«Басымызға қапшық кигізіп, ұрды»: Шымкенттегі полиция ғимаратындағы өлімнің куәгері оқиғаның мән-жайын айтты
Шымкентте полиция департаментіне өз аяғымен кірген күдіктінің мәйіті шықты. Нұрболат Жұмабаевпен бірге полиция ғимаратына жеткізілген досы оқиғаның қалай болғанын айтып берді,и деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Жақындарының айтуынша, Нұрболат Жұмабаев Қостанайдан досымен бірге Шымкентке қалыңдығын әкетуге келген екен. Дәмханада түстеніп отырған екеуді арнайы жасақ қолына кісен салып алып кеткен.
Полиция департаменті таратқан ақпаратта қалыңдық туралы сөз жоқ. Шымкентке көлік ұрлауға келді деген күдіктінің денсаулығы дімкәс болуы мүмкін деп отыр тәртіп сақшылары.
Нұрболат Жұмабаев досымен бірге Қостанайдан Шымкентке бес күн бұрын келіпті. Қалыңдығын үйіне апару үшін келген жігіті жанындағы досымен дәмханада отырған жерінен арнайы жасақ қолын қайырып әкеткен.
«Көлікке отырғызғаннан бастап басымызға қапшық кигізіп ұра бастады. Департаментке жеткізгенде тепкі үдей түсті. Мен досымды соңғы мәрте көргенде полицейлер ұрып жатқан. Одан соң екеуімізді бөлек әкетті. Менің қолымды кісендеп, жерге жатқызып басымнан тепті. Бір мәрте басыма кигізген қапшықты шешіп, түрін жаттап үлгердім. Олар 3-4 жедел уәкіл мен тағы арнайы жасақтың жігіттері. «Сендер көлік ұрладыңдар, сондықтан мойындаңдар, көрші кабинеттегі досың мойындауға шақ қалды» деп күштеді. «Өз еркіңмен қол қоймасаң, денсаулығыңнан айрыласың»деп қорқытты”, – дейді жәбірленуші Сергей Петров.
Бірақ жедел уәкілдермен кіргізілген Нұрболат Жұмабаев кабинеттен тірі шыққан жоқ. Тергеу кезінде жағдайы күрт нашарлаған 31 жастағы жігіт жедел жәрдем келгенше көз жұмған.
Марқұм Нұрболат Жұмабаевтың адвокаты да полицейлер өрескел заңбұзушылыққа барғанын айтады.
“Үш сағаттан астам заңсыз ұстапты. Неге бұл уақытта адвокат бермеген? Одан соң жедел уәкілдер неге тергеушіге дейін жеткізбеген? Тергеу мен заңды шешім қабылдау тергеушінің құзырында емес пе? Қылмыс жасаған күннің өзінде неге арнайы жасақпен ұстайды? Бұлар қылмыстық топтың мүшесі емес қой. Неге заң бойынша шақырту қағазын жібермеген?” – дейді жәбірленушінің қорғаушысы Талғат Есімов.
Бұл сұрақтарға жауап беру үшін полиция департаменті бастығының өзі шықты. Генералдың сөзінше, адвокат шақыртылған екен. Ал Нұрболат Жұмабаевпен серігі Сергей Петров бірнеше көлік ұрлау дерегі бойынша күдікті ретінде өтіпті. Тіпті бұлтартпас дәлелдері де бар екен. Ал тергеу кабинетінде «камералар бар» деген ол мән-жай тек сараптама қорытындысынан кейін ашылады деп отыр.
“Дәлізде орнатылған, кабинетте бар. Кабинетте сөйлескен, сол жерде жігіттерге «мазам болмай тұр» деген. Кешіріңіздер, біз дәрігер емеспіз. Әркімде әртүрлі жағдай болады. Енді сараптама шешімін күтейік”, – дейді Шымкент қаласы полиция басқармасының басшысы Ералы Жұмаханбетов
Қазір бұл іспен қалалық прокуратура мен министрліктің өзіндік қауіпсіздігінен келген лауазымды шенділер айналысып жатыр.
«Шымкенттің сот-сараптамасына сенбейміз» деген марқұмның жақындары тәуелсіз сараптаманың көмегіне жүгінбекші. Ал бір аптадан соң үйлену тойы болады деп күтіп жүрген Нұрболат Жұмабаевтың денесі бірер күнде туған қаласы Қостанайда жерленеді.