Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бесік пен бизнес арасы

0 607

Қазіргі қоғамда «бизнес бастау өте қиын, қымбат, әрі барлығының қолынан келе бермейді» деген пікір басым. Сондықтан болар, көп адамдар кәсіп бастауға жүрексініп, әлеуметтік әрі қаржылық жағдайын жақсартуға тырыс-пайды, нақты шешім қабылдауға асықпайды. Бизнес дегеніміз, қарапайым сөзбен айтқанда, еңбек, яғни еңбек ету дегенді білдіреді. Ал еңбектенем деген адамға жұмыс әрдайым табылады. Бүгінгі санымызда бала күтіміне байланысты демалыста отырып, жеке кәсібін дөңгелеткен тараздық жас аналар жайлы айтамыз.

Хоббиін кәсіпке айналдырған

Дүниеге ұрпақ әкеліп, бала күтіміндегі демалысқа шыққан шақ – адам өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Өйткені бұл кезде ана сәбиінің денсаулығы мен күтіміне алаң болатыны белгілі. Шыны керек, қазіргі кезде аналардың бос уақыты шектеулі болса да, ретін тауып, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып жүргендері аз емес. Сондай жанның бірі – Мадина Далабаева. «Декреттік демалыста отырып та табыс табуға болады» дейтін жас ана үйде отырып, тапсырыс арқылы кондитерлік өнімдер әзірлейді.

– Тұрмыс құрған кезден бастап жаңа шаңырағымда әр түрлі тәттілерді дайындай бастадым. Қазіргі кезде туған күн, той, мерекелік кештерді дәмді тортсыз елестету мүмкін емес. Ғаламтор арқылы да бүгінгі күні торт пісіріп үйренемін дегендерге мүмкіндік көп. Мен де әуел баста YouTubе желісіндегі арнайы мәзірлерге қарап, жасалу жолдарын үйрендім. Қонақ күткен сайын үйде тәттінің сан түрін әзірлеп, келген қонақтарға ұсынатынмын. Тағамдарымның барлығы мейманымыздың көңілінен шығып, сұранысқа ие болды. Осылайша, қонақ күтудің арқасында алғашқы тапсырыстарымды қабылдай бастадым. Алдымен бәліш, самса, құймаққа тапсырыс алатынмын. Тәжірибемді толықтыру үшін қаладағы кондитерлік шеберлік сабақтарына қатысып, 6 торттың түрін жасауды үйрендім. Бір тортты жасау үшін 2 кейде 3 тәулікті жұмсауға тура келеді. Себебі, әрқайсысын жасау түрлі бөліктерден тұрады, – дейді 2 баланың анасы Мадина.

Өзі біліп, білгенін басқаға үйрету мақсатында Мадина қазіргі таңда шеберлік сабақтарын жиі өткізіп тұрады. Бүгінге дейін шеберлік сабағына қатысып, кондитерлік өнімдерді әзірлеу тәсілдерін меңгергендер саны 40-қа жуық. Мұнымен қатар, ол алдағы уақытта кіші кәсібінің ауқымын кеңейтіп, үлкен кондитерлік цех ашуға ниетті. Әрдайым шеберлігін шыңдап отыратын ол өз жұмысын адал атқаруға тырысады. Филология мамандығын иеленген кейіпкеріміз мамандығын кондитер ісімен ауыстырғанына өкінбейді. Әр тауарына мейлінше табиғи өнімдерді пайдаланатын ол тортты әсемдеп, безендіру жағы автордың ой-өрісіне байланысты екенін айтады.

– Бұл – әйелдер үшін жеңіл кәсіп. Егер аспаздық қабілеті мен тәтті тағамдар дайындауға деген құлшыныс болса, үйді кішігірім кондитерлік бизнеске айналдыруға болады. Қазіргі кезде тапсырысқа бәліштер, тоқаштар әзірлеу кең ауқымда қолға алынып келе жатқан іс. Ал тоқаштарды үй маңындағы дүкендерге өткізіп, кіріс көруге де болады. Егер жасаған тағамдар шынымен де дәмді болып, сұранысқа ие болса, кәсіптің көркейетініне сенім мол, – дейді кондитер.

Нағыз шебердің қолынан шыққан табиғи торттардан дәм татқыңыз келсе инстаграм әлеуметтік желісінде madina.cakes_ парақшасы арқылы тапсырыс бере аласыз.

Он саусағынан өнер тамған

Психологтардың айтуынша, үйде отырған әйелдерге өз кәсібін ашуға екі түрлі жағдай әсер етеді. Алғашқысы – отбасындағы материалдық қиындықтар. Екіншісі – бала күтімімен отырып, өзін қоғамдық ортадан шеттетпей, белгілі бір кәсіппен айналысу. Декреттік демалысында отырып, ұлттық бұйымдарды тігу арқылы жан рақатын табатын ісмер аналардың бірі – «Әуелбекова» жеке кәсіпкерлігінің директоры Құралай Әуелбекова . Бүгінде қыз жасауын тігетін тараздық кәсіпкердің он саусағынан өнер тамған.Иә, автордың қай жұмысын алып қарасаңыз да, өзіндік ерекшелігімен бірден көзге түседі. Тіпті, дизайны жағынан танымал брендтермен бәсекеге түсуге қауқарлы.

– Əр бұйымды тоқыған кезде қиялыма ерік беріп жіберемін де асқан махаббатпен жасаймын. Сондықтан болар əр жасаған дүнием бір-біріне ұқсамайды. Олар мен үшін өз алдына эксклюзив болуы керек. Бала күнімде ауылда әжелеріміз үлкен әпкелеріміз тұрмысқа шыққанда жасауын жасаған кезде қолындағы оймағы мен инесінен тамаша дүниелер шыққанын көріп, қызығатынмын. Нағашы Назкен есімді әпкем де тігін тігу ісінің шебері болатын. Осы кісілердің барлығына еліктеп, жұмысына қарап отырып, өзімде ісмер атандым, – дейді шебер ана. Бір сөзбен айтқанда, Құралай ұлттық қолөнерді жаңа заманның трендіне айналдыра білген бірегей кәсіпкер. Бүгінде оның өнімдері елімізде үлкен сұранысқа ие.

– Біздің тігін компаниямыз ресми түрде 2014 жылдың маусымынан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ іс тігу менің өмірлік әуестігім. Қайынсіңлілеріме, сіңлілеріме талай рет жасау тігіп бердім. Төртінші балама аяғым ауыр кезде жаңа қонысты болып, ағайын-туыстың басын жиып, қонақ еттік. Жаңа жайымызға бірден дүние ала салудың реті болмай, өзім бар қабілетімді салып көрпе құрадым. Үйімізге құтты болсын айтып келген туыстарымызға туындыларым бірден ұнап, көрпе тігіп бер деп тапсырыс беріп кетті. Осыны көрген соң күйеуім өз ісімді бастау керектігін айтты. Бастапқы кезде менің сатып алушыларым тек туыстарым болды. Оларға үлкен алғыс айтамын. Барлығы мені қолдады, өзіме сенуіме мүмкіндік берді. Бүгін бұл жай әуестік емес, керегесін кеңейтіп жатқан кәсіпке айналды. Өзімнің тұтынушылық базам бар, маған деген сенім бар. Ең жақсы жарнама – бұл сапа. Бір рет сатып алған адам сосын артынша туыстарын ертіп келіп жатады. Қазіргі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыс алып жатырмыз, – дейді.

Бастапқыда жаңа қонысына арнап тіккен құрақ көрпесіне көпшілік қызығушылық танытқан. Осылайша, үйіне келген қонақтар ісмердің алғашқы клиенті атаныпты. Кейіннен барып бұл іс үлкен кәсіпке айналғанын тілге тиек етті өз сөзінде шебер. 2016 жылы қолынан шыққан бұйымдары өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне ұсынылған. Құрақ көрпеден бастап бір адамдық, екі адамдық үлкен көрпелер, махаббат көрпесі, қоржын, шымылдық және т.б. үй жабдықтарын тігетін қолөнер шебері бәсекелестердің бұйымдарын қайталамауға тырысады екен.
Тігін компаниясы арқылы шебер 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Интернет дүкен – ел игілігі

Осындай жауапты кезеңде бала тәрбиесімен қатар кәсіп бастап, күн- көрістің қамын күйттеуге кіріскен Малика Ахметованың алдына қойған мақсаты көп. Нәзік жандылардың сұлулығына көрік қосар косметикалық бұйымдар сатумен айналысатын Малика инстаграм әлеуметтік желісінде kosmetika_taraz_kzz парақшасы арқылы сәндік тауарларын саудалайды. Интернет дүкен арқылы жұмыс істейтін кейіпкеріміз тауарларымен тек Тараз жұртшылығын емес, еліміздің бірнеше қалаларын жеткізу қызметі арқылы қамтып отыр.

– Журналист немесе мұғалім болу менің негізгі арманыма айналды. Университетте оқып жүріп, тұрмысқа шықтым. Бір жылдан кейін ана болу бақыты бұйырып, баламен сабақты қатар алуға тура келді. Жалпы, мен визажист саласына да жақын болдым. Құрбыларымның бетін бояп, әрлегенді ұнататынмын. Осылайша, интернеттен бояу бұйымдарын сататын сайт таптым. Сол сайт арқылы косметикалық заттар алып, бет бояуды үйрендім. Уақыт өте келе сән салонын ашып, көздеген мақсаттарымның біріне қол жеткіздім. 1 жылға жуық салонға жас визажистер жиып, жұмыс істедік. Салон қызметімен қатар косметикалық заттарды да сата білдім. Екінші перзентіме аяғым ауыр болған соң, салон жұмысын уақытша тоқтатуға тура келді. Алайда, косметика сатуды ары қарай жалғастырдым. Интернет дүкен арқылы тапсырыс беріп, нәзік жандылармен ерлерге косметикалық заттар сатамын. Қазір бала күтімімен үйде отырған қыз-келіншектер үшін дүкен аралап, бояу заттарын алу үшін уақыт бөлу қиындық тудырып жатады. Осыны ескере отырып, интернет дүкен арқылы оларға тапсырыс беру тиімді деп ойладым. Көтерме бағамен алынған тауарды тиімді бағамен нарыққа шығардым. Сапасы жоғары тауарларға қызығушылық білдіріп, Батыс Қазақстан облысынан көп тапсырыс түсе бастады. Содан бері жеткізу қызметі арқылы еліміздің бірқатар қалаларына тауарларды жөнелтіп келемін. Бұл кәсібімді ата-анамыз мен жолдасым қолдай білді. Сондай-ақ, әр тұтынушыға сатып алған тауарына қосып сыйлықтар үлестіріп отырамын. Өзімді дамыту үшін сән индустриясына арналған семинарларға да қатысып жүрдім. Алдына нақты мақсат қойып, тиянақты жоба жасап, ұйымдастыра білген адам тіпті, үйінде отырып-ақ өз кәсібін бастай алады, – дейді Малика.

P.S. Біле білгенге, қолөнер – табысты еселей түсетін сала. Осыны ескергендіктен, көптеген ел қазір бұл салаға айрықша мән беріп отыр. Әсіресе, өзіндік қолөнерінен ажырап, ұмыт қалдырған Германия, Норвегия, Израиль сынды елдер бүгінде қазақтың төл туындыларына қызығушылық танытуда. Сондықтан қазақ қолөнер шеберлері үшін шетелдік нарыққа шығуға мүмкіндік көп.
Жалпы үйде отырып тоқырауға түскенде, өзіңіздің сүйікті ісіңізді тауып, бір шеті табыс көзіне айналдырып отырғанға не жетсін?!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.