Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел сенімін ақтаған Серік

0 2  417

Талай тарланның жұлдызын жағып, тасын өрге домалатқан Жамбыл спортын бұл күнде бүкіл әлем таниды. Айталық, Жақсылық, Бақтияр, Бейбіт, Елдос сынды баһадүрлер облыс түгілі, еліміздің атын жер жүзіне паш етіп, Әнұранымызды сан мәрте шарықтатты. Дәл осындай алдыңғы толқын ағаларының ізін басқан балуан Серік Әбдімәжиттен де күтер үміт көп.

Кейіпкеріміз – Серік Мәлікұлы 2003 жылы 15 қазанда Тараз қаласында дүние есігін ашақан. «Балапан ұядан нені көрсе, соны іледі» демекші әкесі Мәлік пен туған ағасының дзюдомен, қазақша күреспен айналысуы бала Серіктің спортқа деген қызығушылығын оятады. Сонымен болашақ боз кілем шебері 8 жасынан бастап үлкен спорттың табалдырығын аттайды.
«Әке – балаға сыншы» дейді дана қазақ. Баланың алғашқы ұстазы да – оның ата-анасы. Сондықтан Серікке үлкен сенім артқан әкесі Мәлік Жүнісбеков оны облыстағы ең үздік жаттықтырушылардың қолына тапсырады.
– Серікті 2010 жылы дзюдо күресінің жаттықтырушысы, әлем чемпионы Бейсен Алмазға табыстадым. Одан бертін келе, елімізге мәлім спортшы Досан Тамбиевке ауысты. Қазіргі таңда Рақымжан Қожатаевтың қол астында жаттығуда. Осы кісілердің орасан зор еңбектерінің арқасында Серік баламыз әлемдік деңгейде зор жетістіктерге қол жеткізуде. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыратына сенімдімін. Қазақта «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген қанатты сөз бар. Серік те осы қағиданы берік ұстанып, еліміздің атын күллі әлемге паш етуге барын салуда, – дейді әкесі.
Әлемдік аренада атой салып жүрген жерлесіміз Қазақстан Республикасының самбодан жастар арасында екі дүркін чемпионы, дзюдодан командалық жарыстың жеңімпазы атанса, самбодан жастар арасында 2021 және 2022 жылдардағы Азия чемпионатында күміспен күптелген. Сондай-ақ 2022 жылы Арменияда өткен Әлем чемпионатында қолаға қол созса, ағымдағы жылы Астанада өткен дүбірлі дода дәл осы жетістігін қайталаған. Бұдан бөлек жуырда ғана Қырғызстанда самбодан жастар арасында өткен әлем біріншілігінде күміс медальді иеленді.
– Спортқа келуіме әкемнің және ағамның ықпалы мол болды. Себебі екеуі де күреспен айналысқан болатын. Әр спортшының алға қойған мақсаты – чемпион атану. Мен де кешегі Жақсылық Үшкемпіров секілді қазақтың абыройын аспандатқым келеді. Бүгінде еліміздегі ең іргелі оқу ордасы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Заң» факультетінің 3-курс студентімін. Мамандығым басқа болса да, балуандық – бабадан балаға жалғасқан қанымызда бар қасиет. Осы орайда мені ылғи қолдап отыратын ата-анама, жерлестеріме, университет басшыларына, ұстаздарыма, достарыма шексіз алғысымды білдіргім келеді, – дейді Серік Әбдімәжит.
Біз де әулиеталық талапты жастың әлі де ел сенімін ақтап, талай биікті бағындырарына сенімдіміз.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.