Қалалық қоғамдық-саяси газет

Энергетика вице-министрі мен «ҚазМұнайГаз» басшысына сөгіс жарияланды

0 157

Еліміздің барлық өңірін дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған Комиссия жұмыс істеп жатыр деп хабарлады turkystan.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ол Үкімет басшысының тапсырмасымен арнайы құрылған. Комиссия құрамына жауапты мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері кірді.

Комиссия елімізде маңызды орын алып отырған жанармайдың жетіспеушілігіне әсер еткен факторларды анықтады. Мәселен, негізгі себептердің бірі отын тұтынудың айтарлықтай өсуі болып отыр, бірінші кезекте шетелдік транзиттік көлік отынды көп тұтынады. Екінші себеп – бағаның айтарлықтай айырмашылығына байланысты Қазақстаннан көршілес елдерге дизель отынының жіберілуі.

Мысалы, Қазақстанда дизельдің бір литрі – 230-260 теңге, ал Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейдегі жанармай бекеттеріндегі баға 440 теңгеге дейін жетеді.

Отандық мұнай базалары дизель отынын бөлшек сауда құнынан жоғары бағамен сатқан, бұл өңірлерде отын сату көлемінің қысқаруына әкелді, өйткені оны сатып алу жанармай бекеттері үшін тиімсіз болды.

Бұдан басқа, «ҚазМұнайГаз», Petrosun компаниялары, сондай-ақ мұнай өңдеу зауыттары тарапынан өндіру, маркетинг және логистикада жүйелі кемшіліктер мен олқылықтар анықталды.

Жағдайды қалыпқа келтіру және жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығын толық қамтамасыз ету үшін бірқатар жедел және ұзақ мерзімді шаралар қабылданды:

– дизель отыны өндірісінің көлемі биыл 5,2 млн тоннаға дейін ұлғайды, бұл 2021 жылға қарағанда 340 мың тоннаға жоғары;

– мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жөнелту көлемі ұлғайтылды;

– «Самұрық-Қазына» қоры және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен дизель отынының қосымша көлемін жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді;

– Шымкент МӨЗ-дің өндірістік қуатын кеңейту жоспарланған;

– 2023 жылдан бастап МӨЗ жұмысының жаңа схемасына кезең-кезеңмен көшу жоспарланып жатыр, оның аясында мұнайды зауыттарға тікелей жер қойнауын пайдаланушылардың өзі жеткізеді немесе мұнай МӨЗ-ді тікелей сатып алу жолымен жеткізілетін болады.

Бұдан басқа, Энергетика министрлігі мен жанармай бекеттерінің ірі желілерінде колл-орталықтар ашылды, онда қазақстандықтар бағаны негізсіз көтеру және жанар-жағармай материалдарын сатудан бас тарту фактілері туралы хабарлай алады.

Уақытында тиісті шаралар қабылдамағаны үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы М. Мырзағалиев пен энергетика вице-министрі А. Мағауовқа қатаң сөгіс жарияланды. Сонымен қатар тәртіптік жазалау шаралары қабылданып, Энергетика министрлігі мен ҚМГ компаниясының бірқатар жауапты қызметкерімен еңбек қатынастары бұзылды.

Бұл мәселе – Үкіметтің ерекше бақылауында, қыркүйек айының басында жағдай тұрақталады деп күтілеуде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.