Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көгілдір отынға қол жеткізе алмай шымкенттіктер шу шығарды

0 143

Шымкенттің бес бірдей елдімекеніне жаңадан қоныс аударған халық көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр. Айтуларынша, «Қазтрансгаз Аймақ» акционерлік қоғамының Шымкент филиалы газ беруге мораторий жариялағанына екі жылдан асыпты. Соның кесірінен қазір тұрғындар қара күзде суық үйлерінде бүрсең қағып отыр. Осы уәжін айтып, күнде сенделген жұртшылық бұл жолы да жауапты мекеменің алдына жиналды,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Жұртшылықтың айтуынша, әр ауылда газ кірмеген 50 шақты үй бар екен. Олардың бәрі жаңадан қоныс аударғандар. Көгілдір отынның қиындығын тартқан отбасылар осындай бес бірдей шағын ауданнан келіп, шырқырап жүр. Айтуларынша, газға жауапты мекеменің мораторий жариялағанына екі жылдың жүзі болған. Соның кесірінен суық үйде тоңған тұрғындар енді бұған шыдай алмаймыз дейді.

“Осымен екі жыл болды. Қалаға мораторий деп бермей отыр. Халық жаурап жатыр, мұнда күнде келеді. Балалар ауырып жатыр ”, – дейді Асар-2 шағын ауданының тұрғыны Асылхан Қыдырбаев.

Мораторийдің кесірінен халыққа көгілдір отынды пайдалануға рұқсат ететін техникалық құжаттама берілмеген. Төзімі таусылған тұрғындар суық үйде сүйегі сырқарамас үшін тәуекелге барып, газды өз беттерінше қостырыпты. Бірақ аспандаған айыппұл төлеуге міндеттеліпті.

“Жеке меншік өзі келіпп, жаға беріңдер деп газды қосып кетіп жатыр.  Алайда артынан “Қазтрансгаз” келіп, сендердікізаңсыз деп, айыппұл салыпп кетуде. 400 мың теңге, оны ешкімнің қалтасы көтермейді ғой”, – дейді қала тұрғыны.

Ал жауаптылар болса, мораторийдің жариялануына өңірдегі газ тапшылығы себеп деп отыр. Сондықтан әкімдікпен бірлесіп, осындай шектеу қойылған. Тапшылықты шешу үшін үлкен станция салынып жатыр. Бірақ оның құрылысына жауапты біз емес деп, бағытты әкімдікке бұрды.

“Станцияны салып жатқан біз емес, “Қазтрансгаз” емес. Оны салып жатқан әкімдіктің өзі. Иә, шынымен де үш жылға жуықтап қалды, созылып жатқаны бар. Ол рас”, – дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент филиалы директорының бірінші орынбасары Бауыржан Сатмағамбетов.

Ал әкімдік өкілдері Шымкентке сағатына 180 мың текше метр газ келгенімен, тағы 70 мың текше метр жетіспеушілік бар дейді. Сондықтан жаңа елдімекендерді толық қамту мүмкін болмай жатқанын айтады. Осыны ескеріп, шенеуніктер сағатына 250 мың текше метр газ қабылдайтын жаңа станция салып жатыр екен. Сағызша созылған станция құрылысының осы айда пайдалануға берілуін басқарма басшылығы уәде етті. Жауаптылар сонда ғана мораторий алынып тасталады деп отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.