ИМАН БАЙЛЫҒЫ КЕРЕК
Кедейді бай,
Азды көп қылған –
Патша данышпан.
Кедейді бай ету – сауап. Осы соңғы жиырма жылда талай-талай нувориштер, яғни жоқтан бар болып, кедейліктен бір-ақ секіріп бай болғандар көбейді.
Ал бірақ байлығына сай иман көбейді ме? Өте сирек. Ілуде біреу. Олар бақа сияқты. Басқаларына бақ қонады. Құс патшасы бүркіттің өзі барып оларға сәлем береді.
Сөйтсе де кедей бай болсам дейді,
Бай құдай болсам дейді. Кесір-кесапаттың түбірі осы жерде жатыр.
Бізде дәл қазір осындайлар көп. Имандылар аз.
Ал енді азды көп қылу… Біз, қазақтар әлі азбыз. Көбейетін ретіміз бар ма? Патша айтты таяу жылдары жиырма миллионға жетеміз деп. Әлі сегіз миллионбыз. Шетелдегілерді қосқанда он үш миллион сияқтымыз.
Өсіп-өнудің бал бұлағы ауыл еді… ауыл да ақырзаман амалын үйреніп алды. Баланы құрсағында жатқанда құртады.
Абортқа тыйым салатын заң керек. Ол да адам өлтірумен бірдей. Жазасын алсын!
Ертеректе бойдақ салық деген болушы еді… Қазір жоқ, білем. Бірақ бойдақтың да бойдағы бар. Әуелі себебін анықта.
Азды көп қылудың амалы:
Әуелі халыққа жағдай жаса. Көп жастар үйсіз-күйсіз.
Көпбалалыны барынша көтермеле. Он бала, одан да көп табатындар бұрын көп болған. Заман өзгерді, өмір өзгерді. Халықтың басынан неше алуан зұлматтар өтті. Көп қырғын, ашаршылық, геноцидтер болды.
Дәл қазір бейбітшілік, біршама түзік заманда, дана халық болсаң көбеюге тырыс.
Кім біледі, алдымызда әлдеқандай заман бар?
Алладан рахым тіле!
Әйтсе де Жасаған Ием жақсыларға иман мен данышпандық қасиет берсін.
Бір кем дүние.
ЖЕТІМ КӨРСЕҢ, ЖЕБЕЙ ЖҮР
Жаның жәннатта болғыр, жарықтық Күнікей анамыз рулы елді бір өзі асырағанын көнекөз қариялар тірісінде күні кешеге дейін аңыз қылып айтып отырар еді.
Бірақ ол аңыз емес, шындық болатын. Бабамыз Бердімбет бай ерте қайтыс болған соң, Күнікей бәйбіше – Бай бәйбіше атанып, атқа қонған ғой.
Ол бір Байзақ датқа мен оның болыс болған тұқымдарының заманы болса керек, Күнікей бәйбіше Байзақ әулетімен құдандалы болып, тұңғыш ұлына сол әулеттен қыз алып беріп, елін сақтап, іргесін бекіткен ғой.
Күнікей бәйбіше билеген елде жетім мен жесір елден кетпеген, жоқ-жітігін, кем-кетігін тентіретпеген.
Әне, сөйткен ұлы анамыз Жаныс руынан шыққан атақты әулие Төле бидің төл баласы Жолан Жаныстың қызы еді ғой.
Жақсымен құда болсаң, жағаң жыртылмайды. Ал қазіргі жас ұрпақ осы тарихты біле бермейді. Көнекөз қарттардан ешкім қалмады. Сол жас ұрпақтың көбі Күнікей бәйбіше – малы жоққа мал беріп, қатыны жоққа қалың малын төлеп, қатын алып беріп, үй-жай қылып, түтінін түзеткендерден тараған тұқым.
Бірақ оны біліп жатқан кім бар?! Ұмытшақ ұрпақ. Мешітке барып, бір мезгіл дұға да арнамайды.
Кім біледі, келер күндерде естияр ерлер туып, ұлы ананы еске алып, ауыл-аймақ болып, Күнікей атын атап, ас берер. Кім біледі?!
Бір кем дүние.
* * *
Күнікейдей ұлы анасы жоқ, қазіргі кәпірлеу капитализмде жетімдерге кім пана?
Көбісін шетелдіктер мұхиттың арғы жағына алып кетіп жатыр. Жетімдерді сататын фирмалар бар көрінеді. Сол жетімдер ертең кім болады? Бұл бақ па, сор ма?
Бір кем дүние.
ҚҰЛДЫҚТАН ҚҰТЫЛУ ЖОЛЫ
Ерте-ерте, ертеде, ешкі құйрығы келтеде, еврей халқы Перғауынның құлдығында қалған екен. Перғауын дегеніңіз жердегі Құдайдың өзі көрінеді. Құдай пендені пендеге тәуелді ете көрмесін.
Пендеге пенде болудың қорлығын өз басына түспегендер біле бермейді. Ал құлдыққа бір түскеннен кейін одан құтылудың жолы қиын. Қанша құтылдым десең де, төбеңнен азап қанжары төнеді де тұрады.
Сол азаптан құтылған дана халықтардың біреуі – бірегей еврейлер. Құтқарған – Мұса пайғамбар!
Мұса пайғамбар (Інжілде – Мойсей) еврейлерді Перғауынның қол астынан алып шығып, қырық жыл бойы шөл дала, бетбақ дүниенің ішінен әдейі адастырып алып жүріп алған ғой.
Ондағы мақсат: құлдықтың ноқтасын киген, сол құлдыққа көндіккен, еті өліп кеткен ұрпақ таусылып болғанша, өмірге құлдықтың не екенін білмейтін азат ұрпақ келіп жеткенше азап жолымен адастыра беру.
Азат ұрпақ келгенде, еркін елге, бостандық әлеміне жеткізу.
Мұса пайғамбар еврей халқын сол мақсатқа жеткізіп кетті.
Ал біз ше, біз хассақ – қазақ деген халық төбеден төніп тұрған қанды қанжардан құтылып болдық па?!
Баяғы Ақтамберді жырау:
– Бетбақтың ең бір шөлінен,
Төтелеп жүріп жол салып,
Шөлең бір жерді көл қылсам… – деп армандап еді…
Бірақ қазір сол Бетбақта баяғы мыңғырған, мың-мыңдаған киік қалмай бара жатыр. Бетбақтан Азғырға дейін созылған полигондар… Төбеден төнген ракеталар… Космодром… Мемлекет ішіндегі мемлекет. Біртүрлі ыңғайсыз. Үйіңнің бір іргесінен ызғырық ұрып тұрғандай.
Бүйректен тиген суық жаман.
Бір кем дүние.
Жалғасы келесі сандарда