«Ескерту жасалды»: Төтенше жағдайлар қызметкелері Шортандыдағы жарылыс болған үйге бір апта бұрын барған
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жарылыстан бір апта бұрын ТЖД қызметкерлері жарылыс болған үйге барғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Екі күн бұрын Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, үш пәтерлі баспана отқа оранған. Оқыс оқиғадан 3 адам көз жұмып, 10 адам түрлі дене жарақатын алды. Қазір «Өрт қауіпсіздігін сақтамау» бабымен қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның себеп-салдары тексеріліп жатыр.
Жарылыстан бір апта бұрын ғана осы пәтерге төтенше жағдай қызметкерлері келіп, өрт қауіпсіздігі туралы ескертпе жасаған екен.
Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтып берді. Министр апаттың алдын ала себебін атады.
“8-қараша күні дәл осы жарылыс болған пәтерде біздің төтенше жағдай қызметкерлері болған. Газ құрылғысын пайдалану жөнінде кеңес беріп, жадынама қалдырған. Дабыл қағатын қондырғы да орнатқан. Олар толтырылған газ баллонды суықтан ішке кіргізіп, жылыту үшін пешке жақындатып қойған. Апаттың негізгі себебі осы болуы мүмкін. Ал газ баллонын қай жерде толтырды, оны тергеу анықтайды”, – деп мәлімдеді министр.