Әйелі Қырғызстандағы қызына кеткен: Ауруханада өмір сүрген Тәңірбергеннің әкесі 5 ай бойы қайда болғанын айтты
Ауруханада 5 ай бойы жалғыз өмір сүрген 1,5 жасар Тәңірбергеннің әкесі Мейірбек Тілепбаев жарты жыл бойы қайда болғанын айтып берді. Ол осы уақыт аралығында жұмыс істеп, ақша табуға тырысқан. Сөзіне қарағанда, әйелі тастап кеткен соң, жалғыз баласына керек-жарақ заттар аламын деп жүргенде пәтерақасын төлей алмапты. Ақырында далада қалып, ақшаны қайтарып беремін деген уәдемен құжатын пәтер иесіне кепіл ретінде тапсырған. Сол шақта полицейлердің қолына түсіп, сәбидің әкесі екенін дәлелдей алмапты. Ал Тәңірбергеннің анасы туған жері Қырғызстанға кетіп қалған көрінеді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Әйелі тастап кеткен түні Мейірбек баланың жылаған даусынан оянған. Қарны ашып тұрған Тәңірберген ол кезде небәрі 7 айлық болыпты.
«Әйелімнің қайда екенін білмеймін, түнде ұрысып қалдық, таңертең кетіп қалды. Таңғы 5-ке жуық баланың жылағанын естіп, әйелімді түртпек болдым. Сол кезде жоқ екенін көрдім», – деді Мейірбек Динара Сәтжанға берген сұхбатында.
Сөзіне қарағанда, жұбайының Қырғызстанда бірінші некесінен туған ересек қызы бар. Әңгіме арасында жары туған жеріне қайтқысы келетінін сан мәрте айтыпты.
«Мен алдымен ақша жинап алайық, сосын барып қызыңды алып келеміз, дейтін едім. Әпкесі ретінде балаға қарайласып, көмектесер еді. Қызды бөлектемей, бауырыма басатын едім», – дейді Тәңірбергеннің әкесі.
Бұдан кейін баласын өздігінен бағуға тырысқан әке құрылысқа жұмысшы болып орналасады. Ұлын өзімен бірге жұмысқа алып барады. Алайда көп ұзамай бұлай жұмыс істеу мүмкін емес екенін түсінеді.
«Баламды арбаға салып, жаяу барып келетінмін жұмысқа, жол-жөнекей ойын алаңдарында баламды ойнатып, соған қарап отыратынмын. Маған сол бақыттың өзі жететін еді. Мемлекеттік органдарға, ХҚКО-ға бардым. Қайда барсам да, есікті алдымнан жауып қоятын. «Айналайын, бірінші ананы әкел, мынаны әкел» деп кері қайтаратын. Содан кейін мен баруды қойдым, өз жолыммен кеттім. Бірақ мен ұлымды ұмытқан жоқпын, шамам келгенше барып тұрдым. Дәрігерлер растай алады. Өзіме ештеңе алмасам да, бірінші кезекте балаға не керек, соны апарып беріп тұрдым. Ол йогуртты қатты жақсы көреді. Әйелім тастап кеткелі бері мен оны йогуртпен тамақтандырып келдім.
Анасы тастап кеткен соң, бала қыңыр мінез көрсете бастады. Емшектегі бала етін, қасынан кетіп қалсам, жылайтын. Құрылыста жүргенде бастығым: «Балаңды бір жақты қылып ал, бұлай болмайды» деді. Сосын анама бардым», – дейді Мейірбек Тілепбаев.
Жұмыс істейтін анасы баланы балабақшаға орналастыратынын, оған дейін уақытша күтуші жалдайтынын айтқан. Қыркүйек айының басында келуді сұраған. Алайда Мейірбек осыдан кейін ұшты-күйлі жоқ болған. Әпкесі Жарқынайдың айтуынша, туыстары оны жер-көктен іздеп таба алмапты.
«Анам сол кезде бала күтуші тауып қойған, ауылдағы бала күтуші көріп отырса, менің сөзімді растайды. Біз оны іздедік, Қордайдан, барлық жақтан таппадық», – дейді Мейірбектің әпкесі Жарқынай.
Айтуынша, Мейірбек ер азамат ретінде жауапкершілікті мойнына алып, мәселесін өзі шешкісі келген. Мұны Мейірбектің өзі де растап отыр.
“Тәрбием солай, мектеп бітіргелі әке-шешемнен көмек сұраған емеспін», – деп мәлімдеді өзі.
Енді Мейірбек ДНҚ тестін тапсырып, баланы өзіне қайта алғысы келеді. Оны асырау үшін қолымнан келген жұмыстың бәрін істеймін деген әке қазіргі уақытта жеке шаруашылықта малшы болып жүр екен. Ал баланы туған әжесі бағуға дайын.
Тәңірбергеннің ауруханада жалғыз жатқанын жария еткен Айдана Аллажарқызы сбор ашып, 800 мыңнан аса ақша жиналғанын хабарлаған еді. Желідегі кей хейтерлер «әкесі ақша үшін пайда болды» деп айыптап үлгеріпті. Алайда Мейірбек те, оның туыстары да жиылған ақшадан бас тартып отыр.
«Ол ақша маған керек емес. Аяқ қолым сау, басым жұмыс істейді. Бір ұлым мен өзімді асырау үшін маған көп керек емес», – деген Мейірбек ұлын қайтарып алу үшін биліктегілерден, президенттен көмек сұрады.
«Өзімді сүттен ақ, судан тазамын деп ақталмаймын. Менің әйелім жоқ, жалғызбын. Кішкентай балаға әйел адамның күтімі керек. Оны анама бергім келеді», – дейді Мейірбек.
Тағы бір атап өтерлік жайт, отбасы сәбиді қайтарып алған соң, оның атына Instagram-нан парақша ашпақ. Сәбидің өмірі үшін алаңдайтын ел-жұртқа оның өмір сүру салтын ашық көрсетпекші.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде ата-ананың қарауынсыз ауруханада қалған 1,5 жасар баланың видеосы шу тудырды. Видео авторы – ауруханаға қызымен бірге түскен Айдана Аллажарқызы баланың терезесі жоқ, тар палатада жатқанын, 5 айдан бері ата-анасы келмегенін айтқан еді. Көп ұзамай Тәңірбергеннің әжесі мен әкесі табылды. Қазіргі уақытта алғашқы құжатын алған Тәңірберген сәбилер үйінде.