Қалалық қоғамдық-саяси газет

Екібастұздағы апаттың алдын ала себебі белгілі болды

0 1  782

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қаладағы апаттың алдын ала себебін атады деп хабарлады turkystan.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетінің жүргізіп жатқан тергеу жұмыстарының алдын ала қорытындылары бойынша жылу желілерінің бұзылуына станция қызметкерлерінің қате әрекеті себеп болып, желідегі қысымның кенеттен күрт көтерілуіне әкеп соқтырған, соның салдарынан көптеген жылу желілеріндегі жарылулар 27 қарашада бірден – 43, ал 28 қарашада 30 оқиға болды. Екібастұзда мұндай апат бірінші рет болды», – деді Скляр Екібастұзда өткен брифингте.

Ол құқық қорғау органдарының тергеуді жалғастырып жатқанын айтты.

«Апат ЖЭО-да емес, ЖЭО жұмыс істеп тұрды. Апаттар желілерде болды. Жүйеден судың көп жоғалуы ЖЭО-дағы қазандықтардың автоматты түрде өшіп қалуына әкеліп соқты», – деді ол.

Склярдың айтуынша, қазір 58 көпқабатты үй жылусыз отыр.

«Бүгін сағат 10.00-де 5А ықшам ауданындағы жылу магистраліндегі соңғы ірі ақауды жою жұмыстары аяқталды. Алайда, жылумен қамту жүйесінің теңгерімсіздігі және қаладағы үй шаруашылықтарының жылу жүйесінен судың бақылаусыз ағуына байланысты ЖЭО бүгінде 5А ықшамауданындағы бұл үйлерді жалғай алмай отыр.

Қазір 5Б ықшамауданы мен 6 ықшамауданның үйлеріне кезең-кезеңімен жылу беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл 41 көпқабатты үй. Ертең күндіз 5А ықшамауданындағы 17 үйге жылу беріледі деп жоспарланып отыр», – деп толықтырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.