Қалалық қоғамдық-саяси газет

Елімізде «мүгедек» терминін заңнамадан алып тастау ұсынылды

0 445

Қазіргі уақытта ҚР үкіметінде мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі заң жобасы қаралуда. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мәлімдеді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Құжатты қабылдауға ҚР парламенті сенаты мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс тобы және үкімет жанындағы үйлестіру кеңесі бастама жасады.

«Онда 342 позиция бойынша 38 тұжырымдамалық түзетумен 82 заңнамалық актіде ұсыныстар әзірленді. Ол кемсітушілік терминологияны яғни «мүгедек» ұғымын «мүгедектігі бар тұлға» дегенге ауыстыру, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасына «мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы» мәртебесін беру сияқты нормаларды көздейді.

Дәл қазір мұндай мәртебе жоқ. Мүгедек балалардың ата-анасының біреуіне немесе қамқоршысына санаторий-курортына емделуге тегін жолдама беру. Бүгінде бұл шара заңнамалық тұрғыда да бекітілмеген. Заң жүзінде сондай-ақ сырттай куәландыруды енгізуді бекіту, мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі квотаны орындамағаны үшін жұмыс берушілердің төлемдерін міндетті өтеу тетігін енгізу көзделеді. Бұл заң жобасында жаңалықтар көп және біз жақын арада үлкен қоғамдық тыңдауларда бұған жеке-жеке тоқталып, парламентте осы заңды назарларыңызға ұсынамыз деп ойлаймын», – деді Ерлан Әукенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау бойынша құқықты қамтамасыз ету бойынша заңнаманы дамыту жұмыстар жалғасатын болады.

“Кеше ғана ИИДМ-мен мүгедек адамдардың және жүріп-тұруы шектеулі басқа да азаматтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі әртүрлі ұйымдардың, ғимараттардың, құрылыстардың, объектілердің кешенді жоспарлануы мен салынуын реттейтін нормативтік құқықтық актілерге (НҚА) өзгерістер енгізу жөніндегі жол картасын бекіттік. Барлық НҚА-ны түгендеу, шетелдік заңнаманы талдау, өзгерту тәжірибесі, қоғамдық ұсыныстарды талқылау, түрлі заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар пакеті дайындалады», – деп толықтырды вице-министр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.