Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлім етті деп жазды turkystan.kz.
Нұр-Сұлтан қаласы COVID-19 бойынша жағдайды тіркеу санының төмендеуін ескере отырып, 16 ақпаннан бастап «сары», ал 21 ақпаннан бастап эпидемиологиялық матрицаның «жасыл» аймағында орналасқан.
Сархат Бейсенованың айтуынша, коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты республиканың Бас санитарлық дәрігері кейбір карантиндік шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдаған. Бұл ретте әңгіме эпидемиологиялық қауіп-қатердің барлық аймақтарында, соның ішінде Нұр-Сұлтанда да көшеде міндетті медициналық маска режимін алып тастау туралы болып отыр.
«Алайда, 5 жасқа дейінгі балаларды, адамдардың тамақтану кезінде, сондай-ақ спорт сабақтарын өткізу кезеңдерін қоспағанда, жабық үй-жайлардың аумағында, яғни СОО-да, кинотеатрларда, фитнес клубтарда, қоғамдық тамақтану нысандарында және тағы басқаларында маскасыз кіруге және маскасыз жүруге жол берілмейді. Сонымен қатар, нысан әкімшілігі мен жауапты адамдар келушілер мен жұмысшылардың міндетті түрде бетперде киюін бақылауы керек. Бұдан басқа, біздің астанамыз кіретін «жасыл» және «сары» аймақтардағы барлық нысандарда «Ashyq» мобильдік қосымшасын қолдану субъектінің шешімі бойынша ерікті түрде, қызметіне шектеу қоймай жүзеге асырылады», – деді шаһардың бас санитарлық дәрігері.
Осы ретте Сархат Бейсенова елорда тұрғындары мен қонақтарын қарапайым қауіпсіздік іс-шараларын ұмытпауға шақырды.