Қалалық қоғамдық-саяси газет

Доллар 500-550 теңгеге дейін жетеді: Қазақстандық сарапшылар төл валютамыздың болашағын болжады

0 168

Қазақстанның қор биржасында доллардың бағамы 452 теңгеге бір-ақ жетті. Ал еліміздегі ақша айырбастау пунктерінде шетел валютасы 470 теңгемен сатылуда. Stan.kz тілшісі Украинада орын алған саяси ахуалға байланысты қаржы нарығындағы теңгенің болашағы туралы сарапшылардан сұрап білді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

GSB UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халықтың пікірінше, доллар  бағамы жақын арада 500 теңгеден асып түседі.

«Ресейде рубль құны 89-ға жетті. Бұл теңгенің 480 теңгеден асқанын көрсетеді. 500 теңгеге жақындап тұр. Егер саяси жағдай шиеленісе берсе, Ресейге қарсы жойқын санкциялар бағытталады. АҚШ «тозақ санкцияларын» жіберемін деді. Ең қауіптісі – SWIFT деп аталатын халықаралық ақша аударымдар жүйесінен Ресейдің шығарылуы. Егер бұл орын алса, 1 доллардың рубльге шаққандағы бағамы 100 рубльден асады. Ал теңге 500-ден асып жығылады«, – деді Мақсат Халық.

Сарапшы мұнай бағасы геосаяси жағдайдың жанында екінші орынға түсіп қалғанын айтады. Сондықтан мұнайдың көтерілуі теңгеге әсер етпейді, дейді ол.

«Мұнай көтерілсе, теңге тұрақты болып тұруы керек еді. Бірақ қазір саяси жағдайдың ықпалы басымырақ болып отыр», – деп түсіндірді экономист.

Ал қаржы маманы Арман Бейсембай теңге 550 теңгеге дейін құлдырауы мүмкін деп топшылады.

«Қазір 460 теңгеге саудаланып жатыр. Алдағы уақытта 515-550 теңге аралығында болады деп болжап отырмын. Бұл – менің жеке ойым. Нарықтағы сауда 12:00-де басталады. Жағдай тез өзгергендіктен теңгені қаншалықты ұстап тұра алатынымыз белгісіз. Сауда Ресейде де тоқтатылған. Сондықтан шын мәнінде теңгенің қандай деңгейге дейін түскенін білмейміз», – деді Арман Бейсембай.

Сарапшы алдағы уақытта 1 доллардың 90 рубльге теңесуі мүмкін екенін айты. Мұндай жағдай орын алса, теңге 520 теңгеге дейін құлдырайды дейді ол.

«Мұнай туралы айтудың да керегі жоқ. Қазір 1 баррелі 101 доллар болып отыр. Геосаяси жағдай үлкен мәнге ие. Сондықтан бұған ешкім қарамайды. Әрі мұнай бағасы теңге курсына әсер етпегелі біраз уақыт өтті. Ертең мұнай 120 долларға жетсе де, доллар 500 теңге болып қала береді», – деп түйіндеді Арман Бейсембай.

Айта кетейік, бүгін теңге күрт құлдырап, ақша айырбастау пункттерінде доллар 460 теңгеге сатылған еді. Бұл жағдайдан кейін KASE қаржы нарығындағы сауданы 12:00-ге дейін тоқтатқан.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.