Қалалық қоғамдық-саяси газет

Депутат ретінде Ұлттық Банк пен Үкіметті жиі сынға аламын – Аманжан Жамалов

0 224

Қазір бағаның өсуі экономиканың басты проблемасы және инфляция қазақстандықтардың табысын «жайпамауы» үшін Ұлттық Банк пен Үкімет батыл шаралар қабылдауы қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «АMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжан Жамалов Facebook-тегі парақшасында айтты деп хабарлады turkystan.kz.

«AMANAT» партиясының жанындағы Экономиканы, кәсіпкерлікті және аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес өз отырыстарында инфляция мен азық-түлік бағасының өсуі мәселесін жиі көтеріп келеді.

Қазір бағаның өсуі экономиканың басты проблемасы болып қалуда және инфляция қазақстандықтардың табысын «жайпамауы» үшін батыл шаралар қажет. Мен, депутат ретінде бағаны ұстап тұру мәселесіндегі батылсыздығы мен тоңмойындығы үшін Ұлттық Банк пен Үкіметті жиі сынға аламын. Әрі осыған бірнеше депутаттық сауал арнадым», – деді ол.

Депутат аталмыш мәселенің негізгі тұстарына тоқталып, бағаны ұстап тұрудың негізгі құралы «айналым схемасы» екенін атап өтті.

«Бірақ бұл проблеманың үшінші тарапы да бар – бұл сауда желілері. Қазіргі уақытта сөрелердегі тауарлардың бағасы «құтырып» кетті. Әрі Үкімет бұл жағдай үшін шұғыл түрде «құтыруға қарсы вакцинаны» әзірлеуі қажет.

Қазір бағаның өсуін тежеудің негізгі шаралары сауда желілерінің өздері арқылы іске асырылып жатыр. Негізгі құрал – «айналым схемасы». Бұл бағаны ұстап тұру жөніндегі міндеттемелерді өздеріне алатын сауда желілеріне жеңілдікпен кредит беру. Оған 81 млрд. теңге жұмсалды, ал сезінерлік әсер байқалмайды. Бағалар өсуде», – деді депутат.

Сондай-ақ, «айналым схемасы» барлық халық топтарының пайдасына жұмыс істейді. Дүкенге кірген кез келген адам, кірісіне қарамастан, тауарды жеңілдетілген бағамен сатып ала алады. Демек, бұл ретте аталған тауарларды көтерме саудамен айналысатын кәсіпкердің де, жай ғана ауқатты адамның да сатып алуына еш шектеу жоқ. Осылайша жеңілдетілген бағамен сатылатын тауар тартысында табысы төмен отбасыға ештеңе бұйырмай қалуы да мүмкін.

Заңда әлеуметтік маңызы бар өнімдерге 15%-дан аспайтын шекті үстеме баға белгіленген. Бірақ сауда желілерінде «ретробонустар» деп аталатын нәрсе бар. Аманжан Жамалов мұндай «тонаушылық» құралды саудагерлер ойлап тапқанын айтады. Ондағы мақсат тұтынушыларды тауарларды жоғары бағамен сатып алуға итермелеу. Егер осы бонустарды ескеретін болсақ, онда сауда желілеріндегі үстеме баға заңда белгіленген 15%-дың орнына 40%-ға жуықты құрайды.

«Мысал үшін бір бөтелке минералды суды алып қарайық. Шартты түрде алғанда, оның өзіндік құны 100 теңге. Бұл сомаға 20 теңге «ретробонус» есепке жазылады. Оған қоса 15% үстеме баға немесе 18 теңге. Түпкілікті бағасы – 138 теңге. Тауар сатылғаннан кейін 120 теңге өндірушіге кетеді, одан ол сауда желісіне 20 теңге «ретробонусты» қайтарады. Сауда желісінің қорытынды үстеме бағасы – 38 теңге немесе 38%. Бірақ мүлде 15% емес», – деді Мәжіліс депутаты.

Бұдан бөлек, Аманжан Жамалов қазақстандықтар қандай тауарлардың жеңілдетілген бағамен сатылатынынан біле бермейтіндігін алға тартты. Тізімдегі әрбір өнімде осы тауардың әлеуметтік маңызы бар тауар болып табылатынын және арнайы бағасының бар екенін көрсететін арнайы таңбалау бар. Бірақ бұл таңбалау анық көрінбейді.

Депутат «айналым схемасын» жақсартуға болатын бірқатар ұсыныстарын айтты.

« 1) «Айналым схемасын» қолданудың әсерін – жалпы тұтынудағы тауарлардың қандай көлемі жеңілдікті бағамен сатылатынын талдау қажет.

2) Егер «айналым схемасының» әсері төмен болса және тауарлар жетпесе, қаржыландыру көлемін ұлғайту қажет. Әрине, барлық сатып алушыларды төмен бағамен тауарлармен қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ «айналым схемасы» бойынша сатылатын тауарлардың бағасы басқа сауда желілері мен дүкендер үшін «шамшырақ» болуға тиіс. Олар өздерін осы бағаларға қарап, бой түзеуге және бәсекелестікті ескере отырып, өздерінде сатылатын тауарлардың бағасын тым көтермеуге мәжбүр етуге тиіс. Ол үшін басқа ритейлерлердің бағалары мен көлемдерін де талдау қажет.

3) Тауарлардың тізбесін кеңейтуді ойластырған жөн. Қазақстандықтардың тұтыну себеті 19 тауардан тұрмайды.

4) Сауда желілері қолданатын «ретробонустар» деп аталатын жүйені зерделеу және «ретробонустарды» ескере отырып, тауардың үстеме бағасын бақылауға қатысты әдіснамалық шешім қабылдау қажет.

5) Мемлекет субсидиялайтын жеңілдікті тауарлардың стандартты таңбалануын әзірлеу керек», – деп жазды ол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.