Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңір медицинасының әлеуеті жоғары бағаланды

0 319

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдерін қабылдады. Жиын барысында еліміздің денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттің тұрақты дамуы мен халық денсаулығы қауіпсіздігінің негізі екендігі айтылды. Сондай-ақ өңір медицинасының бүгінгі мүмкіндігі мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек түрінің жаңғыруына қатысты өңірде қолға алынған айтулы бастамалар мен жетістіктер сөз болды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі .

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуразиялық орталық офис басшысы Мелитта Якаб ханым бастаған аталған ұйым өкілдері өңірімізде екі-үш күннен бері жұмыс сапарымен жүр. Одан бөлек елге белгілі қоғам қайраткері, профессор, Қазақстан Республикасы бастапқы медициналық көмек «Primary Heath Care» Ұллтық Ассоцация президенті Төлебай Рақыпбеков те осында. Осы кісі басқаратын аталған ассоцациямен біз қазір серіктес ретінде жұмыс істеп жатырмыз. Мұндағы басты мақсат медицина саласындағы жаңалықтар мен жаңа технологияларды, әлемдік озық тәжірибені өзімізге енгізу. Халыққа ең бірінші керек дүние – алғашқы медициналық көмек көрсету. Осы орайда, кеше ғана Тараз қаласы мен Жамбыл, Меркі аудандарында медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі үздік практикалық орталықтар ашылды. Әрбір адам, мейлі білім саласының немесе құқық қорғау органы қызметкері болсын, ол алғашқы медициналық көмек көрсетудің не екенін білуі керек. Аталған орталықтардың артықшылығы азаматтарды осындай маңызды мәселеге бейімдеуінде, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында Мелита Якаб өңірдің денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықтар мен жетістіктерге оң баға бере отырып, жалпы денсаулық сақтау жүйесінің дамуына қатысты орамды ойын ортаға салды.

– Біз Меркі ауданындағы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығының ашылуына қатыстық. Сол арқылы біз Қазақстандағы және Жамбыл облысының медицина саласының даму деңгейі мен жорғары әлеуетіне көз жеткіздік. Орталық халықтың үдесінен шығатынына ондағы сапаның кепіл болатынын нық сеніммен айта аламын. Қазақстан әлемге алғашқы медициналық-санитариялық көмек бойынша 2018 жылы Астана декларациясын ұсынған ел. Сондықтан Қазақстан дүниежүзіне алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласындағы әлемдік және өңірлік көшбасшы ретінде танылып отыр, – деген ол облысымыздың аудандарының өзінде жаңашылдықтар мен заманауи технологиялар қарқынды енгізіліп жатқанына ризашылығын білдірді.

Қырғыз республикасынан келген делегат Марат Искаов Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласы ДЖДСҰ қатарындағы елдермен салыстырғанда жетекші рөл атқарарлық деңгейде екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы бастапқы медициналық көмек «Primary Heath Care» Ұллтық Ассоцация президенті Т.Рақыпбеков жалпы үздік практикалық орталықтар әлемдегі үздік тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік беретінін, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру түсудің маңыздылығын тілге тиек етті.

Жиын соңында аймақ басшысы пандемиямен күрес кезінде өңір халқын дәрілік препараттармен, аудандық емдеу мекемелерін компьютерлік томография, магниттік резонанстық томография секілді медициналық жабдықтармен қамтылу деңгейі мен жедел медициналық көмек қызметін күшейту барысындағы жетістіктерге тоқталды. Сонымен қатар, өңірдегі медицина саласы қызметкерлерінің қатары жас мамандармен толығуда екенін, жамбылдық ақ халаттылардың Оңтүстік Корея және басқа да бірқатар медицинасы дамыған мемлекеттерде біліктілігін арттыру іс қолға алынғанын айтты.

Басқосуда ДЖДСҰ өкілдері тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлер ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.