Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Халық түсінбей қалды»: Азамат Батырбаевпен кездескен депутаттар күдіктіге сұрақ қоймағандарын мәлімдеді

0 482

   Талдықорғанда тәртіпсіздіктерге қатысты деген айып тағылып, қамауға алынған Азамат Батырбаев өзінің тергеу изоляторында азапталғанын айтқан. Жақында ауруханада жатқан Батырбаевпен депутаттар кездесіп, бірнеше сауалдарын қойған. Дегенмен депутаттардың адвокаттың қатысуынсыз Азамат Батырбаевты тергеуге алғандары көптің наразылығын тудырды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Талдықорғандағы тәртіпсіздіктерге қатысты деп қамауға алынған Азамат Батырбаевтың ісі әлі тергеліп жатыр. Тергеу изоляторында азаптап, денесіне ыстық үтік басқандардың да ісі Бас прокуратураға жіберілген. Азамат қазір ауруханада ем алуда.
Азаматпен кездесуге екі депутат ауруханаға арнайы келген. Халық қалаулылары күдіктіге бірнеше сұрақтар қойған.

«Жасаған істерге өкінесіз бе?» деген депутаттар сауалына Азамат өкінетінін айтып, жауап берген.

Алайда Батырбаевпен кездескен мәжілісмендер Ерлан Смайылов пен Берік Бекжанов сынның астында қалды. Белсенділер қорғаушының қатысуынсыз тергеуге алған депутаттар орындарын босатсын деген талап қойған. Ал Батырбаевтың қорғаушысы Бауыржан Азан Ерлан Смайылов пен Берік Бекжановтың үстінен арыз жазбақ.

«Азаптағаны, үтік басып қинағаны рас»: Адвокат Назарбаевтың ескерткішін құлатты деп айыпталған жігітке қатысты тың деректермен бөлісті

«Өздері сондай заң бар екенін біледі. Қылмыстық процессуалдық кодексінің бекітілген тәртібі, талаптары бар. Оны білмейді дегенге мен сенбеймін. Сонда олар қалайша Мәжілісте, заң және құқықтық реформа жайлы комитетте мүше болып отыр? Мұндай депутаттар мандаттарынан айырылуы керек», – деді Азамат Батырбаевтың қорғаушысы Бауыржан Азан.

Ал депутаттар халық бізді түсінбеді деп ақталды. Олардың сөздерінше, мәжілісмендер Талдықорғанға жаппай тәртіпсіздіктерден кейін зардап шеккендердің жағдайын білуге барған екен. Ал Батырбаевқа сауалды журналистер қойған дейді.

«Мұқият қарасаңыз, видео монтаждалған. Маскамен тұрғандықтан, сұрақты біз қойып тұрғандаймыз. Азаматқа арыз-шағымы жоқ па, соны білу үшін барғанбыз. Халықтың хал-жағдайын сұрауға барамыз деп басымыз дауға қалды», – деді Ерлан Смайылов.

«Ондай сұрақ біздің тарапымыздан қойылған жоқ. Біз мұндай сұрақ қоюға болмайтынын жақсы білеміз. Жанымызда тұрған жігіт сұрақтарын қоя бастады. Мұның барлығы жылдам болды. Бұдан кейін ескерту жасап, осы тектес сұрақ қоюға болмайтынын айттық», – деп қосты Берік Бекжанов.

Іс сапарға Бекжанов пен Смайыловтан бөлек құқық комитетінің төрт депутаты барған. Олар журналистердің өз кінәларын мойындағанын айтады. Енді қос депутат журналистен телеарнадан ел алдында кешірім сұрауын талап етпекші.

Айта кетейік, бұған дейін Азамат Батырбаевты азаптау фактісі бойынша қылмыс іс қозғалғаны туралы хабарлаған едік. 37 жастағы азамат Талдықорғандағы тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікпен ұсталған.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.