Қалалық қоғамдық-саяси газет

Басты байлық – теңдік пен тұрақтылық

0 238

Теңдіктің туын көтеріп, бірлік ұранын биік ұстаған ортақ Отанымыз Қазақстанда жүз отыздан астам этнос өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Талайдың тағдырын бір арнаға тоғыстырған осынау қасиетті мекенде орнаған бейбітшілік пен ынтымақтың тамыры тереңде жатыр. Егеменді елімізде барлық этнос өкілдерінің салт-дәстүрі құрметтеліп, оларға қажетті қолдау көрсетілуде. Тараз қаласында да өзге этнос өкілдерінің керегесі кең, терезесі тең болуына барлық жағдай жасалған.  

Қазіргі таңда шаһарда 25 этномәдени бірлестік ресми тіркелген. Ішкі саясат бөлімі тарапынан этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен тығыз қарым-қатынас орнатылып, этнос өкілдерінің ішінде беделді тұлғалардың тізімі әзірленіп отыр.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, Тараз қаласында этностар бөлінісі бойынша 428 668 адам бар. Оның ішінде қазақтар – 304 994, орыстар – 50 546, дүнгендер – 1 954, түріктер – 4 840, өзбектер – 23 814, кәрістер – 7 816, күрділер – 2 828, әзірбайжандар – 2 399, татарлар – 5 900, қырғыздар – 4 807, немістер – 3 322, украиндар – 4 852, ұйғырлар – 1 285, шешендер – 652, гректер – 895, белорустар – 505, тәжіктер – 753 және тағы басқа этностар 6 506 азаматты құрап отыр.

Өзбек этносы Наманган, Өзбек, Ташкент, Родникова, Аққозиев, Пирогов, Рыночная, Көшеней, Қапал, Құлжабаев, Самарқан, Түргенев, Жібек жолы, П.Лумумбы көшелерінде қоныс тепсе, түрік этносы Көшек батыр, Чернышов, Сүлейменов көшелерінде және қаланың қалған бөліктерінде орналасқан. Қалған этнос өкілдері қаланың түрлі аумақтарында тұрады.

Этносаралық араздық пен алауыздықты тудыратын жалған ақпарат таратуға жол бермеу және этносаралық келісімді нығайту мақсатында ағымдағы жылдың 30 қаңтар күні Тараз қалалық прокуратураның үйлестіруімен «Қоғамдық келісім» мекемесінде ведомствоаралық кеңес отырысы өтті. Аталған кеңеске Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы, Тараз қалалық прокуратурасы, Тараз қалалық полиция басқармасы, Тараз қаласы бойынша экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшесі, «Қоғамдық келісім» КММ, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, Тараз қаласының билер кеңесі және этнос өкілдері қатысты.

Осындай игі істің жалғасы ретінде жастардың бойында толерантты мінез-құлықты қалыптастыру, діни танымдарды құрметтеу және қазақстандық қоғамның полиэтникалық құрамының тарихы туралы жас буынның білімін арттыру бағытында алты кездесу ұйымдастырылып, кейінгі буын рухани сусындады.

Мәдени шараларға этномәдени бірлестіктердің өкілдері де белсенді атсалысып, ағымдағы жылы 40 іс-шараға 5 000-ға жуық адам қамтылды. Атап айтқанда, «Алғыс айту» күніне орай «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі, «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясы аясында этномәдени бірлестік өкілдерімен «Қоржын» қайырымдылық іс-шарасы, «Алғысымыз шексіз!» атты концерттік бағдарлама, «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» атты шығармашылық көрме, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне және Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімдері сынды шаралар ұлттар арасындағы ынтымақ пен бірлікті тағы нығайта түсті.

Сонымен қатар үстіміздегі жылдың 29 наурыздағы №27-ө өкімімен қала тұрғындары арасында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы мен Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде қалалық ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған іс-шаралар жоспарына сәйкес 85 кездесу өтіп, оған 2 500 адам қамтылды.

Бұдан бөлек, өткен жылдың 26-28 желтоқсан күндері «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында «Этносаралық және конфессияаралық келісім», «Әлеуметтік тұрмыстық мәселерді шешу және бизнесті дамыту», «Құқық қорғау органдардың дауы» сынды үш бағыт бойынша жергілікті атқарушы, құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын топ мүшелері қала тұрғындарына қоғамдық қабылдаулар өткізіп, жеке сұрақтары бойынша кеңестер берді. Атап айтсақ, 5 қоғамдық қабылдау, 10 Ашық есік күні, 1 этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесу, 1 қала имамдарымен кездесу, 3 мешіт жамағаттарымен жүздесу, 3 спорт саласының мамандарымен кездесу, 3 жастармен тілдесу, 1 мәдени-көпшілік іс-шара, 1 спорттық шара, 1 семинар, 3 отырыс және деструктивті діни ағым өкілдерін қоғамға бейімдеу жұмыстары ұйымдастырылды. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы ағымдағы жылдың желтоқсан айында жалғасын табатын болады.

Тағы бір ерекше айта кетерлігі, «Этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған кешенді іс-шаралар ұйымдастыру» атты әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға қалалық бюджеттен 1 500 000 теңге бөлініп, конкурс жарияланды. Конкурстың нәтижесі бойынша «Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі жеңімпаз атанып, бүгінде тиісті жұмыстарды қолға алуда. Аталған жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес Этномәдени бірлестіктер арасында 1 ұлттық ойындар спартакиадасы мен 1 ұлттық билер байқауы ұйымдастырылды. Сондай-ақ қараша айына дейін 1 патриоттық әндер байқауы, 1 фестиваль, 1 ұлттық тағамдар байқауы өткізілмек.

Міне, қала көлемінде этносаралық тұрақтылық пен татулықты қамтамасыз ету бағытында осындай ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның арқасында бүгінгі күнге этносаралық ахуал тұрақты сақталуда. Алдағы уақытта да этносаралық тұрақтылық пен теңдікті нығайту бағытында жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

 

Гүлназ Сматилдаева,

Тараз қалалық ішкі  саясат бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.