Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Бизнес ашық жұмыс істеуден қашатын болады»: Қазақстандық кәсіпкерлер Цойдың жаңа қаулысына қарсы шықты

0 571

Кәсіпкерлер денсаулық сақтау министрінің жаңа заңына қарсы шықты. Сөздерінше, жұмысшының екпе алмағаны үшін кәсіпкерлер жарты миллион теңгеден астам айыппұл төлейтін болса, ең бірінші болып тамақтану орындары жаппай жабылады. Өйткені дәл осы секторда еңбек ететін жұмысшылардың ай сайын 30 пайызы ауысып отырады екен. Бұған қоса, олар Денсаулық сақтау министрінің бұл бұйрығы азаматтардың конституциялық құқығын шектейді дейді. Бұл туралы «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жаса хабарлайды.

“10 пайыздай вакцина алмаған адамдар бар. Вакцина алмаймын, екпеден босатылғаны туралы анықтама, ПТР-тест әкеліп жатқандар да бар. Бұл әр адамның конституциялық құқығы. Біз оған ешнәрсе айта алмаймыз”, –  дейді кәсіпкер Гүлмира Майғарина.

Кәсіпкер нәпақа табуы үшін бұл талаптан айналып өтудің барлық амалын қарастырады дейді мамандар. Нәтижесінде, бизнес көлеңкелі экономикаға кетеді. Сән салондары да пандемия басталғалы үндемей-ақ үнемдеудің әрекетіне көшкен.

“Пандемияға дейін бір ғана Алматыда 5 мың сән салоны болатын. Қазір 30-40 пайызы жабылды. Көбі үйге барып қызмет көрсетіп жүр. Сән салондарында жұмыс істейтін қызметкерлердің 90 пайызы екпе алған. Бірақ вакцина алуға болмайды деген анықтаманы түрлі себеппен ала алмай жүргендер де бар. Бізге енді айыппұл сала берсе, бизнес ашық жұмыс істеуден қашатын болады”, – дейді Қазақстандағы сұлулық индустриясы қауымдастығының президенті Махмұджан Тұрсын.

Жаппай айыппұл салу басталмай жатып, сотқа қазірден шақырылып жатқан кәсіпкерлер де бар. Қалай ақталсақ та, айналып келгенде кәсіпкер кінәлі дейді олар.

“Еліміздің Оңтүстік және Солтүстік өңірінде екпе алмағаны үшін жұмысқа алмаған кәсіпкерді сотқа берген азаматтар бар. Кәсіпкер екпе салдырмағаны үшін азаматты жұмысқа алмаса, онда өзі Еңбек кодексіне сәйкес айыппұл төлейді. Ал ертеңгі күні тексеріс болса қызметкерлердің екпе алмағаны үшін 640 мың теңге айыппұлды тағы да біз жұмыс беруші төлеуіміз керек. Қазақстанның Бас прократурасының екпе бойынша тексеріс жүргізу заңсыз деген жауабы бар”, – дейді ҚР қоғамдық тамақтандыру қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нүрпейісова.

Кәсіпкерлер, пандемияның кесірінен шағын және орта бизнестен түсетін салықтық түсімдер 50 пайызға төмендеп кеткеннен кейін, Үкімет айыппұл өндірудің амалына осылай кірісіпек деп топшылайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.