Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Біреуіміз ауырсақ, екіншіміз сезетінбіз»

0 268

Егіздер Жаратқанның ерекше жаратылысы екені ақиқат. Тәңір әрбір тіршілік иелерін аса шеберлікпен қандай үйлесімді етіп жаратқан десеңізші! Әрбір адамның қалыптасу деңгейі әртүрлі. Солардың қатарында егіздерді айрықша атап өткен орынды. Олардың көпшілігі бір-біріне тек түр-сипаты жағынан ғана емес, болмысы жағынан да ұқсас болып келеді. Мұның себебін көзі қарақты ғалымдар да нақты тапқан емес. Осындай егіздер өңірімізде де жетерлік. «Менің сыңарым» айдары арқылы соларды оқырманға таныстыруды жөн көрдік.

Жаңа оқу жылы басталып, университет жатақханасының бөлмесін тазалап жүргенмін. Бір кезде жас жігіт ішке еніп, амандасқан соң, үтік сұрады. Арада бір сағат уақыт өтер-өтпесте есік қайтадан қағылып, әлгі жігіт тағы да амандасты. «Өзің сағат сайын хал сұрасады екенсің», – деп әзілдеп едім: «Ол Ербол ғой, мен Нұрболмын, екеуміз егізбіз», – деп күлді. Расында, түр-түсі, мінез-құлықтары да бір-бірінен айнымайтын егіздерді бір-бірінен ажырату қиын екен. Сол күннен бастап жақын туыстай араласып кеттік. Екеуінің өмірлерінде қызықты оқиғалар аз болмаған. Сол туралы егіздер былай деп әңгімелеп берді.
– Алдымызда кілең қыздар болғандықтан, ата-анам ұлды болуды ұзақ күткен екен. Тәңірдің жазуымен біз өмірге келдік. Әжеміз сол сәтте біздің есімімізді корей телехикаясындағы қос әртістің құрметіне Хан Сан Хек мен Со Кан Джун деп қоймақ болған екен. Алайда атамыз қарсы шығып, атымызды азан шақырып Ербол, Нұрбол деп қойыпты. «Құдайдан шын жүректен сұраған соң, ол да аямай қос-қостан берген екен» деп арасында қалжыңдап қоямыз. Мектепте оқып жүргенде, ұстаздарымыз бізді ажырата алмай қиналатын. Кейде мектепке біріміздің орнымызға екіншіміз бара беретінбіз. Тіпті біреуіміз ауырсақ, екіншіміз сезетінбіз. Бала кезімізде кейбір нәрселерге талғамымыз да бірдей болатын, – дейді жарық дүниенің есігін бірер минут бұрын ерте ашқан Ербол.
Егіздер қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Ақпараттық технологиялар» мамандығында оқиды. Бұл жерде де олар бір-бірін үнемі толықтырып жүреді. Біреуі сабаққа бара алмай қалса, орнын сыңары алмастырады екен. Ұстаздары да ажырата алмай, талай рет әлекке түскен көрінеді.
– Университеттегі үздіктер тақтасының қабырғасына белсенді студенттердің фотосы ілінетін болып, жетекшісі Нұрболға суретке түсуі керектігін айтып, тез жетуін сұрайды. Бұл уақытта Нұрбол ауылға жол жүріп кеткен болатын. Содан ол Таразда жүрген маған хабарласып, орныма баруымды өтінді. Қазір қабырғада менің суретім ілініп, астына Нұрболдың аты-жөні жазылып тұр, – деп күлді Ербол.
Егіз баланы өмірге әкелу – кез келген анаға бұйырмайтын бақ. Айталық, ғалымдар некедегі бір жұптың 80 баланы өмірге әкеліп, оның біреуінде ғана егіздердің тууына себепкер бола алатынын айтады. Жалпы әлемде 70-80 миллионға жуық егіз адамдардың жұбы бар көрінеді. Мәселен, АҚШ-тың Огайо штатындағы Твинсбург қаласында жыл сайын Егіздер фестивалі өткізіліп тұрады екен. Ал еліміздегі Маңғыстау облысы Үштаған ауылындағы «Егіздер» көшесінде бүгінде жеті бірдей егіз тұрмыс кешуде.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.