Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Елінің салқындамас сағынышы»

0 2  521

Бүгін белгілі қоғам қайраткері, ақын, жазушы, публицист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Жамбыл облысының «Құрметті азаматы» Арғынбай Бекбосынды еске алуға арналған «Елінің салқындамас сағынышы» атты дөңгелек үстел өткізілді.

Шара барысында шақырылған қонақтар арасынан сөз алған ағайын інісі, қоғам қайраткері, Жамбыл обылсының «Құрметті азаматы» Аманкелді Карентаев естелік-сырымен бөлісті.
– Арғынбай Бекбосын 1937 жылы 17 маусымда Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. Түймекент орта мектебін, Жамбыл педагогикалық училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Әр жылдары Алматы жоғары партия мектебінде, КПСС Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында, АҚШ-тың Колорадо университетінде білімін жетілдірген. Жамбыл облыстық радиосының тiлшici, Қазақ радиосының Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы мeншiкті тiлшіci, Жамбыл облыстық партия комитетінде баспасөз жөнінде нұсқаушы болды. Еткен еңбегі ел есінде. Істеген жұмысы жұрт жадында, – деді А.Карентаев.
Айта кетейік, Арғынбай Бекбосын 1985 жылдан бастап он жылға жуық Жамбыл облыстық «Еңбек туы» – «Ақ жол» газетінің бас редакторы болып, оны беделді басылымға айналдыра білді. Сол мезгілде өзі екі мәрте облыстық партия комитетінің мүшесі, үш рет облыстық онамастика комиссиясын, облыстық мәдениет қорын, облыстық журналистер ұйымын басқарды. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің, 1995 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Мыңға тарта заң актілеріннің қабылдауына атсалысты. Ол сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жоғарғы тәртіптік Кеңестің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі міндеттерін атқарды. 1999-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен.
Арғынбай Бекбосынға мінсіз қызметі үшін 1991 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жарлығымен «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» құрметті атағы берілді. 1998 жылы республикада алғашқылардың бірі болып «Парасат» орденімен марапатталды.
Арғынбай Бекбосын оннан астам поэзиялық, прозалық, публистикалық кітаптардың, көптеген аудармалардың, драмалық шығармалардың авторы. Қазақстан Журналистер Одағы мен ТМД елдері журналистер одақтары конфедерациясы сыйлықтарының лауреаты. Мемлекеттік грант иегері. Жамбыл облысының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы.
Дөңгелек үстелге келген Дүйсенәлі Бықыбаев, Тұрсынхан Толқынбайұлы, Оралхан Дәуіт, Хамит Есаман, Қуандық Қасымов, Болат Жапаров сынды тұлғалар Арғынбай Бекбосынның еткен еңбегі мен шығармашылығы жайында естеліктерімен бөлісті.

Нұрперзент Туғанбай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.