Қалалық қоғамдық-саяси газет

Елімізде бұдан былай қаңғыбас жануарларды өлтіруге тыйым салынады

0 294

Елімізде 2 наурыздан бастап президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң өз күшіне енеді. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова ОКҚ-да өткен брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Жаңа Заңға сәйкес 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жануарлардың иелері үй жануарларын тіркеуі керек.

«Есепке алудың егжей-тегжейлі тәртібі тиісті ережелерде айқындалатын болады. Есепке алу иелердің есебінен жүзеге асырылатынына назар аударған жөн. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға бұл рәсімді мемлекет төлейді. Сондай-ақ, иттердің өз бетімен жүруіне заңмен тыйым салынады», – деді вице-министр.

Бұнымен қоса нормативтік-құқықтық актінің бірқатар жобалары қаңғыбас жануарлармен жұмыс істеуді реттеуге бағытталған.

«Заң күшіне енгеннен кейін Қазақстанда қаңғыбас жануарларды аулау және өлтіру тоқтатылады. Ал олардың санын реттеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен стерильдеу жолымен ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте жануарларды аулаудың үлгілік қағидаларының жобасы аясында иесі бар екенін білдіретін белгілері бар жануарларды стерильдеуге тыйым салу жоспарлануда», – деді Әлия Шалабекова.

Сонымен қатар, Заң және әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілер пакеті жануарларға қатысты иттерді төбелестіру, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жануарларды қинап, дер кезінде көмек көрсетпеу, мейрімсіздікпен аулау сияқты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды.

Айта кетейік, бүгінге дейін жергілікті әкімдіктер қаңғыбас жануарлармен күресуде оларға қару да қолданып келді. Себебі заңда тыйым салынбаған болатын.

Бұл ретте қаңғыбас жануарларды аулау және жою жұмыстарына жұмсалған қаражат көлемі өңірлерде әртүрлі. Алайда орта есеппен 60 пен 100 млн теңге аралығындағы соманы құрайды. Ал Алматы қаласының әкімдігі 2020-2021 жылдар аралығында бұл мақсатта 150 млн теңге жұмсаған екен. Жалпы республика бойынша шығындар 1 млрд теңгеден асады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.