Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Футболшылар алатын қаржының жартысын MMA-ға берсеңдер, біз Американы жаулап аламыз»: Хамитов Алиевке жауап берді

0 374

Қазақстан аралас жекпе-жек спортшысы Қуат «Найман» Хамитов өзін айыптаған танымал ойыншы және жаттықтырушы Али Алиевке жауап берді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Жанжал файтердің Қазақстан құрамасының жеңілісіне қатысты айтқан пікірінен кейін басталған еді. Алиев Хамитовтың осы жағдайды пайдалана отырып, өз атын шығарғысы келетінін мәлімдеген болатын.

«Алиевтің сұхбатын қазір ғана оқып, жауап берейін деп шештім. Біріншіден, бұл қаржы сендерге елге белгілі футбол жұлдыздарын алып келу үшін емес, халықаралық деңгейде нәтиже көрсетуге бөлінеді. Бұл ақшаға мен де белгілі стриптиз бишілерін елге алып келер едім. Бірақ бұл ештеңені өзгертпейді.

Маған келер болсақ, менің қай жерде жекпе-жек өткізетінім маңызды емес. Әлемде №1 ұйым ба немесе №10 болсын. Бастысы, аралас жекпе-жектегі 11 жылдық мансабымда халықтың қаржысынан 1 теңге де алмадым және мұнымен мақтанамын. Мен патриотпын және ақшаға емес, елімнің намысы үшін өнер көрсетемін”, – дейді Хамитов.

Бұған қоса, ол аралас жекпе-жек спортына мемлекеттен ақша бөлінбесе де, файтерлер жақсы нәтиже көрсетіп жүргенін сөз етті,

“Айтса да, AMC Fight Nights өз уақытында әлемнің Топ-5 ұйымының қатарына кіретін. Біздің файтерлер мемлекет көмегінсіз-ақ барлық белбеулерді жеңіп алды. Өз күштерімен UFC-де өнер көрсетіп келеді. Футболшылар алатын қаржының жартысын берсеңдер, біз Американы жаулап алып, қазақтардың кім екенін көрсетеміз», – деп жазды Хамитов Instagram парақшасында.

Айта кетейік, Қазақстан Франция құрамасынан 0:8 есебімен жеңілген болатын. Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде топтық есеп бойынша Қазақстан соңғы орынды иеленді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.