Қалалық қоғамдық-саяси газет

Химия өндірісінің бірегей кешені

0 240

Жамбыл жері елімізде үлкен аграрлық және индустриялық әлеуетімен және инвестиция тартуға қолайлылығымен ерекшеленеді. Мұнда кейінгі кезде мемлекеттік бағдарламалар аясында алып жобалар жүзеге асырылып, аймақ өнеркәсібі өркендеген өңірге айналды. Солардың бірі әрі бірегейі Шу өңірінде іргетасы қаланған «Тараз химиялық паркі» экономикалық аймағы болатын.

Асқар Алатаудан бастау алатын Шу өзенінің қос қанаты ежелден-ақ жергілікті жұрттың құтты қонысы болған. Ұлы Жібек жолының бойындағы үлкен мәдениеттің ошағы болған өңір тәуелсіздік жылдарында жылдам түрленді. 2012 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен аудан аумағында «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары басталған болатын. Келелі жоспардың келешегі туралы сол кездегі «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Ердебай Үкімет отырысында таныстырған еді.
Аталмыш серіктестік шығаратын гербицид және глифосат өнімдері болса, ТМД елдерінің ауыл шаруашылығы саласында үлкен сұранысқа ие. Бұл өнімдер нарыққа 2019 жыл-дан бастап шығарылған. Екі өнім де егіншілікке жарамды жер-лерді арамшөптен арылтудағы тиімділігі мен экологиялық залалсыздығына байланысты ірі агроқұрылымдардың тарапынан үлкен қолдауға да ие болған. Әзірге гербицид пен глифосат «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында шығарылатын бренд болып отыр. Айта кету керек, дәл осындай өнім Павлодар облысы мен Степногорск қаласында ғана шығарылады екен.
Тағы бір айта кетерлігі, Шу ауданында өндірілетін химиялық өнімнің нарықтағы бағасы өзге өнімдерге қарағанда едәуір төмен. Сонымен қатар шаруалар сатып аларда өнімнің 20 пайызын, жылдың соңында қалған 80 пайызын төлеуіне болады. Аталған екі өнім «ХИМ-плюс» ЖШС-нің алғашқы жобасы аясында жүзеге асып отырғанын айта кету керек. Бұдан бөлек, серіктестіктің каустикалық сода мен хлор өндіруге арналған екінші жобасы да бар. Кәсіпорын толық қуатында жұмысқа кіріскенде, жылына 10 мың тонна глифосат пен 40 тонна каустикалық сода өндірмек. Бұл өз кезегінде республиканың егін шаруашылығындағы химиялық өнімдерге деген қажеттілікті қамтамасыз етуге септігін тигізері сөзсіз. Ең бастысы, еліміз жаңа химия кәсіпорнының өнімі арқасында импортқа деген тәуелділіктен құтылып, химиялық өнімдерді алуға жұмсалатын қыруар қаржыны үнемдеуге және отандық өнімді экспортқа шығару арқылы қыруар табыс табу мүмкіндігіне ие болмақ.

Серіктестік басшылары өнімнің сапасына көп мән беріліп жатқанын айтады. Демек, облысымыздан шығатын химиялық өнім көп ұзамай-ақ өзінің тұрақты тұтынушыларын табатыны даусыз. Оның үстіне серіктестік әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие химия өнімдерін шығару үшін екінші жобасын жүзеге асырғалы отыр. Сондай-ақ дайын өнімді тасымалдау жұмыстары да қиындық туғыза қоймайды. Өйткені «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының Шу өңірінде орналасуының өзі – алдын ала ойластырылып, жан-жақты зерттелген мәселе. 505 гектар аумақты алып жатқан экономикалық аймақ «Тараз-Шу» бағытындағы теміржол мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізіне шығатын «Меркі-Бурылбайтал» автодаңғылынан 5,8 шақырым ғана жерде орналасқан.
Өткен жылы облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында өткізген жиында біраз мәселелерді қозғағаны есімізде. Инвесторлармен бейнебайланыс арқылы жоспарланған жобаларды талқылап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған өңір басшысы: «Инвестицияларды тарту үшiн біз инвесторларға өз ісін өрге басқызуына қолайлы жағдай жасап, экспорт-импорт алмастыратын, бағдарланған жоғары технологиялы және бәсекеге қабілетті түрлі өнім шығаратын өндiрiс орындарын ашуына мүмкіндік туғызуымыз керек», – деген болатын.
Сонымен қатар ағымдағы жылы аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов «Tas Market» ЖШС басшылығымен кездесіп, тараптар «Тараз химиялық арнайы экономикалық паркі» аумағында қуаттылығы жылына 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін жететін ферросилиций, ферросиликомарганец, техникалық кремний, түсті металдар өндіретін металлургиялық зауыт құрылысы жобасының жүзеге асу барысын талқылады.
Бүгінде «Tas Market» ЖШС серікте-сі – «Xinjiang Jingweike New Energy Development Co., Ltd.» компаниясымен «Тараз химиялық паркі» АЭА аумағында тек металлургиялық зауыттың ғана емес, басқа да кәсіпорындардың қажеттіліктеріне сәйкес қуаттылығы 700 МВт/сағ электр станциясын салуды көздеп отыр. 2026 жылға дейін іске асуы жоспарланған жобаның жалпы құны 50 миллиард теңгені құрайды. Жоба жемісін берсе, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Сондай-ақ биыл облыс төрінде өткен «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында өнеркәсіп бағыты бойынша қонақтар Шу ауданындағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында бас қосып, мұндағы инвестициялық жобаларды дамыту бойынша кеңес өткізді. Сол кезде облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров аймаққа тіркелген жобалардың аяқ алысы туралы айтып, қызығушылық білдірген шетелдік инвесторларға аймақтағы инфрақұрылым барысын таныстырып, «Тараз химиялық паркі» АЭА басқарма төрағасы Қайрат Мұқамбетқалиев алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірқатар жобаларды атап, оларға экономикалық аймақ тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерге тоқталған еді. Ал «QazIndastry» АҚ бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арыстанбек Сағиев өз баяндамасында кәсіп ашуға ниетті инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектердің жай-жапсарын түсіндірді.
«Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы заманауи жоғары өнімді, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейін қалыптастыру, инвестициялар тарту, экономиканың басым салалары мен өңірлерге жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында құрылған.
Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 249,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру үшін 5 қатысушы тіркелген. Олардың қатарында геосинтетикалық мембраналар, натрий цианиді және ферросилиций өндіру жобалары бар. Онда 2000 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.
Өз кезегінде облыс әкімінің бірін-ші орынбасары Нұржан Календеров «Тараз химиялық паркі» АЭА дайын инфрақұрылымы бар өнеркәсіптік алаң екенін, онда қатысушыларға салықтық және кедендік жеңілдіктер берілетінін атап өтті. Сондай-ақ Венгрия мен Пәкістан мемлекеттерінен және еліміздің өзге де өңірлерінен келген инвесторларға экономикалық аймақтың қолайлы географиялық орналасуы, қоңыржай климаты және көлік-логистикалық әлеуеті қолайлы екенін жеткізген еді.
– Біз арнайы экономикалық аймақ аумағында өз жобасын іске асыруды жоспарлаған кез келген инвесторларға жәрдемдесуге дайынбыз. Қазіргі уақытта аймақта қуаттылығы 600 МВт жел электр станциясын салу және басқа да қатысушылардың жобаларына төмендетілген баға бойынша энергия беру міндеттемесін алған «Тас Маркет» ЖШС жобасын іске асыру жоспарлануда. Бұл аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп санаймын, – деген болатын Нұржан Сәбитұлы.
Сондай-ақ өткен аптада өңірге жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов: «Тараз химиялық паркіне» барып, экономикалық аймақтың қызметімен танысты.
– «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында нысанға электр желілері тартылған. Енді алдағы уақытта су құбырын тарту және теміржол инфрақұрылымын жабдықтау жоспарланып отыр. Біз бұл жобаларды қолдаймыз және жетіспейтін инфрақұрылымды тарту бойынша жұмыс- тарды жалғастыратын боламыз», – деген еді өз сөзінде Премьер-Министр.
Бәрімізге мәлім, отандық пияздың 75 пайызы Жамбыл облысында өндіріледі. Бұл көлемнің жартысынан көбі Шу ауданына тиесілі. Облыстың бақша дақылдарының 65 пайызын да аталған аудан қамтамасыз етіп отыр. Сонымен бірге аудан – қант қызылшасы және мақсары үшін де қолайлы өңір. ҚР Су шаруашылығы ҚазҒЗИ жоспар-ларына сәйкес, Шу ауданында суармалы жер көлемін 24,8 мың гектардан 60,5 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Осыған сәйкес, болашақта Жамбыл облысының барлық суармалы жерлерінің 30 пайызы ауданның үлесіне тиесілі болады. Бұл «Тараз химиялық паркі» АЭА әлеуетін агроөнеркәсіптік кешенде пайдалануға мүмкіндік береді. Пияздың, қант қызылшасының, бақша дақылдарының (қарбыз және қауын), сондай-ақ суды үнемдеу технологияларын (тамшылатып суару) пайдалана отырып, майлы дақылдардың (мақсары) тиімді ауыспалы егісін пайдалана отырып, жекелеген өнімдер бойынша азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізуге, сондай-ақ облыстың және жалпы өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға болады. «Тараз химиялық паркінің» базасында ұйымдастыруға болатын ауыл шаруашылығы өндірістері, қант қызылшасы, малға арналған қант және жемшөп қоспалары, басты пияз және кептірілген пияздан, бақша дақылдарын консервілеу зауыттары, мақсары май және жем өнімдерін өңдеу жоспары тұр. Аталған жоспарлар Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесіп, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылады деп күтілуде.
Шу бойы ежелден бүкіл әлемге өзінің жабайы қарасорасымен де танымал. Аталған алқаптың аумағы 684 гектарды құрайды екен. Мұны аудандық прокуратура анықтап отыр. Ал ауданда есірткіні көлеңкелі кәсіп түріне айналдырып алған азаматтар жиі кездеседі. Шу ауданы прокуратурасының прокуроры Қуаныш Малдыбаевтың айтуынша, былтыр есірткінің заңсыз айналымына қатысты 45 қылмыс жасалса, биыл 41 дерекке кеміген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесімен қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 24 пайызға төмендеді. Жол-көлік оқиғалары мен зардап шеккендердің саны 83 пайызға, қаза тапқандардың саны 73 пайызға азайған.
«Мемлекеттік құрылымдарының барлық күш-жігеріне қарамастан, егер қарасора егістікте қалса, оның заңсыз айналымы әрқашан болады. Қарасораны медициналық мақсатта қайта өңдеу қызметін енгізу, оның заңсыз айналымына қарсы күрестің тиімді жолдарының бірі болуы мүмкін», – дейді мамандар. Мәселен, Өзбекстан елі 2020 жылдан бастап медициналық қарасора өсіріп, пайдаланып келеді. Аймақтың әлеуетті мүмкіндіктерін ескере отырып, «Тараз химиялық паркінің» әлеуетін пайдалануға болады. Осылайша, бұл мәселені инвесторларды тарту және жоғары құны бар экспортқа бағытталған дайын өнім өндірісін ұйымдастыру мүмкіндігіне айналдырады. Есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі бағдарламалар шеңберінде «Тараз химиялық паркі» АЭА аумағында пилоттық жоба ретінде қарасора өңдеу және медициналық препараттар өндіру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мүмкіндігін қарастырады.
«Тараз химиялық паркі» АЭА бастапқыда газ өңдеу өндірісіне жобаланған. АЭА-да тұтынылатын газдың 85 пайызы метанол, аммиак және басқа да ұқсас өнімдерді өндіру үшін пайдаланылуы көзделген. Қазіргі таңда АЭА-ның дамуы, газды қайта өңдеу жөніндегі «зәкірлік» жобаны іске асыруға байланысты. Бүгінде жобаны жүзеге асыру үшін Yuxing Info Investment «Holding Limited» (ҚХР) компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Сонымен қатар «Электрмен жабдықтау», «Газбен жабдықтау» секілді инфрақұрлымдық объектілер пайдалануға берілгенімен, резервтік трансформатордың жұмыс істемей қалуынан тұралап тұр. Десе де, ағымдағы жылы мұны аяқтау жоспарда бар. Сондай-ақ «Сумен жабдықтау», «Кәріз» қатарлы инфрақұрылымдық объектілер келер жылға өтпелі. Жауаптылар мұны бастапқыда жоспарланған жобалардың шикізат базасының болмауы, инфрақұрылым объектілерінің аяқталмауы, газ бен электр энергиясының қажетті көлемінде берілуіне кепілдіктің болмауы, қызметтің басым түрлерінің шектеулі болуы, сондай-ақ оларды кеңейтудегі қиындықтар және еңбек нарығында білікті қызметкерлердің болмауы қатарлы себептермен түсіндіреді.
Дегенмен ауқымды жобаны жүзеге асыру өз жалғасын таба бермек. «Тараз химиялық паркі» инвестициялық жобаларын іске асыру аясында 2023, 2024, 2025 жылдарға жоспар жасалған. Өткен жылы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шартқа қол қойылып, АЭА аумағында темір жолына қол жеткізу мүмкіндігі бар 6 гектар жер учаскесін беру бойынша жұмыстар жүргізіле бастады. Сонымен қатар «Qazgeomax» ЖШС компанияның өз қажеттіліктері үшін геосинтетикалық мембраналар өндірісі жұмысын бастамақ. Сондай-ақ «AlmaEnergy» ЖШС «Тараз химиялық паркі» құрылыс герметиктерін өндіру, уретан тиол синтезі және тұрмыстық химия өндірісін қолға алмақ. Жоба құны 1 миллиард теңгені құрайды.
2022 жылдың тамыз айында «Tas Market» ЖШС «Тараз химиялық паркі» аумағында ферросилиций өндіру зауытын салу ниетімен жүгінді. Десе де, АЭА қызметінің басым түрлерінің тізбесінде «шойын, болат және ферроқорытпалар өндірісі» сияқты қызмет түрі жоқ болғандықтан, жалпы өңірді дамыту үшін маңыздылығына байланысты АЭА қызметінің басым түрлерінің тізбесіне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы ҚР ИИДМ-не хат жолданған. Жоба арнайы комиссиямен мақұлданып, республикалық бюджет комиссиясының рәсімінен өтуін күтуде.
2021 жылғы сәуірде өнімділігі жылына 25 000 тонна натрий цианидін өндіру зауытын салу жобасы бойынша «Altynalmas Reagents» ЖШС-мен АЭА қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шартқа қол қойылып, ауданы 12 га қайталама жер пайдалану (субаренда) бойынша жер учаскесі бөлініп, инженерлік желілерге қосылуға техникалық шарттар берілген болатын. Қазіргі уақытта жобалау сатысында тұр. Кешен аумағына «ЭТК «КазСланец» ЖШС сұрыпты бидай дәнін терең өңдеу бойынша биотехнологиялық кешен салу жоспарда. Өнім – бидай глютені, биоэтанол және сұйытылған СО2. Бидай дәнінің өнімділігі жылына 125 000 тоннаны, жоба құны 33 500 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда жоба кешеннің құрылыс регламенті, қаржыландыру тәртібі, жабдықты тасымалдау және орнату жұмыстарын жүргізу жұмыстарын «Завком-Инженеринг» ЖШҚ өз мойнына алмақ. Әрі «РэнЭлл» ЖШС Тараз қаласында көпсалалы аурухана салу жобасын жүзеге асыруда. Бұған Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) және Travel Co. Ltd. компаниясы көпсалалы аурухана құрылысы және пайдалану туралы мандаттық келісімге қол қойды.
Жалпы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы инфрақұрылым салуды көздейді. Оның негізгі міндеті – АЭА жобасына жаңа қатысушыларды тарту, оларға ақпараттық және консультациялық қолдау көрсету, инфрақұрылымға қызмет көрсету, жобаға қатысушыларына қызметтер, жұмыстар мен шикізат ұсыну.
Бүгінде «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында 9 ірі жоба жүзеге асырылмақ. Аталмыш кәсіпорындар өз жұмысын бастағанда, мыңдаған адамға тұрақты жұмыс орны ашылатыны белгілі. Оған қоса, химиялық парктің шығарған өнімдері негізінде өңіріміздегі көптеген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жұмысы жаңаша қарқын алатыны да сөзсіз. Айта кету керек, Шу ауданы аумағындағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы сияқты мега жобаның жүзеге асырылуы жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, инфрақұрылымын, халықтың әл-ауқат деңгейін біршама өзгертіп, айтарлықтай оң өзгерістердің орын алуына әсер етеді. Сондай-ақ экономикалық аймақтағы барлық кәсіпорын толық қуатында іске кіріскенде өңірімізбен қатар, тұтас республиканың экономикалық өсімге қол жеткізуіне үлкен серпін беретіндігі даусыз.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.