Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дамыған елдерде ақша-кредит саясатының күшеюі жаһандық сын-қатерге айналды – Ұлттық Банк

0 277

Дамыған елдерде ақша-кредит саясатының күшеюі, мемлекеттік қарыз деңгейінің өсуі және бюджет тапшылығы жаһандық сын-қатерге айналды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі ұсынған Қаржылық тұрақтылық туралы есепте айтылған.

Есептің қорытынды нәтижесін Ұлттық Банктің Төрағасы Ғалымжан Пірматов Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің отырысында ұсынған еді. Оның жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қатысты.

2021 жылға арналған есепте қаржылық тұрақтылықтың негізгі тәуекелдері мен осал факторларын кешенді талдау және бағалау нәтижелері қамтылған, деп хабарлайды реттеушінің баспасөз қызметі.

Сол деректерге сүйенсек, 2021 жылы жеңілдетілген карантиндік шектеулер іскерлік белсенділіктің өсуіне ықпал етті. Әйтсе де, жеткізу тізбегі толық қалпына келмей, энергия жеткізушілердің жоғары бағасы инфляциялық қысымның күшеюіне түрткі болды.

Фискалдық саясат үшін негізгі тәуекел факторы – мемлекеттік қаржының теңгерімсіздігі. Бұл бюджет шығыстары мен мұнайдан тыс түсетін кірістер арасында сақталып отырған тым жоғары алшақтықтан-ақ көрінеді. 2014 жылдың аяғында мұнай бағасының төмендеуі мұнай секторынан түсетін қосымша үстеме табыстың жинақталу кезеңіне тұсау салды. Бұл, өз кезегінде, ұзақ уақыттан бері Үкімет қолындағы таза активтердің төмендеуіне алып келді. 2021 жылдың соңына қарай таза активтер ЖІӨ-ге қатысты ең төменгі мәндеріне жетті (ЖІӨ-нің 10,2%-ы – мемлекеттің таза активтері, ЖІӨ-нің 4,8%-ы – мемлекеттік таза активтер).

Мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен орнықтылығын арттыру мақсатында Бюджет кодексіне енгізілген фискалдық ережелерді сақтау маңызды. Олар Ұлттық қордағы активтердің сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, бюджет шығынының шамадан тыс өсуін тежейді, деп көрсетілген хабарламада.

stan.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.