CHEVRON Direct Investment-тің инвестициялаудағы критерийлері қандай?
бұл туралы Атырауда өткен «Казнефтегазсервис 2022» конференциясында Ж.Гилимова айтты
Атырауда жыл сайынғы «Казнефтегазсервис 2022» конференциясы өтті. Х жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған ауқымды шараның биылғы тақырыбы «Мұнай-газ құрылысы және Инжинеринг» деп аталды. Мемлекеттік органдардың басшылары мен сарапшылары және 200 ден астам компания өкілдерінің басын қосқан жиында еліміздің мұнай-газ өндіру саласындағы өзекті мәселелер ортаға салынды. Белгіленген регламентке сәйкес спикерлер өз презентациясын таныстырып сұрақ-жауап орын алды. Аталмыш конференцияда жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен жобалардың жүзеге асырылуы да талқыланды. Бұл жөнінде конференцияға қатысушы спикерлердің бірі, CHEVRON компаниясының қайта инфестициялау жөніндегі менеджері Жанар Гилимова айтып берді. Атап өтсек, 2021 жылы CHEVRON компаниясы бизнесті дамытуға, бастауға 30 млн АҚШ долларына дейін тікелей инвестиция құя алатын жаңа қордың жұмысы бастады. Бір жылдың ішінде аталмыш қор қалай жанданды, кімдер өтініш білдірді, және жоба ұсынудағы негізгі критерийлер қандай деген актуальді сауалдарға конференциядан соң Жанар Гилимованың өзінен жауап алдық:
Қайырлы күн Жанар! Жалпы CHEVRON -ның тікелей инвестициялау қоры қандай жобаларды қаржылай қолдауға дайын?
- CHEVRON Direct Investment жеке компаниясы Қазақстанда тіркелген барлық коммерциялық кәсіпорындарға инвестиция салатын болады. Оның ішінде тауар өндірушілер, қызмет көрсету мен мұнай-газ саласы, қоршаған ортаны қорғау және цифрлық, ақпараттық технологияны дамыту салалары да қамтылады. CDIF-тің қаржылай қолдауына жұмыс жасап жатқан кәсіпорындар мен бизнесін кеңейтуге ниетті адамдар және жаңа басталған стартаптар да өтінім бере алады.
Қордың өз жұмысын бастағанына 1 жыл таяды. Осы уақыт ішінде инвестициялауға өткен жобалар бар ма?
-Әзірге, біз таныстырып, жариялайтындай жобалар қолға алынған жоқ. Іріктеу жалғасуда. Біз күн сайын келіп түскен өтініштерді қалт жібермей қарап отырмыз. Талаптарымызға толықтай сай келетін жобалар, стартаптар анықталса біз қаржылай қолдауға дайынбыз.
Жобаларды инвестициялауда негізгі критерийлер қандай?
- Жобаларды іріктеу кезінде қаралатын негізгі критерийлерге: Жоғарғы табыстылық, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік сала және коорпорацияны басқару саласындағы қажетті көрсеткіштерге сәйкестік, қаржылық және қаржылық емес қатерлер, құндылық құру, портфельді диверсификациялау жатады. Іріктеудің негізгі критерийлері, қажетті жобалық құжаттар тізімі CDIF.KZ сайтында көрсетілген. Ең бастысы қатысушылардан сайтта өтінім беру кезінде аса мұқият болуды, барлық жолақтарды толтырып, нақты мәлімет қалдыруды сұраймыз. Бұл іріктеу кезінде маңызды рөл атқарады.
Инвестиция құю үшін Атырау өңірі қаншалықты тартымды?
- Бүгінгі таңда CDIF инвестициялық мандаты Қазқстан аумағындағы комерциялық кәсіпорындарға инвестиция құюға дайын. Сондықтан ел аумағындағы, оның ішінде Атырау облысын қосқанда барлық жобаларды іске асыруға ниеттіміз. Оның үстіне Атырау өңірінде мұнай-газ саласындағы қызметтерді немесе отандық жеткізу тізбегін толықтыруда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар көп. Тағы да атап өтемін, CDIF-тің Қазақстандағы коммерциялық кәсіпорындарды инвестициялаудағы басты мақсаты- олардың ауқымын кеңейту, жақсарту, жаңа технологиялық өзгерістер әкелу, цифрландыру, табысты кәсіпорындарды құру және жұмыспен қамту, еңбек ресурсын дамыту.
Сұқбатыңызға рахмет!
Дайындаған: А.САТАЕВА