Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қинау және азаптау бойынша істер алқабилер сотында қаралатын болды

0 359

Елімізде алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің санаттарын кеңейту бойынша Қылмыстық-процестік кодекске түзетулер енгізу жоспарланып отыр деп жазды turkystan.kz.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап заң күшіне енгеннен кейін алқабилер сотталушы өтініш білдірген жағдайда аса ауыр қылмыстар туралы барлық істерді қарайтын болады.

Осы уақытқа дейін қазылар алқасының қатысуымен 14 құрам қаралса, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 құрам болады. Түзетулерді қабылдау нәтижесінде алқабилер сотында ауыр және аса ауыр қылмыстардың 44 құрамы қаралады.

Мысалы, 2024 жылдан бастап алқабилердің қатысуымен келесідей ауыр қылмыс түрлері қарастырылады деп жоспарланып отыр:

  • жүкті әйелдерді, кәмелетке толмағандарды азаптауды қолдана отырып қинау;
  • мал ұрлау;
  • қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық;
  • заңсыз аңшылық;
  • көлік құралын мас күйінде жүргізу.

Статистикаға сәйкес, 2021 жылы 85 адамға қатысты алқабилер сотымен қаралған 59 іс болды. Оның 78-і сотталып, 7-еуі ақталды.

Түзетулерді әзірлеушілердің пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістердің бірқатар оң салдары болады: сот жүйесін демократияландыру, соттарға сенім деңгейін арттыру, азаматтық қоғамның сот төрелігін жүзеге асыруға қатысуы, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын арттыру, қоғам және сот төрелігін жүзеге асыру нәтижелеріне қанағаттану деңгейін арттыру.

Құжат қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтына орналастырылған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.