Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Екеуміз сұлу қатын емеспіз»: Қайраткер Әбіш Кекілбаевтың Назарбаевқа айтқан ескертуін жариялады

0 164

  Светқали Нұржановтың айтуынша, парламентте жер мәселесі үлкен айқайға айналған. Қайраткер сол даудың бірін көгілдір экраннан көргенін айтады,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Сол кезде Назарбаев: «Айналамызда басқа да елдер бар, мүдделер бар. Біз жалғыз емеспіз жер бетінде, бізге кім қалай қарайды, оны да ескермесек болмайды», – деді. Сол кезде Әбіш Кекілбаев:

«Нұреке, бізге кім қалай қарайды деп отыратын екеуміз сұлу қатын емеспіз. Бізге ертеңгі келетін қазақтың ұрпағы қалай қарайды деген екеумізде жалғыз қайғы болу керек», – деді», – дейді Нұржанов.

Светқали Нұржан. Сұхбаттан скриншот

Қайраткер елдегі жүйе түбірімен жойып жібермесе, ол жазбалардың бір күні шығатынына сенім білдірді. Оның пікірінше, Құдай Назарбаевқа Әбіш Кекілбаев арқылы сан мәрте ескерту жасаған.

«2022 жылдың қаңтарының басында қазақ ұрпағы оған қалай қарайтынын көрсетті.

..Ол (авт. Нұрсұлтан Назарбаев) ешқашан өзінің өрен-жаранымен, отбасымен өзінің туған тілінде сөйлескен жоқ. Сондықтан оның ұрпағы Қазақстанды тек қана көп ақша жасайтын кеңістік деп ұтты. Сондықтан ол өз ұлтын тонап, шетелдік банктерге, офшорларға асырды. Құдай Тағала сонша бақ бергенде…

Ол кісі шекараны бекітті, теңіздің статусын бекітті, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сұмдық ерен еңбек етті, дейді. Кешірерсіз, оның орнына отырған қай қазақ болса да, бұл мәселемен айналысуы керек еді.

Бұл кісі тәуелсіздік үшін күреспеген адам. Желтоқсан алаңында да көргенбіз. Еш қысылмастан: «Желтоқсан алаңында алдымда екі таңдау тұрды. Біреуі – биліктің сойылын соғып, өз халқыма қарсы шығу, бір жол – өз халқымның қасынан табылу еді. Мен өз халқымның алдынан түстім», – деді. Өтірік айтады. Ол жерде жастар тас атып, қуып жіберген оны алаңнан. Тәуелсіздікті Ресейден кейін 4 күннен кейін алдық.

Ол Одақтың тарамауына мүдделі болды. Жұртта қалғаннан кейін, амал жоқ тәуелсіздікті жарияладық қой. Бізді сонша иеленіп келген Ресейдің өзі бізден төрт күн бұрын тәуелсіздік алып кетті. Одан кейін оны ұлт қайраткері етіп шығарудың қандай қажеті бар?» – дейді Светқали Нұржан.

Сондай-ақ, ақын Әбіш Кекілбаев құрамында болған парламенттің не себепті таратылғанын айтып берді.

«1996 жылы Әбіш ағамызға Нұржігіт Арыпбаев деген ақсақал сұрақ қойды. «Сенің парламентің өте жақсы жұмыс істеді. Ойлы-милы қазаққа жаны ашитын азаматтар бар еді, біз үміт күтіп отыр едік. Не жазып қойдыңдар? Не үшін таратты?» – деді. Сонда Әбекең:

«Біздің елге биыл өте көп көлемде инвестиция құйылады. Соның кіріс-шығыс есебі парламентке берілсін деген талап қойдық. Егер ол парламентке берілмесе, біздің елде жемқорлық басталып, өліп-талып жеткен тәуелсіздігіміздің тамырына өзіміз құрт болып түсеміз. Біздің жазығымыз осы», деген», – дейді Светқали Нұржан.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.