Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ежелгі ғұн дәуіріндегі балалар ауыз әдебиеті

0 1  126

   Ежелгі ғұндардың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті жайлы сөз қозғайтын болсақ, әдебиеттану ғылымының, қазақ әдебиеті тарихының, соның ішінде қазақ балалар әдебиеті тарихының олқы тұстарын толықтыру мәселесі алдымыздан шығады. Ғұн дәуіріне жататын «Шан Юидің ерекше көрікті екі қызы», «Добу мерген туралы аңыз», «Апаңбу ақсақал туралы аңыз», «Бала Түмен туралы аңыз әңгімелер», «Тәңіріқұты Түмен туралы аңыз әңгімелер» жәдігерліктер балалар әдебиетінің алтын қорына жататыны анық.

Ғасырлар көгін көктей өтіп біздің заманымызға жеткен балаларға арналған әдеби жәдігерліктерге осы кезге дейін мән бермей келгеніміз рас. Оның белгілі себептерін тәптіштеп айтпай-ақ, балалардың рухани байлығын молайтуға септігін тигізетін ел аузында сақталып келген «Алаңқай батыр» қиссасының назардан тыс қалып келгенін атап айт- сақ та болады. Әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыздың назарына түспей жүрген осы жәдігерлік Батыс Қазақстан қазақтарының, Бесқала (Қарақалпақстан) қазақтарының ауыз әдебиетінде сақталып келді.
Ежелгі дәуірдегі қиссашылар айтып, жыршы-жыраулар жырлап, ауыздан- ауызға тарап, сақталып келген қиссаны осы заманға жеткізген Бесқаланың атақты жыраулары – Өмірзақ Қалбайұлы мен Теңізбай жырау. «Алаңқай батырдың» біздің қолымызда екі нұсқасы бар. Бірі – жоғарыда айтқан Өмірзақ жырау нұсқасы, екіншісі – Теңізбай жырау нұсқасы. Бір ғажабы, осы «Алаңқай батыр» деп аталатын қиссаның екі нұсқасында да Еуропаға әскери жорық жасаған ғұндардың әйгілі батыры еуропалықтар Аттила деп атап кеткен Еділ патша туралы жырланады. Біз қиссаны ежелгі ғұн дәуіріндегі балалар әдебиетіне енгіздік. «Алаңқай батыр» қиссасын ежелгі ғұн дәуіріндегі балалар әдебиетіне енгізген себебіміз – қиссада Алаңқайдың жастық шағындағы ерлік істері сипатталады. Теңізбай жырау нұсқасында он үш жастағы Алаңқай Еділ (Аттила) патшаның сенімді қолбасшысы болады.
«Алаңқай батыр» қиссасына кезінде белгілі ғалым, академик Ә.Марғұлан ғылыми тұжырымдама жазып, шығарманың әдебиеттегі орны туралы құнды мәлімет берген еді: «…Бұл поэманың және бір маңызды жері – Еділ патша туралы жырланады…» (кітапта: Қалбаев Ө., «Алаңқай батыр», Алматы, «Жазушы» баспасы, 1992 жыл, 5-бет).
Академик Ә.Марғұлан ғұн, үйсін, қаңлылардың ауыз әдебиеті туралы: «Тарихи дәуірлерде жасаған бұл елдердің сол замандағы ертегі жыры мен жұртшылық салты бүгінге дейін сақталып келгені – әсіресе, үйсін мен қаңлылар.
Ғұн, үйсін, қаңлылар патриархат сатысында жасаса да, өз тұсында талай тарихи аңыздар, әр алуан әңгімелер туғызып, олар сан ғасырлар ішінде ұмытылып өзгеріп, қазірде оның миф, ертегіге айналған түрі жолығатыны байқалады…», – деп жазды (Марғұлан Ә., Шығармалары – Алматы: «Алатау» баспасы, 2007 – І том, 153-бет).
Орталық Азия және Қазақстан түркілерінде ежелгі сақтар мен ғұндар дәуіріндегі ауыз әдебиеті үлгілері көптеп кездеседі. Сол жәдігерліктердің ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған ауыз әдебиеті үлгілері мол.
Ежелгі ғұндар бала тәрбиесіне көңіл бөлген. Балаларға арналған өсиет сөздерді, балалардың таным-түсінігін арттыру үшін, оларды тапқырлыққа, еңбекке, адалдыққа баулыған.
Әсіресе ежелгі ғұндардың балаларға арнап айтатын «Ақ мүйізді қошқарым…» деп аталатын ардақты сөзі балаларға төрт түлік малды қадірлеу қажеттігін, төрт түлік малдың көл-көсір пайдасына көңіл бөлу қажеттігін алға тартады:
Ақ мүйізді ақ қошқарым,
Бастаған отарлы ақ қойым.
Сенікі болсын, қамыстай сүйір,
Құлағының шетінде қара меңі бар.
Мөлдір көзді боз айғырым бастаған ұлан,
Байтақ мол жылқым сенікі болсын,
Шудалары төгілген, түсінен кісі шошитын,
Қара бурам бастаған,
Отарлы түйем сенікі болсын,
Мүйізі қарағайдай, бөрі келсе,
Оны жармай, тыныш алмайтын көк бұқам бастаған,
Қара малым сенікі болсын… (Ә.Марғұлан, Шығармалары, бірінші том, Алматы: «Алатау» баспасы, 2007 жыл,175-бет).
Ғұндардың балаларға арналған ардақ сөздерінде тұтас тәрбиелік мәні зор, төрт түлік малмен ежелден айналысып келе жатқан халықтың тұрмыс-тіршілігі, арман-мақсаты, салт-дәстүрі жинақталған. Көз алдыңа кең жайлауда жайылып жүрген отар-отар мал келе қалады, халықтың төрт түлік малға деген ынтызарлығын сезесің: Ақ мүйізді қошқарым… Отарлы ақ қойым… Қамыстай сүйір, құлағының шетінде қара меңі бар… Мөлдір көзді боз айғырым… Байтақ мол жылқым… Шудалары төгілген… Қара бурам бастаған… Отарлы түйем сенікі болсын… Бөрі келсе, оны жармай, тыныш алмайтын көк бұқам… Қара малым сенікі болсын…
Ежелгі дәуірлердегі ғұн, үйсін, қаңлылардағы балаларға арналған ауыз әдебие- ті үлгілері жеткіншектердің өз халқының көне дәуірлерден бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан төрт түлік малды «…малым жанымның садағасы» деген санадағы мәңгі бақи орнығып қалған түйсігі ғасырдан-ғасырға ұласып, халықтың тағдыр-талайы осы төрт түлік малға байланысты екенін айқын сездіреді.
Ғұн дәуіріндегі балалар ауыз әдебие- тінің көне жәдігерліктерінің бірі «Бала Дүбін мерген туралы ертегі» деп аталады. Ертегінің ең көне дәуірлерде пайда болғаны белгілі. Ертегіде бала Дүбін туралы, «қаңлы» сөзінің қалай келіп шыққаны туралы қызықты деректер береді: «Бір кезде қырдағы елдің бастығы өліп, кімді бастық қоярын білмей, жұрт қатты дағдарыста болады. Сол кезде бала Дүбіннің анасы самсаған сары қолдың алдына келіп, ақыл айтады: «Талабы бар ерлердің бәрі садақ тартсын, кімнің садағы сағымға байланса, соны бас көтеріңдер», – дейді. Сол жерде талаптанған ерлердің бәрі садақ тартады, бірақ ешбірінің садағы сағымға тоқтай алмайды. Сонда Дүбіннің шешесі: «Менің Дүбін деген мерген балам тау ішінде аң аулап жүр, соның садағы тоқтар», – дейді. Белгіге жүзігін береді. Елдің атақты билері барып Дүбінді шақырады. Тау ішінде жалғыз жүрген Дүбін алғашқыда «бармаймын» десе де, шешесінің белгіге беріп жіберген жүзігін көрген соң, бармақшы болады. «Бірақ мен жанды нәрсеге мініп бара алмаймын, маған күйме керек», – деп шарт қояды.
Соған орай үлкен күйме жасап, атын «Қаңқа», «Қаңқалы» деп атайды. «Қаңқа» арба Алтай елінің тілінде де айтылады.
…Жұрт ағаштан арба жасатады. Дүбін баянды апаруға қаңқа арба жасаған кісі «қаңқалы» аталады. Бара-бара «қаңқалы» сөзі біраз өзгеріп «қаңлы» сөзіне айналады, мәнісі – «арбалы» деген сөз. Арба істеген шебер жол-жөнекей аяғы мертігіп, ақсаңдап келе жатқанда, Дүбін «арба істеген шебер ғой» деп аяп, арбасына мінгізеді. Бүгінге дейін қаңлы елінің аузында айтылатын «Қаңлы елінде хан бар, кәделі елде қаңлы бар», «Хан жоқ болса, қаңлыдан хан көтер», «Арбаға ханмен бірге мінгенбіз» деген мәтелдер содан қалған… (Марғұлан Ә., Шығармалары, бірінші том, Алматы: «Алатау» баспасы, 2007 жыл, 153-154-беттер).
Академик Ә.Марғұлан ежелгі ғұндардың өте бай ауыз әдебиеті туралы, олардың мәдениеті, эпикалық аңыздары туралы былай деп жазады: «Ғұндар туралы әдебиет орасан бай. Ескі дәуірдегі ғұндардың өмірі, тұрмысы, елдік бағыты қытай, латын, армян, мадияр тарихында аса күрделі түрде сақталып келген. Сахарадағы мал өсіріп, суармалы егін жұмысымен шұғылданған халықтарды суреттеуде бұл табылмайтын ұлы қазына. Осы тарихи қайнар көзді негізге алып, ғұн елінің тарихын, мәдениетін, өнер ісін, эпикалы аңыздарын жаңадан зерттеушілер де аз кездеспейді.
Әсіресе, ғұндар туралы жыл сайын жазылатын анналдар Қытай мен Рим тарихында кездесіп тұрады. Олар ғылымға жаңалық келтіретін қадірлі мұра. Қазақстан мен Орта Азия елдерінің өткендегі тарихын әдемілеп айтып беруде бір өзгеше қайнар көз. Олардың баяндауынша, ғұндар мыңдаған жыл сахараны қоныстап, кейінгі түркі-моңғол тайпаларына ұлы мирас етіп, көп ұрпақ қалдырған әйдік жұрт… (Марғұлан Ә., Шығармалары, бірінші том, Алматы: «Алатау» баспасы, 2007 жыл, 83-бет).
Сонау ғұн дәуірінен жеткен «Алпамыс батыр» («Алып-Бамсы»), «Алаңқай батыр» қисса-дастандары қазіргі таңда балалар қызығып оқитын ауыз әдебиеті үлгілеріне айналды. Сондай-ақ ежелгі ғұндардың балаларға арналған өсиет сөздері, ертегілері мен аңыз әңгімелері, мақал-мәтелдері, жұмбақтары тұтас балалар әдебиетінің кешенді үлгісі болды. Оған өлеңдермен, тақпақтармен ойналатын балалардың әскери ойындары, тастарға қашап салынған әртүрлі қызықты суреттер дәлел бола алады. Жалпы ежелгі ғұн дәуіріндегі балалар ауыз әдебиеті халқымыздың рухани қазынасы, балалар әдебиетінің тарихына қосылған қомақты үлес болатыны анық.

Меңдібай Әбілұлы,
Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.