Қалалық қоғамдық-саяси газет

Депутаттарды мандатынан айыру: жаңа норма қарастырылып жатыр

0 147

Қазақстандықтар мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттарын мандатынан айыра алады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мандаттарды қайтарып алу институтын енгізу туралы норма «Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген.

«Бұл реформаның маңызды құрамдас бөліктерінің бірі. Бұрын заңнамада мұндай норма болған емес. «Сайлаушылардың сенімін жоғалту» – мұны сөзбен сипаттау мүмкін емес. Бұл үміткердің өзіне байланысты. Округке сайланған кезде әркім сайлаушылар мәселелерін шешуге уәде береді, оларды тыңдайды және орындауға уәде береді, бірақ орындамайды, мұндай адамдар бар. Екінші жағынан, халықпен кездесу, сайлаушылармен өзара іс-қимыл жасамау – мұндай жағдайлар да болады», – деді Мәжіліс отырысында әділет министрі Қанат Мусин.

Мусин әр жағдайда депутатқа сенім бар-жоғын сайлаушылар өзі шешетінін атап өтті.

«Осы мақсатта бұл заң жобасында нақты көрсетілмеген, өйткені жағдайлар әртүрлі. Шешім сайлаушыларда қалады. Біріншіден, сайлаушылар депутаттық мандатты қайтарып алу үшін қажетті дауыстарды жинауы керек. Ол үшін сайлаушылардың 30 пайызы қол қоюы керек. Мұндай жағдайда сайлау комиссиясы сайлау күнін белгілейді. Егер сайлаушылардың 50 пайыздан астамы депутаттық мандатты кері қайтарып алуға дауыс берсе, мұндай жағдайда ол іске асырылады», – деп түйіндеді министр

Еске салайық, 5 маусымда Қазақстанда референдум барысында қабылданған конституциялық түзетулерге сәйкес Мәжілістің депутаттық корпусы мынадай схема бойынша құрылады – 70 пайыз пропорционал негізде (депутаттар тізімі партиялармен қалыптастырылады), 30 пайызы мажоритарлық негізде (депутаттарды сайлау округінің тұрғындары таңдайды).

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.