Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Елде болсын» дейтін елжандылық керек

0 243

  Қарапайым халықтың ниеті – «Елде болса, ерінге тиеді» деген ақ тілеу. Осындай пейіл отаншыл, мемлекетшіл тұлғалардың әрқайсысында болуы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында көршілес өзбек елімен салыстыра отырып, елжандылықтың үлгісіне жарқын мысал келтірді. Біз осының астарында мемлекетшіл тұлғаны қалыптастыру үшін тәрбие және білім беру жүйесіне өзгеріс керек деген тұжырым тұрғанына назар аударуымыз керек. Ол үшін білім берудің әр сатысында тәрбие ісіне көбірек көңіл бөлуіміз қажет,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Жас жеткіншектер енжар, немқұрайлы болмасын десек, алдыңғы толқын өнеге көрсете білуге тиіспіз. Жастардың білім алуына, ғылымға ден қоюуына, өнер үйреніп, спортпен шұғылдануына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қомқорлықтың барын айқын көрсете алсақ қана – елім дейтін елжанды ұрпақ өсетінін естен шығармайық. Біздің ғылым-білімге құштар, саналы, ерік-жігері мол, белсенді жастарымыз көп. Негізгі міндет – сол күш-қайратын дұрыс бағытқа бағыттай білу.
Осы мақсатта біз университетімізде жас зерттеушілердің ғылыми жобаларына қолдау көрсетіп отырамыз. Мәселен, ғылымды, инновацияларды дамыту мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, жас таланттарды қолдау және үздік жобаларды іріктеу мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалғаны белгілі. Былтыр аталған грант ғылым, ақпараттық технология, мәдениет, медиа және бизнес бағыттары бойынша тапсырылса, үздік деп танылған 30 жастың әрқайсысына 3 миллион теңгеден берілген болатын.
3 миллион теңгенің грантына ие болған жас зерттеушілердің қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті Жасұлан Дүйсен де бар. Оның «Vulpis Plastic» атты тұрмысқа, автокөлік индустриясына, жиһаз өнеркәсібіне қажетті пластикалық өнімдерді термовакуумдық қалыптау арқылы өндіруге бағытталған жобасы үздік деп танылып, Президенттің сыйақысына ие болды. Енді ол бұл қаржыны өз жобасын жүзеге асыруға жұмсайды.
Жамбыл облысы ауылшаруашылығы мен мал шаруашылығы дамыған өңір екені белгілі. Университет ғалымдары осы салаларды дамытуға да өзіндік үлестерін қосуда. Оқу ордасының жас ғалымы, докторант Дәулет Егембердиев топырағы тозған егістік алқаптары мен соры шыққан жерлерді (тұзды) қалпына келтіретін тыңайтқыш ойлап тапқан. Бұл тыңайтқыш бүгінде жамбылдық және көрші өңірлердің шаруаларының егін шаруашылығында мол өнім алуына септігін тигізіп отыр. Ғалымның бұл жобасы NURINTECH инновациялық жобалар жарысында, Финляндияда өткен бәсекеде 1-орынға лайық деп танылған. Аталмыш тыңайтқышты сұйық және құрғақ күйінде қолдануға болады. Ауылшаруашылығына тың серпіліс әкелетін бұл жаңалық Талас және Сарыағаш аудандарында тұзды жерлерде сыналып, өз нәтижесін беріп отыр.
Жамбылдық жас ғалымның биотыңайтқышын қолданған шаруалар өніммен қоса жердің құнарлығы да артқанын айтып жүр. Ғалымның ойлап тапқан тыңайтқышы Польша мен Ресейге де жөнелтіліп, мамандар тарапынан оң бағасын алып отыр.

Талғат Ешенқұлов,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.