Қалалық қоғамдық-саяси газет

Химия өнеркәсібінің алыбы

Облыс әкімі Е.Қарашөкеев «Қазфосфаттың» жұмысымен танысты

0 275

Жамбыл облысы өрге басқан өндірісімен танылған өлке. Бұл тұрғыда Әулиеата өңірін ірі химия өндіріс ошағына айналдырып отырған айтулы кәсіпорын «Қазфосфат» ЖШС саналады. Қазыналы Қаратаудың қойнауынан өндірілген сары фосфор мен өзге де өнімдер бүгінде ел нарығын қамтумен қатар, шетелге де экспортталуда.

Атап айтсақ, «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар зауытынан» шығатын аммофос өнімі елімізден бөлек, Орталық Азия елдеріне де шығарылуда. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің «Қазфосфат» ЖШС ұжымымен кездесуінде айтылды.
Аймақ басшысы аталған серіктестіктің Тараз қаласында орналасқан «Минералды тыңайтқыш зауытына» барып, өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен танысқан болатын. Онда Ербол Шырақпайұлы минералды зауыттың «Аммофос-1», «Аммофос-2» цехтарын аралап көріп, өндірістегі технологиялық үдерістер мен аммофос өндірісінің ауқымын ұлғайтуда пайда болған кейбір мәселелерге назар аударды. Сапар барысында серіктестік бас директорының орынбасары Ербол Адреисов цехтардың жұмысы мен жай-күйіне тоқталды.
Жалпы «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар зауыты» бұған дейін жылына 500 мың тонна өнім өндіріп келген еді. Былтырдан бастап компанияның аммофос өндірісін кеңейту жобасы аясында минералды тыңайтқыштар шығаратын жаңа «Аммофос-2» цехы іске қосылған болатын. Осылайша зауыт жылына 1 миллион тонна минералды тыңайтқыш шығару мүмкіндігіне ие болған еді. Алайда қазіргі уақытта зауытта шикізат тапшылығы сезілуде. Нақты айтқанда, аммофос өндірісі үшін фосфор мен күкірт қышқылы қажет болса, бүгінде күкірт қышқылы жетіспеушілігі өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Өндіріс ошағымен таныстыру барысында Е.Адреисов осы және өзге де мәселелер жайын облыс әкіміне жан-жақты түсіндірді.
«Қазфосфат» ЖШС бас директорының орынбасыры Ерсін Сариев кәсіпорында 6 мыңнан астам адам еңбек ететінін, 2021-2023 жыл аралығында олардың еңбекақысы 99,8 пайызға, яғни екі есеге өскенін сөз етті. Еліміздегі негізгі мерекелерде мұнда жұмысшыларға сыйақы тұрақты түрде берілумен қатар, екі жылдан бері «13-ші жалақы» төлеу мәселесі де шешімін тауыпты. Компанияның тарихында алғаш рет жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында 3 242 жұмысшыға 236 миллион теңге үлестірілген екен. Сондай-ақ барлық жұмысшы тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Өз кезегінде өңір басшысы Ерсін Берікұлынан компания өз жұмысшыларынан бөлек халыққа қандай қолдау көрсетіп жатқанын сұрады.

Жалпы қоғамда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым бар. Бұл – қандайда бір компанияның қоршаған ортаның көркеюіне, жергілікті жердегі әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға, қоғамға қол ұшын созып, қайырымдылықпен, демеушілікпен айналысуы. Қысқаша айтқанда бұл – бизнестік қауымдастықтың халыққа әлеуметтік қамқорлық танытуы.
– Қайырымдылық мәселесі бойынша былтыр «Қазақстан халқына» қорына 750 миллион теңге, «Тараз» футбол клубына 300 миллион теңге бердік. Одан бөлек осы уақытқа дейін өңірдегі қоғамдық қорларға, балалар мен мүгедек және қарттар үйіне, жекелеген адамдарға көрсеткен қолдау шараларымыздың сомасы 170 миллион теңге болды. Бұрнағы жылы Қаратау қаласында 72 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйді жөндеуден өткізіп, пәтерлерді өз жұмысшыларымызға тегін тараттық. Ол тұрғын үй алдынан заманауи спорт кешенін салынып, пайдалануға берілді.
Тараз қаласында «Үшбұлақ» каналының бойынан 300 миллион теңгеге жағалау жасалып, ел игілігіне ұсынылды. «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенін күрделі жөндеуден өткізіп, жұмысшылар лайықты демалуы үшін жаңадан медициналық құрал-жабдық сатып әпердік. Онда жылына 2 500 адам тегін ем-дом алады, – деген Ерсін Сариев жұмысшылар үшін салынып, тегін пайдалануға берілетін тұрғын үй, балалар лагері жайы мен серіктестіктің бұдан да басқа демеушілік, қайырымдылық бағытында атқарған жұмыстарын егжей-тегжейлі баяндады.
– Жұмысшыларға арналған демалыс орындары мен балалар лагерінде, Жаңатас қаласында жөндеуден өткізіліп, қазфосфаттықтар игілігіне ұсынылатын «Үш би» тұрғын кешеніне қарасты спорттық кешенде тек кәсіпорын жұмысшыларын ғана дем алдырып, солардың балаларын ғана спорттық секцияларға қатыстырмайтын шағырсыздар? Алдағы уақытта әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға да емдеу-сауықтыру орталығына сіздер арқылы барып барып демалуына мүмкіндік беріңіздер. Жаңатастағы спорттық кешенде жалпы балаларға қызмет көрсеткені дұрыс. Сөз арасында Түркістан облысындағы бір ауылды жаңғырту, жарықшам орнату жұмысын жүргізгеніңізді айтып қалдыңыз. Алдағы уақытта осындай қамқорлықты өз облысымыздағы бір ауылға да көрсетуге кеңес беремін, –деді Ербол Шырақпайұлы.
Бұдан кейін облыс әкімі «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар зауытының» ғимаратында өткен жиынға қатысты. Онда өндіріс көлемін ұлғайту және кәсіпорынның кадрлық әлеуетін арттыру жайы сөз болды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.