Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бокс сарайы мен ипподром бой көтермек

0 295

  Келесі жылы Таразда 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның 57-і республикалық, 21-і облыстық, 7-і қалалық, 15-і демеушілер есебінен жүзеге аспақ. Атап айтар болсақ, Автобекет аумағындағы 14-шағынауданын электрмен, сумен жабдықтау, 60 көпқабатты тұрғын үй, 2 мектеп, 5 балабақша, 6 шағын орталық, 6 медицина орталығы, 6 дәріхана қарастырылған,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Бұдан бөлек, заманауи 100 балалар алаңын жаңғырту, Қарасу, Тектұрмас, Казарма, Құмшағал тұрғын алқаптарын ауыз су жүйесін жүргізу, 50 көп пәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу, 15-шағынауданда көппәтерлі 10 комерциялық және 10 әлеуметтік тұрғын үй салу, «Жиделі», «Көлтоған» алқаптарына ауыз су жүйесін жүргізу, «Қарасу» (Құмшағал) алқабының ішкі аландық көшелеріне қиыршық тас жол салу жоспарлануда.

Сондай-ақ, қала көшелеріндегі ескірген су құбырлары мен кәріз жүйелерін ауыстыру, каналдарды тазалау, қала көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Тағы бір баса айта кетерлігі, келер жылы қала орталығынан шет аймақтарда орналасқан алқаптарға көп көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, өзекті мәселелердің дені осы аймақтарда болғандықтан, сол алқаптардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына баса назар аударып, «100 бизнес жоба» бағдарламасы бекітілген.

​Осы бағдарламаға сәйкес сол аумақтарда кәсіп ашамын, инвестиция құямын деген кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, жер, жеңілдетілген несие алу мәселелері де шешілуде. Қазірдің өзінде 74 жоба қарастырылған екен. Сонымен қатар «100 жобаға» енген 8 кәсіпкер «Сбербанк» арқылы 640,0 млн.теңгеге қаржыландырылған. Өздеріңізге белгілі қалада бүгінде «Неке сарайы» жоқ. Сондықтан, осындай орталық соғамын деген инвесторларға да мүмкіндік берілмек. Бұл да жас отбасылардың іргесі берік болып, отбасы жауапкершілігін сезінуге сеп болмақ.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында бұқаралық спорттың дамуына ерекше мән беріп, жан-жақты дамуына бар жағдайды жасау керектігін тапсырған болатын. Бұл тұрғыда да іргелі жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, қазақта «Ат – ер қанаты» деген аталы сөз бар. Ат спорты біздің қанымызбен бойымызға сіңген спорт түрі. Президентіміздің қабылдаған «Ұлттық жаңғыру» бағдарламасында да ұлттық рух пен салт-санамызды жаңғырту жаһандану дәуірінде аса маңызды екендігі айтылған. Сондықтан келер жылы «Ипподром» құрылысын жүргізу де жоспарлануда. Бұдан бөлек келесі жылы «Мұз айдыны», «Жеңіл атлетика манежі», «Бокс сарайының» да құрылысы басталмақ. Осылайша, Тараздың шығыс қақпасының маңы үлкен бір спорт қалашығына айналады деп күтілуде.. Айта кетерлігі, бұл жобалардың барлығы – демеушілер есебінен жүзеге асуда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.