Қалалық қоғамдық-саяси газет

Басты мақсат – халықтың қауіпсіздігі

Таразда ертеңнен бастап «Сергек» жүйесі іске қосылады

0 362

Тараз қаласында биылғы жылдың 1 желтоқсанынан бастап қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Сергек» жүйесі іске қосылады.

«Сергек» – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуші кешен. Қоғамдық орындарда, қаланың қылмысқа бейім аймақтарында, мектептердің жанында, тұрғын үйлердің аулаларында бейнебақылау камералары орнатылатын болады.
Тараз қаласында жоба бойынша 1 250 жалпы бақылау камерасын орнату қарастырылған. 48 аппараттық-бағдарламалық кешен (АБК) қаланың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Атап айтсақ, сызықты учаскелерде 35 АБК және қиылыстарда 13 АБК орнатылмақ.
Жылдамдықты асыру, бағдаршамның тыйым салған белгісіне өтіп кету, жолдағы қозғалысты реттейтін жолақтарды бұзу жүйеге тіркеледі. Жол ережесін бұзуды тіркеу автоматты режимде жүзеге асады. Бұдан кейін полиция қызметкері тексеру жүргізіп, өзінің ЭЦҚ арқылы ұйғарымға қол қояды.
Жол тәртібін бұзғандардан түскен айыппұлдар қала бюджетін толтырады. Ұйғарымдарды erap-public.kgp.kz, egov.kz сайттарынан ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп, жүктеп алуға болады. Сонымен қоса, «Kaspi» банкінің мобильді қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөлімшесінен де табу мүмкіндігі бар.
Барлық ереже бұзу жағдайлары ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы тіркеу комитетінің әкімшілік істер бойынша бірыңғай реестріне бірден тіркеледі.
Көлік иесі шешіммен келіспеген жағдайда, Тараз қаласы бойынша полиция басқармасына баруға немесе ұйғарымда көрсетілген байланыс нөміріне хабарласуға болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.