Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Біз су ішсек су, у ішсек у ішесің» дедім»: Дулат Исабеков немересін неліктен шетелге жібермей қойғанын айтты

0 961

Қазақтың белді жазушысы Дулат Исабеков журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Қазақстандағы жұмыссыздық пен әлеуметтік жағдайдың төмендігі туралы сөз қозғады. Мәдениет қайраткерінің айтуынша, бүгінде қоғамда орын алып отырған түрлі жантүршігерлік оқиғалардың ар жағында дәл осы мәселелер жатыр. Ол өз немересін мысалға келтіріп, аса дарынды әрі білімді жастардың шетел асып кетіп жатқанына күйінді, деп жазады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі kznews.kz сайтына сілтеме жасап.

Исабеков сұхбат барысында көптеген әлеуметтік, оның ішінде жұмыссыздық, жалақының аздығы, жемқорлық пен әлеуметтік теңсіздік секілді қордаланып қалған мәселелерді тілге тиек етті.

Айтуынша, соңғы уақытта орын алып жатқан өзін-өзі өлтіру, ананың өз балаларын өлімге қиюы секілді түрлі оқиғалардың арғы жағында халықтың әл-ауқатының төмендігі жатыр. Бұдан бөлек, ол білімді, көзі ашық жастардың көбі шетелге кетіп, күн көруге мәжбүр екенін еске салды. Себебі, мұндай жастар көбінде елде жан баға алмайды.

«Шетелден оқу бітіріп келген жастарымыздың мәселесі қабырғамды қайыстырады. Немеремнің достарының 70 пайызы шетелге кетіп қалды. Немерем Эдинбургте оқыған. Өте білімді, басы бар жігіттер. Сол жақта магистратураны бітіріп, ондағы қаланың, елдің тірлігін, өмір-салтын, жұмыс барысын, экономикасын, тұрмыс-тіршілігін түгел зерттеп келген жігіттер. Соған ұқсас бір дүниелер жасайық деп өздерінің жобаларын жасап келген еді.

Бірақ ол жобалардың біреуін де мұнда қабылдамады. Өйткені биліктің басына өңшең ақ-жем болған адамдарды әкеле береді, әкеле береді. Соларды айналдырып әкеп жеге береді, жеге береді. Сол себепті бізде не өзгереді?! Бізде отырғандардың барлығы консервативті, Кеңес үкіметінен қалған адамдар, «ойланамыз» деп алып қалады. Ана жігіттердің жобаларын екі, үш, тіпті төрт айға дейін ұстап, ақырында «қарап шықтық, мұны енгізу қиын, оған қаржы керек» деп, бір-біріне сілтеп, сөйтіп аяғында бір қызмет ұсынумен шектеледі. Айлығы 70-80 мың теңге жалақымен аламыз дейді. Ал ол жастар не істейді? Шетелге кетуге дайын тұрады», — дейд ол. Жазушы мұндай жастардың қатарында өз немересі де барын, алайда ол ұрпағының шетел асып кетуін қаламағанын айтты.

«Мен немереме «жемқорлық жайлаған ел — ел емес, біз бұл жақта жұмыс істей алмаймыз деп бәрің кете беретін болсаңдар білімдеріңді шетелдің экономикасың көтеруге жұмсайсыңдар ма? Үйге қайтып келіңдер, болашақ — сендердікі. Бір топ болып келіңдер. Көрейік біраз жыл. Сен кел» дедім. Ол жаққа барса, ол басқа біреуге үйленіп кетеді. Менің үрім-бұтағым қандай болады? Олардың бойындағы ұлтшылдық, патриотизм деген азаяды. Оларға отан емес, ыңғайлы территория ғана қажет болып қалады. Бұл жақты есіне ала ма, алмай ма? Бізді жерлеуге келе ме, келмей ме? Сол себепті, осы жерге келіңдер де, бізбен бірге көріңдер. Су ішсек — су, у ішсек — у ішіңдер. Бүгін болмаса, ертең бұл ел жөнделер. Бәрің кете берсеңдер, кім жөндейді? Назым Хикмет айтқандай: «Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап, кім жанады?». Бәріміз кете берсек не, боламыз? 4-5 жылдан кейін қызмет өсіп, жалақыларың көбейер» дедім», — деп баяндады ол.

Айтуынша, сөзіне құлақ асқан немересі бүгінде экономика саласында табысты еңбек етуде. Жазушы барша жастарды елдің жағдайын көтеру үшін күресуге шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.