Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халықтың табысы мен тұрмысын жақсарту – басты міндет

0 206

    Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысының әкімдігінде кеңейтілген мәжілісінде халықтың табысы мен тұрмысын жақсарту мәселесі қаралды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.      

    Жамбыл облысында тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 104,6 пайызды  құрады. Бұл туралы облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде айтылды. Жиынға барлық деңгейдегі әкімдер, шаруа қожалық басшылары, кәсіпкерлер мен депутаттар және ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жыл басынан бері барлық салада оң динамика қалыптасып отырғанын, жыл қорытындысымен де жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қарқынды жұмыстарды жалғастыру керектігін баса айтты.

Жиында облыс әкімінің орынбасарлары әр сала бойынша есеп беріп, өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Жаңа оқу жылына 5 білім нысаны пайдалануға беріліп, 1 апатты,1 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы, 2 тозығы жеткен мектеп мәселесі шешілді.

Жыл соңына дейін 3 жаңа мектеп пен 3 мектептің жапсарлас құрылысы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, облыс бойынша 12 жекеменшік мектеп ашылды. «Асарлатып үй салу», «Таразға тарту», «Жомарт түлек», «Мейірім», «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобалары сәтті жүзеге асуда. Халық арасында өз тиімділігін көрсетуде.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,5 пайызды құрады. Өнеркәсіп құрылымындағы 74,3 пайызы негізгі үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, мұндағы өсім 5,6 пайызды құрап отыр. Соңғы 9 айда аймаққа 266,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артты.

– Бірнеше ауданда  кешеуілдеп іске асып жатқан  жобаларды аймақ басшысы жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Облыста биыл құрылыс саласы бойынша 68,7 млрд. теңгеге 230 жоба іске асырылуда. Жыл соңына дейін 172 нысанды тапсыру жоспарланса, қалған 59 нысан келер жылға өтпелі.

Кейбір аудандарда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру жұмыстары әлсіз жүргізілуде. Облыс әкімі дайын жерлерге инфрақұрылым тартып, тұрғындарға беру ісін аудан әкімдері тездетіп қолға алу қажеттігін тапсырды.

Биыл 171 млрд. теңгеге 31 жоба жоспарланып, жалпы 78,2 млрд. теңгенің 13 жобасы іске асқан. «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 175 жоба 56 миллиард теңгеге несиелендірілген.

Жыл басынан бері 309 миллиард теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндірілген. Ағымдағы жылы осы саланы субсидиялауға 18,8 миллиард теңге қаржы бөлініп, бүгінгі күнге 16,4 млрд. теңгесі игерілді. Жыл басынан бері 1219 дана ауылшаруашылығы техникасы жаңартылды.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түрінің 3 айлық қорын жинау тапсырмасы 108,9 пайызға орындалды.

Үкімет тапсырмасына сәйкес халық санағын 1 қарашаға дейін аяқтау жөнінде тапсырма берілді.

– Жайылым жерлердің мәселесін шешу қажет. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлығы дерлік өзімізде өндіріледі. Сондықтан, бұл азық-түліктермен өзімізді қамтуға тиіспіз. Оған біздің әлеуетіміз жетеді, – деген аймақ басшысы жауаптыларға осы бағытта нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Бердібек Сапарбаев мемлекеттік бағдарламалар мен «Асарлатып үй салу», «Жомарт түлек» жобаларының орындалуы бойынша бірқатар аудан және ауылдық округ әкімдерінен жеке-жеке жауаптар алды. Кемшіліктерге қатысты сын-ескертпелер айтып, нәтиже шығаруға нақты уақыт берді.

– Тапсырмалардың барлығы сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. «Таразға тарту» секілді жобалар алдағы уақытта да жалғасады. Келер жылы Сарысу ауданында «Жаңарған Жаңатас» жобасы жүзеге асады. Бұл игі бастама барлық аудандар да қолға алынады.

Халықтың денсаулығы басты назарда. Сондықтан, барлық деңгейдегі әкімдер  екпе алу жұмыстарын жалғастыру керек. Ауылшаруашылығы, құрылыс және тұрғын-үй жұмыстарын жеделдету маңызды, сапаға баса мән беру қажет. Аудан әкімдері алдын ала дайындалған ауылдарға емес, тосыннан барып барлық ауылдарды аралап  нақты жағдайды біліп отыру тиіс,- деді облыс әкімі.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.