Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ертеңіме, ертегіме сенемін

0 240

«Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Нұр-бала» әлеуметтік жобасы аясында 4-10 жас аралығындағы психоневрологиялық ауытқуы мен тірек-қимыл қозғалысында ақауы бар балаларға «Тандыр» шайханасында «Таңғажайып жаңа жыл» атты жаңа жылдық шырша кеші өтті,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі.

Жаңа жыл әсіресе ерекше бүлдіршіндер үшін ерекше мереке. Олар өздерін ерте есейткен өмірге деген үмітін осы жаңа жыл мерекесінен күтеді. Үміт артады. Жаңа жылмен бірге жақсылықтың келетінен сенеді. Сыйлыққа толы сиқырлы мерекеге қыздар қуыршақ, көбелек, тіпті бал арасы болып киінсе, ұлдар -жаңа заманның заманауи кейіпкерлері супермен мен өрмекші адамнан бастап, сайқымазақ пен падишахқа айналып –үлгеріпті. Ертегігег сенетін ерекше пейілмен шыршаны шыр айналып, Аяз ата мен Ақшақарды ортаға шақырып, мәз мейрам болды. Өздерін асыға күткен ортаға балалардың жанарын қуанышқа бөлеп, Аяз ата мен Ақшақар, Шырша мен Барыс ортаға шығып, бүлдіршіндердің көңілін кіршіксіз түрлі түстерге бояуға атсалысты. Әрбір тақпақ айтып, би билеген балғын тәттіден құр қалмады.

– Бұл күн балалардың шаттанып, кеуделері қуанышқа толып, мәз болып, ертегі еліне саяхаттайтын күні. Сондықтан біз бұл күнді барынша балалардың көңілінен шығатындай көңілді өткіземіз. Жаңа күн осындай ерекше перзенттерді жарылқап, жақсылығын ала келсін – деді «Нұр-бала» жобасында педагогқызметін атқарушы Жансая Ажикова.
Мереке барысында түрлі ойын ойналды. Олардың ішінде «Ана мен бала» ойыны көңілге ерекше әсер етті. Балғындардың анасының көзін байлап, 5-6 бала кезекпен кезек шөпілдете сүйді. Сол сәт көзі жұмулы ана өз баласының нешінші болып, бетін сүйгенін табуға тиіс еді. Таң қаларлығы бұл ойыннан бір де бір ана мүлт етпеді. Әр ана жүрек өмірінің мәніне айналған бала жүрегін дөп тауып жатты. Кеш соңында балаларға сый-сияпат табысталып, әннен шашу шашылды.


Сонымен қатар дәл осындай салтанатты кеш «Сиқырлы 2022 жыл» тақырыбында «Сұлтан сарай» мейрамханасында «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Үміт» әлеуметтік жобасы аясында өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.