Қалалық қоғамдық-саяси газет

Игілігі мол бағдарлама

0 308

Биыл еліміздегі ең іргелі әлеуметтік жобалардың бірі «Серпін – 2050» бағдарламасының қанатын кеңге жайғанына 5 жыл. Бұқараға қолайлы, жастарға жаңа мүмкіндік ашқан бастама жоғары білім алудың көпке қолжетімді тетігіне айналды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Алғашқы жылдары жобаның берер игілігін толық зерделеу үшін зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінде оң нәтижеге қол жетті. Бағдарламаның негізгі бағыты елдегі маман тапшылығы мен жұмыс күшінің төмендігін жоюға негізделген. Сонымен қатар мемлекет аумағында халық аз шоғырланған өңірлердегі университеттерде студент жетіспеушілігін азайту жоба мақсаттарының бірі болып табылады. Сол кезеңнен бастап жобаның тиімділігі айқын сезіле бастады. Атап айтқанда, ел аумағында көші-қон мәселесі реттеліп, өңірлердің жақындасуы, экономикалық байланысы нығайды. Оңтүстік аймақтардағы оқу орындарының жетіспеушілігін шешу үшін жаңа оқу орындарын салу қажеттілігі жойылып, бос оқу орындарына жастарды тегін түсіріп, белсенділігі төмен аудандар күшейіп, жұмыс күші артып келеді.

«Серпін» қоғамдық жоба ретінде жүзеге асырылған алғашқы жылдан бастап 2000 орынға 10 000 өтініш, яғни 1 орынға 5 адамнан өтініш келіп түскен болатын. Екінші жыл өтініш тапсырушылардың саны 3 есе артып, 6200 орынға, яғни әрбір орынға 7 адамнан өтініш берді. Ол кезде 19 ЖОО мен 45 колледж жұмылдырылған болатын. Үшінші жылы өкінішке орай орындар азайып, қалалық жерлер алынып тасталып, ауылды аймақтар арасында 4300 орынға талас жүріп, іріктеу жоғары деңгейде өтті. Яғни оқуға түсудің орта балы 3 балға көтерілді. Осы кезеңде аталмыш бағдарламамен Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің «5В071100-Геодезия және картография» мамандығына оқуға түскен тараздық Әбдіхасан Әбдімомын жобаның игілігін қатарластарымен бірге көріп жатқанын айтады.

– 2015 жылы мектеп бітіріп, ЖОО-ға түсер уақытта ҚР Үкіметінің «Серпін» бағдарламасы жайлы естідім. Сол кезде ҰБТ-ға таңдаған пәнім бойынша мамандықтар тізімін осы жобадан таптым. ҚР Білім және ғылым министрлігінен аймақтарға қажетті мамандықтар бойынша гранттар бөлініп, солтүстік өңірлер оңтүстік жастарын қабылдай бастады. Солардың қатарында мен де бармын. Маған қолайлы болған тұстары – оқу курсын толық аяқтаған жас маман осы өңірде қалып жұмысқа орналасса, жергілікті атқарушы органдар мен әкімшіліктің қолдауына ие болуға мүмкіндік бар. Яғни мамандық бойынша жұмысқа орналасу, пәтерақысының толықтай Үкімет есебінен төленуі (қызметтік пәтерлер), қосымша бастапқы қаржылай қолдаулар үшін арнайы келісімшарттар жасалынады. Оқу кезінде жатақханамен қамтамасыз етті, шәкіртақы, демалыс уақытында жолақыға дейін төленді. Ғылыми-тәжірибелік жұмыстармен айналысып, әртүрлі республикалық, халықаралық олимпиадаларға белсене қатысуға мол мүмкіндік туындады. Менің мамандығым – геодезия инженерлік-техникалық салалар қызметі бүгінгі таңда үлкен сұранысқа ие. Себебі сәулет-құрылыс, жер қатынастары, геология, тау-кен өнеркәсіптері, жол құрылысы, мұнай-газ саласында геодезистердің рөлі маңызды. Қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша аймақтан бірнеше жұмыс орындары ұсынылып отыр, – дейді жас маман.

«Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы аясында Жамбыл облысынан 2014 жылы – 172, 2015 жылы – 443, 2016 жылы – 262, 2017 жылы – 283, 2018 жылы 224 – барлығы 1384 студент оқуға түскен. Оның 1169-ы ЖОО-ға, 215-і колледждерде педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы, медициналық мамандықтар бойынша білім алуда. Жоғары оқу орнына түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестілеуге қатысуы тиіс. ҰБТ мен кешенді тестілеуден кем дегенде 50 ұпай жинау керек. Бұл – төменгі шектік деңгей. Бұл шарт жоғары оқу орындарына түскісі келетіндерге ғана қатысты. Ал колледждер үшін мұндай шарт жоқ. Дегенмен колледждерге де қабылдау емтиханы өткізіледі. Колледждерге жоғары оқу орындарына түсе алмаған және 2-3 жыл бұрын оқу бітіріп, грант иегері атана алмаған, ақылы бөлім бітірген азаматтар осы арнаулы орта оқу орындарын таңдауларына болады. Сонымен бірге жобаға қатысқысы келетіндердің жасына шектеу қойылмайды.
Жоба аясында жоғары оқу орындарына түскен студенттер шәкіртақымен, өңірлерге бір рет барып-қайту жолақысымен және жатақханамен, колледжге түскен студенттерге аталған жеңілдіктерге қосымша үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.

Жобаға қатысушы өңірлер өкілдерінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінен арнайы кабинеттер бөлінбек. Тараз қаласында жоғарыда аталған жоғары оқу орындарының базасында жобаға қатысу үшін шілде айында мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша конкурсқа құжаттар қабылданады.
«Серпін» жобасының бір артықшылығы – өз таңдауын жасаған жастармен жеке жұмыс жүргізіледі. Олар өздерін үлкен бір қауымдастықтың мүшесі ретінде сезініп, ортақ идеология мен ортақ мәдениетте тәрбиеленеді. Әбдіхасан Әбдімомынның анасы Сәуле Әбдімомынның айтуынша, ұлы Қазақстанның өзге бөлігіне, Өскемен қаласына аттанып, аталмыш бағдарламаның арқасында зор тәжірибе алған.

– «Серпін» бойынша ұсынылған грантқа ие болып, алыс аймақта оқып жатқан ұлыма беріліп жатқан білімнің сапасына риза екенімді айтқым келеді. Көп жағдайда ЖОО-лар студенттің тәжірибе жинақтауына жағдай жасай алмай жатады. Ал «Серпін» аясында түрлі байқаулар, ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, студенттер университеттің толықтай қамқорлығын сезінеді. Сондай-ақ баламның үлкен өмірге басқан әрбір қадамы мығым екеніне көзім жетіп іштей қуанамын. Бағдарламаның арқасында балам жұмыс іздеп сабылмайды. Бұл бүгінгідей нарық заманында аса күрделі мәселеге айналып отырғанын баршамыз білеміз, – дейді ана.

«Серпін – 2050» жобасына қатысушылар – тәуекелшіл, өзіне сенетін, білімді, білікті, алғыр азаматтар. Қиындықтан қорықпайтын, көпшілік ортаға тез бейімделетін, жаңа дүниелерге тез икемделетін, өз мәселелерін өзі шешуге тырысатын, талапты жастар осы бағдарлама аясында үлкен шоғырға айналып келеді. Мұндай жастар көпбалалы отбасылардан жиі шығады. Бүгінгідей әлеуметтік мәселелердің алдыңғы сапқа шыққан уағында бұл қоғам үшін аса маңызды үрдіс.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.