектік эндокринологиялық бөлімше жұмысын бастады. Ал 1982 жылы 4 қабатты заманауи хирургиялық корпус, 1988 жылы көше бойындағы офтальмологиялық орталық бой көтерді.
Көптеген бөлімшелер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Айталық, 1983 жылы абдоминальды хирургияда лазерлік скальпель, 1986 жылы рентген ретроградты холангиопанкреатография, эндоваскулярлық хирургия, 1992 жылы бауыр қуысының зақымдалуына аз инвазивті пункциялық ота жасау, 1991 жылы митральді хирургия, кардиохирургия, эндоваскулярлық хирургия, асқазанның, жүрек ырғағының бұзылуы кезінде кардиостимуляторды имплантациялау жүйелері енгізілді.
Осы орайда айта кетерлігі, 1980 жылы 1 шілдеде ауруханада 30 төсектік тамыр хирургиясы бөлімі ашылып, қолқаларға, шеткі артериялар мен веналарға шұғыл және жоспарлы оталар жасалды. Сондай-ақ қолқа және артерияларға рентгендік зерттеу жүргізіліп, цирроз, өңештен қан кету және варикоцеле кезінде көкбауыр мен бауыр тамырларына эмболизациялар да сәтті жүзеге аса бастады. Біз аурухананың тарихына жайдан-жай тоқталып отырған жоқпыз. Өйткені осындай қысылтаяң шақтарда мекеменің бастауында тұрған, жылдар бойы адал еңбек етіп, саналы ғұмырын халықтың денсаулығын сақтауға сарп еткен тұлғалар қандай құрметке болса да лайық.
Егемендік алып, еңсе тіктеген тұста аурухана дамудың даңғыл жолына түсті деуге болады. Соның бір дәле- лі – 2000 жылы ол 16 клиникалық және 8 параклиникалық бөлімдері бар 500 төсектік аурухананы, консультативтік емхананы, кардиологиялық және эндокринологиялық орталықтарды қамтитын ең ірі медициналық кешенге айналды. Сонымен қатар 2002 жылдың ақпан айында ауруханада бейнеэндоскопиялық хирургиялық лапароскопиялық аппарат орнатылып, лапароскопиялық холецистэктомия басталды. Сол жылдары хирургиялық лапароскоптың көмегімен 24 холецистэктомия және 4 гинекологиялық ота жасалып, 500-ден астам дәл осындай лапароскопиялық ота жүзеге асты. Бұдан бөлек, бауыр циррозында өңештің кеңейген тамырларынан қан кетуді тоқтату әдісі енгізілді.
– Қазіргі таңда ауруханада 1 258 қызметкер жұмыс істейді. Оның 158-і дәрігер. Олардың қатарында медицина ғылымдарының докторы, профессорлар, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Еңбек ардагері», «Шапағат» төсбелгілерінің иегерлері бар. Жалпы көпбейінді аурухана облыс тұрғындарына шұғыл және жоспарлы стационарлық, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті, сондай-ақ емдеу, диагностикалық және профилактикалық қызметтерді көрсетеді. Ерекше атап өтерлігі, бұл облыстағы мамандандырылған акушерлік-гинекологиялық және неонатологиялық көмек көрсететін жалғыз 3 деңгейлі аурухана болып табылады. Мұнда бүгінде тәулік бойы жұмыс істейтін 243 төсектік 14 клиникалық бөлімше және кардиология, терапия, эндокринология, гематология, ревматология, хирургия, кардиохирургия, нейроинсульт бөлімі, қан тамырлары хирургиясы, гинекология, іріңді хирургиялық проктология, медициналық оңалту, емдеу бөлімдері бар. Сондай-ақ 150 адамдық ана мен баланың бірге болуына арналған, 45 төсектік жүкті әйелдерге арналған патология бөлімі және 68 төсек-орындық НИКУ және неонатология бөлімдері де жұмыс істейді. Бұдан бөлек, клиникалық диагностикалық зертхана, физиотерапия, рентген бөлімшесі, ХСО, патогистология, операциялық бөлімше, консультативтік-диагностикалық бөлім, КТ және МРТ кабинеті, медициналық-генетикалық консультациялар да үздіксіз қызмет көрсетуде. Ауруханада қабылдау бөлімі мен телемедицина кабинеті де орналасқан. Оларға компьютерлік және магнитті-резонансты томографтар, заманауи сараптамалық кластағы ультрадыбыстық сканерлер орнатылған. Сонымен қатар ауруханадағы тәулік бойы шұғыл медициналық көмек көрсететін тамыр хирургиясы, проктология және іріңді хирургия, эндокринологиялық ревматология, гематология бөлімдері аймақтағы теңдесі жоқ саналады. Мұнда келген науқастар жатқызу бюросының порталы арқылы жоспарлы емделуді қамтамасыз етуге мүмкіндік алуда, – дейді аурухананың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Жетібаев. Оның айтуынша, 2009 жылдан бастап ауруханада коронарлық тамырлар, жүре пайда болған және туа біткен ақауларға ашық жүрек хирургиясы, стенокардия кезінде коронарлық шунттау, кардиостимулятор орнатуды қамтамасыз ететін 20 төсектік кардиохирургиялық бөлімшесі мен жедел коронарлық синдромға медициналық көмек көрсету үшін 30 төсектік жедел кардиология бөлімі іске қосылған.
– 2012 жылы ауруханада жаңа ангио-граф – қан тамырларын рентгендік зерттеуге арналған аппарат орнатылды. Каунас, Новосибирск, Алматы, Израиль қалаларында біліктілігін арттырған мамандандырылған дәрігерлеріміз кез келген уақытта жедел миокард инфаркті, сонымен ауыратын кез келген науқасқа жедел медициналық көмек көрсетіп, жүрек тамырларына стент қою сынды аса күрделі жұмыстарды атқаруға әзір. Бұрын мұндай диагностикалық зерттеулер мен жүрекке күрделі ота жасау тек Алматы, Мәскеу, Новосибирск қалаларында жүзеге асырылып келді. Ал қазіргі таңда мемлекеттің қолдауының арқасында материалдық-техникалық базамыз жақсарып, интервенциялық және рентгендік тамыр хирургиясы қымбат құрал-жабдықтармен және аппараттармен жабдықталды. Сондай-ақ жуырда соңғы үлгідегі заманауи диагностикалық аппарат – магнитті-резонансты томография орнатылды. Ол күрделі, ауыр науқастарды диагностикалауды айтарлықтай жеңілдеткенін айта кеткен абзал, – деді Қайрат Қыдырәліұлы бізбен әңгімесінде.
Осы уақыт аралығында жаңғырып, жаңа кейіпке енген аурухананың қол жеткізген табыстары аз емес. Мәселен, массивті акушерлік қан кету кезінде аутогемотрансфузия үшін жасушаны сақтайтын аппараттың орнатылуы, Лиза әдісі бойынша шала туған нәрестелерді 28 аптаға дейін тұрақтандыру, оңалтудың 3 кезеңінің ашылуы – емдеу нысанының жарқын жетістіктерінің бірі. Сонымен қатар облыстық көпбейінді ауруханада «Ерте араласу» орталығын ашу жоспарланған. Ол 3 жасқа дейінгі балалардың дамуындағы ауытқуды ерте анықтау және кешенді оңалту көмегін көрсетеді. Сондай-ақ балалардың ерте мүгедектігінің алдын алуға мүмкіндік бермек.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.