Қалалық қоғамдық-саяси газет

Біздің болашағымыз – латын әліпбиі

0 218

Қазақ тілінің латын қаріпіне көшірілуі – қазақ тілінің жаңғырып, жандануы, тіл болашағының кемелденуі. Әліпбиіміздің жаңаруы – ұлтымыздың, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің жаңғыруы.

Қазақ тілі – түркі тілдерінің қыпшақ тобына жатады. Қазақ жазуы, қазақ тілінің әліпбиі бірнеше рет өзгеріске ұшырап, белгілі бір тарихи кезеңдерді басынан өткізді. 1929 жылға дейін Қазақстанда араб жазуы қолданылса, 1929-1940 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпби, 1940 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін, кирилл графикасына негізделген әліпбиді қолданып келді.

Қазақ тілін латын қаріпіне көшірудің бірден бір мақсаты – орыс графикасымен тілімізге енген, ұлттық тілімізге тән емес бөгде дыбыстардан арылу. Соның нәтижесінде, әліпбидегі басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарып, тіліміздің тазалығы сақталады.

Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаев: «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп – өркендеуіне әкелері сөзсіз. Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге жетуіне жол ашады. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты» – деген болатын.

Латын әліпбиіне көшу – Қазақстанның әлемдік ақпарат кеңістігіне енуін жеңілдетіп, еліміздің бай мәдениеті мен мұрасын көптеген шетелдік оқырмандарға терең танытуға, тіліміздің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінің төл әріптерін қабылдау қиынға соғады, ал тіліміз латын графикасымен таңбаланса жеңіл, қабылдауға және үйренуге ыңғайлы болары сөзсіз. Сонымен қоса, тарихымыз, әдебиетіміз бәрі әлемге ортақ, латын әліпбиінде жарық көреді.

Жаңа ғасырдағы ғылым мен техниканың, жаңа технологиялардың тілі – латын әліпбиі десек, ғылым мен техника қарыштап дамып жатқан кезеңде, латын қаріпіне ауысу, заманауи технологияларға қолжетімділікті арттырады. Ақпараттық технологиялар заманында компьютер тілі – латын тілі екенін ескерсек, қазақ тілінің компьютерлік технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне енуіне жол ашылады. Латын әліпбиіне көшу тек әліпбиімізді ауыстыру ғана емес, сонымен қатар заман ағымынан қалыспай, дамыған елдермен иық тірестіре алатындай дәрежеге жетіп, ұлтты жаңғырту. Жазба тілімізді латын қаріпіне көшірсек, еліміздің одан әрі дамуына ықпалын тигізіп, қазақ тілін басқа ұлт өкілдерінің меңгеруіне септігін тигізеді.

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» – деп ұлт ұстазы, тіл жанашыры ғалым Ахмет Байтұрсынұлының айтып кеткен сөзіне сүйенсек, тілі сақталған ұлт, ешқашан өшпейді. Қаймағы бұзылмаған қазақ тілімізді дамытып, бүкіл әлемге таныту үшін латын әліпбиіне ауысу, ұлт мүддесі үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Әлемдік әліпбиге, латын қаріпіне көшу сан ғасырдан аманат болып жеткен ана тіліміздің дәрежесін жоғарлатары сөзсіз.

Қорыта айтқанда, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңғыруы, дамуы, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге жетуі. «Тілі мәңгі жасаған ұлт өзі де өлмейді» – деп, Ш.Айтматов айтқандай, тіл еліміздің, ұлтымыздың болашағы.

 

Жамбыл облысы Әділет департаменті Тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы А.Т.Абдрасулова

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.