Қалалық қоғамдық-саяси газет

Биыл суға кету оқиғалары төмендеді

0 113

Әне-міне дегенше жадыраған жаз да өте шығып, қоңыр күздің бел ортасына келіп жеттік. Биылғы шомылу маусымы қалай өтті? Осыған тоқтала кетсек…

Ағымдағы жылғы суға шомылу маусымын қауіпсіз өткізу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша барлық қажетті іс-шараларды ұйымдастырды. Сәуір айы басталысымен, департаменттің облыстық, қалалық және аудандық отырысында шомылу маусымы кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Мүдделі органдар алдына суға шомылу кезеңінде адамдардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттер қойылды.
Бекітілген жоспарға сәйкес, облыстық білім басқармасы сынды ресми орындармен бірлесіп түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Суда жаппай демалатын орындарда, жеке жағажайлар мен демалыс аймақтары, сондай-ақ табиғи жағажайларда 55 қоғамдық құтқарушыны тарту арқылы қосымша 12 бекет құрылды. Оған қоса облыс бойынша 3 құтқару бекеті құрылды. Облыс аумағында шомылуға рұқсат етілмеген су айдындарында 310 тыйым салынған белгілер және 42 билборд және ақпараттық стендтер орнатылды. Облыстық білім басқармасымен бекітілген жоспар аясында, жазғы демалыс мезгілінде аудандар мен Тараз қаласында орналасқан меншік нысанына қарамастан, демалыс орталықтары мен бассейн иелерімен 15 келісім шарттар жасалып, 1820 оқушы жүзу курстарынан өтті.
Азаматтық қорғаныс басқармасы Тараз қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, сәуір айынан бастап шомылуға қауіпті орындарда судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар, жергілікті полиция қызметі, «Аманат» партиясы «Жастар рухы» жастар қанаты, «Жібек жолы жастары», «Lider.KZ» және т.б. волонтерлік ұйымдармен, облыстық телеарналары және баспа басылымдарының тілшілерімен бірлесіп көпшілік жаппай демалатын және шомылуға қауіпті, рұқсат етілмеген орындарда 1891 рейд пен патрульдеу ұйымдастырып, рейд барысында жергілікті полиция қызметі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364, 412 және 440-баптары бойынша айыппұлдар салынып, ескертулер түрінде жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабы бойынша 61 адамға ескерту берілсе, 412-бабы бойынша 21 мың 440 теңге сомасында 2 адамға айыппұл салынды, ал 440-бап бойынша 1 миллион 401 мың 231 теңге сомасында 183 адамға айыппұл салынды. Сондай-ақ 2022 жылғы су айдындарындағы қауіпсіздікті сақтау бойынша аумақтық көлік бақылау инспекциясымен бірлескен жоспар аясында шомылу маусымында, су айдындарын патрульдеу кезінде ӘҚБтК-нің 582-бабы бойынша 16 құқық бұзушы азамат анықталып, хаттама толтырылды. Талдау бойынша ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда бірқатар іс-шаралар саны орташа есеппен 2 есеге артқанын көрсетті.
Атқарылған іс-шараларға қарамастан, 2022 жылғы 1 маусымнан 31 тамызға дейін облыстың су айдындарында суға батқан 3 оқиға тіркеліп, онда 4 адам қайтыс болды. Оның 2-і бала. Алайда өткен жылмен салыстырғанда, суға бату оқиғасы 1,5 есе төмендеді. Жедел-құтқару жасағы қызметкерлерінің арқасында ағымдағы жылы 2 бала судан құтқарылды.
Жалпы су айдындарында адамдардың қаза болуының барлық фактілері жабдықталмаған жерлерде тіркелген. Тосын жайттар көбінесе өз күшін жете бағаламау, күшті ағысқа түсу нәтижесінде дененің аяқ-қолының тартылуы себептерінен орын алған.
Ағымдағы шомылу маусымы кезеңінде өзекті мәселенің бірі – модульдік-каркастық бассейн сатып алу және орнату болды. Департамент тарапынан облыс әкімінің орынбасарына ұсыныс хат жолданған болатын, алайда бұл мәселе биылғы жазғы шомылу маусымының соңына дейін шешілмеді. Алдағы жылы бұл мәселе қайта қаралатын болады. Жалпы облыс аумағында жазғы шомылу маусымының аяқталуына қарамастан, су айдындарында үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда.

Мақсат ҚОСЫБАЕВ, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.