Астана қаласында болған қайғылы оқиға дүйім жұрттың қабырғасын қайыстырды. Түн ішінде отқа оранып, қуықтай бөлмеде жан тапсырған бес қыздың денесі кеше жер қойнауына тапсырылды. Республиканың түкпір-түкпірінде қыздардың ата-анасы мен туыстарына көңіл айтып, әлеуметтік желі белсенділері өлең шумақтарын арнауда.

Зере Қуаныш

«Тас түскен жеріне ауыр». Қайғыдан қан жұтқан ата-ананың көңілін сұрап, қол ұшын берушілер саны күн санап емес, сағат санап көбеюде. Әркім қолдан келген көмекті аяп жатқан жоқ. Тараз жұртшылығы да бүлдіршіндерді еске алуға «Махаббат» аллеясына жиналды. «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы қайтқан бүлдіршіндердің рухына арнап құран бағыштады. Аллеяда облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов пен қоғам қайраткерлері, қалалық мәслихаттың депутаттары мен тұрғындар да қазаға ортақтасып, гүл шоқтарын қойды.


– Қасіреттің үлкен-кішісі болмайды. Кенеттен, абайсызда, айтпай келетін қайғы кімге болса да ауыр тиетіні сөзсіз. Астана қаласында өртке оранған бір үйдің бүлдіршіндерінің қазасы қаймана қазаққа ауыр тиді. Дүйім жұрттың қабырғасын қайыстырған қаралы хабарды естіген әрбіріміз қыздардың ата-анасы мен туыстарына көңіл айтамыз. Бұл оқиға біздерге сабақ болса керек. Қайда, қандай жағдай болмасын бір-бірімізді демеп, қолдап, көңілдерімізге қарап, пендешіліктен аулақ болайық. Енді мұндай қасірет Отанымызда болмасын, – деді ҚР мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы.


Әлеуметтік желі белсенділерінің бастамасымен өткен жиында қала тұрғындары бүлдіршіндерге арнап жыр жолдарын оқыды.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған