Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел дамуының кепілі

0 152

Мемлекет басшысының әр Жолдауы ұлттың тағдырын, елдің болашақтағы даму бағытын, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат етіп, қазіргі кездегі әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелерін бастапқы орынға қойып келеді. Қыркүйектегі Жолдау да сол дәстүрден жаңылған жоқ.

Қазіргідей жаһандану жағдайында дамыған мемлекеттің межесі тек сарабдал сыртқы саясатымен, тегеурінді экономикасымен ғана өлшенбесе керек. Табысты ел болудың кепілі әлеуметтік жағдайлармен де сараланады. Осы кезге дейінгі ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, тарих сахнасында өзгелер тамсанатын жаңа мемлекет құрдық, іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік.
Бұл Жолдаудың басым бөлігі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналып, қазіргі таңдағы өзекті әрі халқымызды алаңдататын күрмеуі қиын мәселелерді шешудің кілтін нұсқады. Жасыратыны жоқ, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, экономиканы дамыту – еліміз үшін маңызды міндеттердің бірі. Ел экономикасы дамыған кезде ғана халықтың табысы артып, әлеуметтік жағдайлары жақсарады. Бұл үшін елімізде бірқатар жобалар жүзеге асып, мемлекет тарапынан біршама қолдау көрсетілуде.
Жолдауды тыңдап отырып, ондағы халықтың 30 жылдан бері қордаланып, шешілмей келе жатқан өте өзекті мәселелерінің шешімін тапқанына қуандық. Мемлекет басшысы биыл күзде Президент сайлауы өтетінін жариялап, оның мерзімі 20 қарашаға белгіленді. Келер жылдың алғашқы жартыжылдығында Парламент сайлауы өткізілмек.
Бұрын тек арман секілді көрінетін Ұлттық қордан түсетін табыстың халыққа үлестіру енді іс жүзінде жүзеге аспақ. Яғни енді Ұлттық қордағы кірістің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың шотына аударылады. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастар арасында шешілмей келе жатқан мәселелер жеткілікті. Сондықтан жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Сонымен бірге төменгі жалақыны өсіру, тұрмыс әлеуетін жақсарту, қазіргі қоғамға ең қажетті өмір сүруге жайлы ортаны қалыптастыру, өңірлік саясатты жетілдіру әрбір қазақстандықтың көкейіндегі көптеген сауалға берілген нақты жауап десек қателеспейміз.
Бұдан бөлек, Жолдауда Президентіміз: «Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек», – деді.
Сол секілді биылдан бастап бірінші сынып оқушыларының тек мемлекеттік тілде білім алатынына ел қатты қолдап, қуана қарсы алды. Жолдауда бұл мәселе де ұмыт қалған жоқ.
Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет екені белгілі. Мәселен, алдағы жылдары педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Бұл келешекте бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда қажетті факторлар.
Жолдауда көрсетілген міндеттер кезең-кезеңімен орындалып, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды дамыту, баспана мәселесін шешу сынды тегеурінді басымдықтар жүзеге асқан жағдайда еліміздің тұрмыс жағдайы жақсарып, болашаққа нық сеніммен қадам басары даусыз.
Дамыған ел болудың негізі халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты десек, өмір сүру деңгейінің артуы мен денсаулық сақтау саласы, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігін басты назарда ұстау әрбіріміз үшін аса маңызды. Сондықтан да аталған құжатта көрсетілген тапсырмалар мен міндеттер толағай табыстарға жетелейтін басты күш деп білеміз.

Раушан ӘБДІҚАСЫМОВА, Т.Әкімов атындағы №7 орта мектептің кітапханашысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.