Қалалық қоғамдық-саяси газет

Гүл өсіру – үлкен мәдениет

0 2  414

Үй гүлдерін өсіру қайта сәнге айналып келеді. Әсіресе, дизайнерлер үйді ерекше етіп сәндеуде құтыдағы гүлдерді қолдануға кеңес береді. Алайда алдымен кейбір гүлдердің қауіпсіз екендігіне көз жеткізгеніңіз абзал. Үйде қандай гүлдерді өсіруге болмайды? Осы жағын ойланып көрдіңіз бе? Аллергия тудыратын немесе жағымсыз көңіл-күй сыйлайтын гүлдер де жеткілікті. Біз бүгін бөлме гүлдерінің күтімі мен үйдің ішінде өсіруге болмайтын гүлдер туралы айтамыз.

Арайлым Шабденова

Әсем гүлдер үйдің сәнін келтіріп қана қоймай, адам жанына жылылық ұялататын қасиетке ие. Гүл ерекше күтімді қажет етеді. Қарапайым үй жағдайында гүл өсіру үшін оның әдіс-тәсілдерін жақсы білген жөн. Әсіресе, қыстың келуімен бөлме өсімдіктерінің көпшілігі ауырады және солады. Әр өсімдікке жекелей қарап, көмектесу керек. Алайда төмен ылғалдылықтан және ауа температурасының түсуінен барлық бөлме өсімдіктері бірдей ауырады. Оны қалай өсіру керек, қаншалықты жарық, жылу керек? Осы сынды түрлі сұрақтарға жауап бере отырып, гүл өсірудің қыр-сырына тоқталайық.

Бала секілді күтімді қажет етеді

Жер ананың қойнауы еріп, жер-көкке тіршілік кіргеннен адамзат баласы бақшаның қамына кірісіп, тал-дарақтардың жайымен қатар бөлме гүлдеріне де аса мән беріп, оларды жаңартады. Ал бөлме гүлдерінің қыр-сырын білетін, олардың қайсысы улы, қайсысының денсаулыққа пайдасы барын осы салада 12 жыл жұмыс істеген кейіпкерімізден сұрауды жөн көрдік. Жарқын Тульмаганбетова 2007 жылдан бері «Жасұлан-Флора» ЖШС-інде жұмыс істейді.

Гүлдердің қыр-сырын бала күнінен меңгерген ол: ««Етікші етікке жарымайды» демекші, мен үйде тек 4-5 гүл егемін. Барлық гүлдерді жұмыста баптап, бағып, аялап өсіргендіктен, өз шаңырағымда гүлге қызықпаймын» – дейді. Сонымен қатар гүл өсіруші бөлме гүлдері мен кеңсе гүлдерін айырудың, оның денсаулыққа пайдасы жөнінде де әңгімелеп берді.

– Жалпы бүгінгі таңда дүкенге келіп, сыйлық ретінде бөлме гүлдерін сыйлау, тіпті тойбастарға гүл беру жамбылдықтардың арасында сәнге айналып келеді. Ол – қуантарлық жайт. Сондай-ақ гүл өсірудің қыр-сырын білгісі келетін азаматшалар дүкенге арнайы келіп, кеңестер де алып жатады. Ең маңыздысы, гүл бала секілді күтімді қажет етеді, – дейді Жарқын Шубайқызы.

Сонымен қатар маман көп сатылымдағы және сұранысқа ие гүлдердің қыр-сырымен бөлісті. Мәселен, хлорофитум – ең пайдалы бөлме гүлдерінің бірі. Хлорофитум тұқымдасына жататын өсімдіктердің 215-ке жуық түрі бар. Жапырақтары қияқ тәріздес, гүлдері ұсақ, төрт күлтелі, ақ түсті болады. Жапырақтары уытты заттарды жұтып, ауаны тазартады. Мамандар бұл гүлді, әсіресе, ас үйде және жатын бөлмеге қоюға кеңес береді.

Ала жапырақты хлорофитумды жарық мол түсетін жерге қою керек. Ал жасыл жапырақтысы көлеңкеде де өсе береді. Құрғақ, ыстық ауада жапырақтарының ұшы қоңырқай тартып, қурап кетуі мүмкін. Сондықтан да су бүркіп тұруды ұмытпағаныңыз жөн. Бұл гүл жазда жиі, қыста сирек суаруды қажет етеді. Әдемі жапырақтыларға арналған тыңайтқышпен көктемнен күзге дейін екі аптада бір рет қоректендіру қажет.

Хамедорея – пальма ағашының ең ірі түрі. Оның жүзден астам түрі бар. Мамандар бұл гүлді тас жолға жақын маңда орналасқан үйлерде өсіруге кеңес береді. Өйткені хамедорея тас жолдан және машиналардан бөлінетін бензол, трихлорэтилен сынды зиянды заттарды жұтады. Үй жағдайында хамедореяның Мексика мен Гватемалада өсетін түрлерін өсіреді.

Бұл хамедореяның биіктігі 2 метр, әр сабағында алты-жеті қанат тәрізді жапырақтары болады. Хамедорея үй жағдайында өсіруге өте ыңғайлы өсімдік, көп күтімді қажет етпейді, бірақ баяу өседі. Жаз кезінде оны балконға немесе аулаға шығарып қою қажет.

Тек өткір күн сәулесінен және желден қорғау керек. Жазда жиі, қыста сирек суарылады. Нау-рыз-тамыз айларының аралығында сұйық тыңайтқышпен қоректендіруді ұмытпағайсыз.

Қазтамақ бөлме гүлінің 280 түрі бар. Сабағы тік, сыртын түк жапқан. Қазтамақ илік заттарға бай, оның гүлдерінің құрамында, сабағында танин, бояғыш заттар, кальций мен каротин, С дәрумені мен геранин (эфир майы алынады) бар. Қазтамақтың емдік қасиеті болғандықтан, оны дәрі ретінде қолдануға да болады. Қазтамақтың тамырынан немесе кепкен шөбінен алынған тұнбаны бүйрекке байланған тасты ерітуге, буын мен бұлшық еттің ауруы мен сегізкөзді емдеуге, сондай-ақ бас-памен ауырғанда тамақ шаюға, сүйек сынғанда ванна жасауға, түсе бастаса, шашты жууға пайдаланады.

Кейбір түрлері әсемдік үшін де өсіріледі. Мамандардың пайымдауынша, қазтамақ тұрған бөлмеде ұрыс-керіс болмайды екен. Ал ұрыс бола қалған жағдайда өсімдік адамның жүйке жүйесіне әсер ететін зат бөлу арқылы, ұрысып қалғандарды тез татуластырады екен. Жарық сүйгіш. Жаз айларында аулада күн астында өсіруге болады. Топырағының беті құрғаңқырағанда суарып тұру қажет.

Сансевиерия бөлме гүлінің 66 түрі бар. Бұл гүл адам ағзасының белгілі бір климатқа бейімделуіне көмектеседі және иммунитетті күшейтеді. Сондай-ақ бөлмедегі ауа қысымын және ылғалдылықты реттеп отырады. Бөлмеде төселген линолеумнен бөлінетін уытты заттарды жоятын қабілеті бар. Сансевиерия тұмау тиюден қорғайды. Бұл бөлме гүлі жарық таңдамайды. Күн көзінде де, көлеңкеде де өсе береді. Жылына 2-3 рет қайта отырғызуды ұмытпағайсыз. Жаз айларында жиі, қыс мезгілінде сирек суару қажет.

Фикус – ең көп таралған бөлме гүлі. Оның 1500-2000-ға жуық түрі бар. Бұл гүл бөлмедегі көмірқышқыл газын жұтып, оттегіні бөледі. Сондай-ақ бөлме ішін ылғалдандырып, уытты заттардан тазартады. Жапырақтары арқылы бөлме ішін шаң-тозаңнан сақтайды. Оттегіні күндіз бөліп, түнде жұтатын қабілетке ие фикус-ты жатын және балалар бөлмесіне қоймағаныңыз абзал. Мамандар фикусты ас бөлмеге немесе терезесі тас жолға қарайтын бөлмелерге қоюға кеңес береді.

Жылдың барлық мезгілінде бірқалыпты суару қажет. Суаратын судың бөлме температурасы деңгейінде жылы болғаны ләзым. Жапырақтарын дымқыл матамен сүртіп тұру керек. Ол фикусқа әрі ылғалдылық беріп, әрі жапырақтарын шаңнан тазартады. Ұсақ жапырақты фикустарға су бүркіп тұру қажет. Фикустың барлығы шіріген көң мен құнарлы топырақты ұнатады. Көктем кезінде топырағының беткі қабатын тазалап алып, жаңа топырақ салып тұрған абзал.
Лимон – цитрустар тұқымдасына жататын мәңгі жасыл ағаш.

Оның жабайы түрі болмайды, қолдан өсіріледі. Биіктігі 3-7 метрге жетеді. Бұтақтары тікенекті. Жапырағының жоғарғы ұшы үшкірленген, пішіні жұмыртқа тәрізді, шеттері ара тісті болып келеді. Лимон С дәрумені және темір, эфир майы, кальций, калийге бай. Лимонның жемісін шырын және лимон қышқылын алуға пайдаланады. Мамандардың айтуынша, лимон жапырағының 85 емдік қасиеті бар екен. Лимон өсетін бөлмеде түрлі бактериялар мен ауру туғызатын таяқшалар болмайды екен. Сондай-ақ мамандар қан қысымы жоғары адамдарға үйінде лимон өсіруге кеңес береді.

Әдетте үй өсімдіктерін өсірушілер оған суды көп құяды, соның салдарынан тамыры шіриді екен. Судың температурасы бөлме температурасына шамалас немесе одан 5-7 градус жоғары болуы керек. Өсімдікке су құйғанда, топырақтың түйіршіктері жібіп, су ыдыстың түбіне ағуы қажет. Тығыз топыраққа отырғызылған өсімдіктің аққан суы сол бойда, ал жеңіл топырақтың артық суын 30 минуттан немесе 1 сағаттан кейін төгіп тастайды екен. Кейбір ылғал сүйетін өсімдіктердің табандығында үнемі су жатқаны дұрыс екен.

Гүл өсірудің өзі – бір әлем  

Өзінің хоббиі ретінде гүл өсіретін Гауһар Сүйіндік бүгінде 30-дан астам гүл түрін үйінде баптайды екен. Бала күнінен әсемдікке жаны құмар ол келін болып түскен шаңырағында да гүл өсіретін жандардың ортасына түскеніне қуанышты.

– Мен бала күнімнен қырдың гүлдерін, даланың жұпар иістілерін жинайтынмын. Олардың тасты жарып шығатыны қызық болатын. Ес білгеннен кейін бөлме гүлдерімен әуестендім. Осыдан 1,5 жыл бұрын келін болып түскен шаңырақта гүлдердің 50-ге жуық түрін көріп, анамның (енем) бұл саладағы білімімен бөлісіп, 20-ға жуық гүл отырғыздық.

Ең алғаш келін болып түскен күні анам «Әйел бақыты» гүлін тарту етті. Оны бөлмеге қойып, баптап өсірдім. Ең алғаш бірден 3 ақ гүл ашқан болатын. Сол кезде гүлге қарап тұрып үлкен гүлді жарым, қасындағысын өзім деп, кішісін болашақ сәбиім деп атау қойдым. Аллаға шүкір, бүгінде сол кезде бүршік жарып ашқан гүлім деп сенген баламды құшағыма алдым.

Мен сол кезде әр гүлдің өз қасиеті бар дегенге тағы да көз жеткіздім. Жалпы анамның енесі де гүлдермен айналысқан екен. Әңгіме барысында ол кісі келін болып түскенде де енесі бөлме гүлдерімен сөйлесіп, оларды баптау, күту барысында жасайтын құпия-сырларын анама айтқан екен. Бұл үрдісті ұрпақтар сабақтастығы дер едім. Өйткені сол кездегі енемнің енесі берген білімді менің енем маған айтып отыр. Анамның жұмыс бөлмесінде де 15 шақты гүл бар. Қыста біраз гүліміз ауырып, бүгінде 50 гүлден 25 гүл ғана қалды. Алдағы уақытта гүлдерді көбейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді жас келін Гауһар Еділқызы.

Расында, бүгінде үй жағдайында гүл өсірушілердің қатары артпаса, кеміп жатқан жоқ. Ал сіздер бөлме гүлдерінің ішінде улы гүлдердің барын білесіздер ме? Мәселен, диффенбахия– улы өсімдік. Сыртынан қарағанда, үш өлшемді сары-жасыл жапырақтары гүлді өте әдемі етіп көрсетеді. Бірақ бұл гүлдердің жапырақтарының шырыны адам мен жануарлар үшін өте зиян. Диффенбахия шырыны ішке түскен жағдайда тері тітіркеніп, күйіп қалуы мүмкін.

Олеандр – гүл өсірушілерді ашық түсті, хош иісті экзотикалық гүлдерімен тартады. Бірақ, шын мәнінде, олеандр гүлі өте зиян. Оның хош иісі адамның басының айналуы мен әлсіздігіне алып келеді. Сүттіген тәрізді гүлдер әртүрлі формалар мен түрлерге ие, тіпті кейбіреулері кактусқа ұқсас. Бұл гүлдің тікенектері қауіпті, сондай-ақ сабақтары мен жапырақтарындағы шырыны денені күйдіріп жіберуі мүмкін. Егер гүлдің улы шырыны адам ағзасына түссе қатты уландыратындай күшке ие.

Жоғарыда айтылған гүлдердегідей, кротон шырыны денені күйдіреді. Сыртынан қарағанда жай үй гүлі болып көрінгенімен, негізінде улы өсімдік. Сондықтан дүкеннен ұзын жапырақтары бар кішкене ағаш тәрізді гүлді көрсеңіз, оны сатып алуға асықпаңыз. Алдымен сатушыдан гүлдің атын сұраңыз. Азалия – өзінің әдемі әрі көлемді гүлдерімен танымал. Сондықтан көп бағбандар өз бақтарында гүлдің осы түрін өсіргенді ұнатады.

Бірақ Симс Азалиясы мен Үнді Азалиясы ағзаға түскен жағдайда талма мен ішек ауруын туғызатынын біліп жүріңіз. Жиырылғыш мимоза – жұқа сабақты, шағын жапырақтары бар өсімдік. Мимозаның қасында ұзақ отыруға болмайды. Себебі бұл гүлдер адамның шашына зиян келтіріп, шаштың қатты түсуіне алып келеді. Монстера – Қазақстанда әдемі бөлме гүлдері ретінде өсірілсе, отанында оны тағам, дәрі-дәрмек ретінде қолданады.

Оның үлкен жапырақтары күтім жасауға өте ыңғайлы. Бірақ оны үйде ұстамағаныңыз дұрыс. Себебі бұл гүлдің шырыны теріні күйдіреді, көзге және ас қорыту жүйесіне қауіпті. Сондай-ақ адениум, филодендрон, примула, стеллера, паслен және трихоцереус сияқты өсімдіктерді үйде өсіру қауіпті.

Түйін: Бүгінгі таңда ер адамдарға да гүл сыйлауға болады. Олар «Ер бақыты», «Доллар гүлі», тағысын тағы. Әр гүлдің өзіндік қыр-сыры бар. Қауызын ашқан әсем гүлдің барлығы денсаулыққа пайдалы емес. Гүл сатып аларда не сыйға алсаңыз, оның атауын және күтімін мұқият білгеніңіз абзал.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.