Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел үшін туған ердің еңбегі ешқашан ұмытылмайды

0 322

Ұлы кемеңгер, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ел басқарған жылдары көрегендікпен алдын болжай отырып, кең-байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кентімен 43 қала салдырғаны бәрімізге белгілі. Осы орайда айта кетсек, тың игеру бағытында Қазақстан бойынша бес облысты қамтыған. Сонымен қатар оңтүстік өңірлер де өз үлестерін қосты. Осы айтулы дүбірлі тың игеру бағытына Дінмұхамед Ахметұлы аса көрегендікпен 1954 жылдары Шу ауданына қарасты Шоқпар, Далақайнар ауылдарын да кіргізген.

Ауданнан тың игеру бағытында 60-70 мың гектар жер қарастырылған болатын. Атқарылған жұмыс нәтижесінде құрылған екі колхоздан 40 мың тоннаға жуық дәнді дақылдар еліміздің қамбаларына құйылған. Бұл мақсатта Шу ауданында 1973 жылы құрылысы басталған сыйымдылығы 80 мың тонналық алып элеватор салынып, 1978 жылы қолданысқа берілді. Элеватордың мақсаты жиналған ақ егісті сақтау және өңдеу болатын. Осыншама атқарылған жұмыстардың нәтижесін көруге Дінмұхамед Ахметұлы 1986 жылы ауданға ат басын тіреген еді. Еліміздің солтүстік аймағын бойлай салынып жатқан теміржол құрылысы 1940 жылы Қарағанды теміржол құрылысымен аяқталды. Кезекте тұрған «Мойынты-Шу» желісін тарту белгіленген. Алайда Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты бұл құрылыс кейінге қалдырылды. 1953 жылға қарай салынған «Мойынты-Шу» 440 шақырымды құрайтын жол телімі соғыстан кейінгі жылдардың өзекті оқиғасы болды. Осы жылдары Қазақ ССР Халық Комиссарлар кеңесінің орынбасары Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев осынау тарихи істің басында болып, тұсауын кесті. Алғашқы пойызды Мойынты стансасынан Әжмағамбетов Шу стансасынан Неверов сынды майталман машинистер алып шығып, елге қуаныш сыйлай білді. Сондай-ақ 1958 жылы Министрлер Кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, ғалым, академик Қаныш Сәтбаевпен Шу ауданына қарасты «Шатыркөл» кен байыту орнын зерттеу мақсатында іссапармен келген болатын. Осы атаулы кен орны қазіргі таңда халық игілігіне жұмыс жасауда. Көрнекті қайраткер Дінмұхамед Қонаев 1968 жылы басталған сыйымдылығы 620 млн/3 «Тасөткел» су қоймасының құрылысының мән-жаймен танысты. Атаулы су қоймасының құрылысын бастаған «ПМК-49» Главрис совхозстрой» мекемесі, басшысы Валери Иванов пен аға прорабы Ерболат Досымбаев 1974 жылы халық игілігіне берді.
Аты аңызға айналған тұлға, көрнекті қайраткер, ғалым, академик Дінмұхамед Ахметұлы атамыз ерен еңбегінің арқасында халық көсеміне айналды. Күллі қауымның «Димаш аға» деп еркелетіп атауынан-ақ ол кісіге деген зор ықыластың бар екенін, көпшіліктің Димаш атамызға арқа сүйегенін аңғаруға болады. Шын мәнінде, Қазақстан мен Қонаев бөле-жаруға болмайтын егіз ұғымға айналуы керек-ақ. Кезінде өзі басшылық еткен қырық жылдан астам уақыт ішінде елімізде адал қызмет етудің асқан үлгісін көрсетіп кеткенін, басына қара бұлт үйірілген тұста да талай ұлт зиялыларының тағдырына арашашы болғанын ел-жұрты ұмыта қойған жоқ. Ұмытпайды да! Ғұмырын, шын мәнінде, халық мүддесін түгендеуге арнаған арда азаматтың асыл бейнесі ел жадында өшпестей болып сақталып қалған. Ол уақыт озған сайын жаңғыра да береді. 2022 жыл қазақтың аяулы перзенті, ұлт мақтанышы, алаш ардағы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. Осынау атаулы күн еліміздің өңірлерінде, жоғары оқу орындарында, мектептерде оқырмандармен кездесулер, ғылыми тәжірибелік конференциялар, Қонаев оқулары, кітап көрмелері түрінде өз деңгейінде аталып өтуде. Шу ауданына қарасты Қонаев ауылындағы Димаш атамыздың атындағы аллеяға құдық қаздырып, су шығарып көгалдандыру мақсатына жол аштық. Енді осындай шараға қолдау көрсетіп ауданнан құралған бір топ ағайындар ортадан қаржы шығарып, су құдығын ұрғызып, гүлзарлар мен көгалдандыруға атсалысты. Қолы жомарт, жүрегі таза, ақпейіл ағайындарға ауыл азаматтарының алғысы шексіз болды. Әлі де алда атамыздың рухының разылығына атқарар жұмыс жетерлік, бір кісідей жұмыла жүкті көтере білу қажет.

Жұмахан Чекаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.