Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баспана бағасы бақылаудан шықты

0 188

Құрылыс материалдары ай сайын қымбаттап, елдегі тұрғын үй бағасы да аспандап барады. «Жығылған үстіне жұ­дырық» болғандай, зейнетақы қорындағы қаржыны алу­дың жаңа тәртібі болатынын естіген құрылыс компаниялары үйдің бағасын тағы шарықтатып жіберді. Құрылыс ком­па­нияларынан қалсын ба, үйін бәc саудаға салған жеке аза­мат­тар да пәтер бағасын өсіріп жатыр. Келер жылда тұрғын үй бағасы қымбаттайтынын айтқан министрдің болжамы шын­дыққа жанаса ма? Тұрғын үй бағасы қашан тұрақтайды?

Алдыңғы айда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов тұрғын үй баға­сының тұрақталатыны жайлы бол­жам жасаған болатын. Оның ай­туын­ша, елде құрылыс материал­дарын шығаратын жаңа кәсіп­орын­дар ашылады. Қазір осы ба­ғытта министрлікте бірқатар жоба қарастырылып жатқанға ұқсайды. Егер жоба сәтті жүзеге асса, жаңа өндірістер баспана бағасының ша­рықтауын тоқтатуы керек. Осылай деген министр алдағы жылы 35 жо­баны жүзеге асырып, елімізді ке­рамикалық материалмен 100 па­йыз қамтамасыз етуді қолға ала­тынын жеткізген,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Қалталылар мен делдалдардың «үлесі» зор

Жеке компанияда материал­дық-техникалық жабдықтау бө­лімінің бастығы Бақтияр Букетов құрылыс материалдарының бағасы күн сайын құбылып тұрғанын жет­кізді. Оның айтуынша, елдегі жа­нар-жағармай тапшылығына бай­ланысты құрылыс материалдарын арзан бағада ұстап отыру тиімсіз. «Мысалы, біз алюминиймен ай­налысамыз. Африканың бір мем­лекетінде әлем бойынша алюми­нийдің 20 пайызын шығарады. Біз де сол мемлекеттен сатып аламыз. Қазір жылда алып жүрген алю­миний бағасын олар да көтеріп жі­берді. Оның үстіне, жанар-жа­ғармай тапшылығы туындаған соң тасымалдаушы компаниялар тағы ақша қосады. Елдегі пандемияға байланысты шекара жабық болды. Ол да шетелден тасымалданатын құрылыс техникаларының қым­бат­тауына әкеліп соқты», – дейді Бақтияр Букетов. Сондай-ақ ол «қажетті құрылыс материалдары қымбаттаған соң тұрғын үй ба­ғасын құрылыс компаниялары қымбаттатуы түсінікті» екенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, көп­теген құрылыс компаниясы пәтер бағасын жаңадан салына баста­ғанда арзан бағалайды. Мәселен, тұрғын үйге үлескер ретінде қатыс­саң, басында шаршы метрі 260-300 теңге болады. Құрылыс дайын бо­луына байланысты үйдің бағасы өсе береді. Үй салынып бітер кезде шаршы метрі 400-ден жоғары­лайды. Өйткені құрылыс мате­риал­дары да қымбаттайды екен. Бұдан бөлек, жаңа салынып біткен тұрғын үйлердің бағасы қолже­тімсіз болуына қалталылар мен делдалдардың «үлесі» зор. «Эли­талық үйлердегі пәтердің көбі бір ғана адам алады. Таяуда Panorama Park тұрғын үй кешенінің сыртын жасап бердік. Жасы 30-ға енді кел­ген бір келіншек құрылыс ком­па­ниясының әрбір тұрғын үй кезе­гінен бірнеше пәтер сатып алды. Ал бұл үйлерді ертең ол эконо­ми­калық жағдайды ескере отырып, өз баға­сынан екі есе қымбатқа са­тады. Жаңа салынып біткен үй­дің алғаш­қы нұсқасының шаршы метрі 300 мың теңге, дәл сол ал­ғашқы нұс­қадағы үй пайдалану­ға берілетін кезде шаршы метрін 400 мыңға дейін өткізеді. Элита­лық үйдің бағасы 600 мыңнан асып жығы­ла­ды», – дейді Бақтияр Букетов.

Елорда тұрғыны Гүлбану Аса­нова Рио-де-Жанейро тұрғын үй кешенінен бір бөлмелі үйге үлескер ретінде келі­сімшартқа отырған. Айтуынша, бастапқы жарнасын төлеп, нау­рызда пайдалануға бе­рі­летін үйдің жаңадан салына бас­тал­ғандағы үш ай бұрынғы бағасы шаршы метріне 320 мың теңге болса, қазір 380 мыңнан бас­талады екен. «Ақша болса, осын­дай үлес­тік бөлісу ке­лісімшартына тұрып, жаңадан са­лынып жатқан үйлерді сатып алған әлдеқайда тиімді се­кілді. Мысалы, мен үш ай бұрынғы бағамен ала­­мын, қазір ол үйлердің бағасы күн сайын құ­былып тұр. Жақында бір танысым да сол тұрғын үйден пә­тер алғысы келіп еді. Шаршы метрі 400 мың тең­геге бағаланып жа­тыр», – дейді ол.

Қолжетімді үйге қолма-қол ақша керек

Баспана сатып алу, сатумен ай­налысатын риэлторлар да ал­дыңғы айтылған сөзді растап отыр. Қазір баспана бағасының ша­рық­тауы қарапайым халықтың арқа­сына батуда, ал қаржысы бар адам­дардың үйлі болуына мүм­кін­дік көп. Алматылық риэлтор Ба­қыт­гүл Есімханқызы құрылыс ком­­паниялары бастапқыда үйлерін арзан бағалағанымен, санаттары­на байланысты тұрғын үй кешенде­рінің бағасы шарықтай беретінін айтты. Мысалы, эконом санаттағы үйдің шаршы метрі қазір 180 мың­нан басталады. Комфорт санатты үй­лер 300 мыңнан жоғары. Бизнес са­наттағы үйлердің бағасы қым­бат­­тамаса, тұрақты баға ұстап тұ­руы мүмкін емес. Бүгінде бизнес санаттың бір шаршы метрі үшін 500 мыңнан жоғары сұрайды. Көбіне мұндай санатты үйлердің шаршы метрі тұрғылықты жеріне байланысты миллионға дейін ба­рады. «Көбісі жаңа салынып жат­қан үйге қаржы құйған өте ыңғай­лы әрі арзан деп санайды. Әрине, дәл қазіргі жағдайда ол тиімді шы­ғар. Бірақ барлық үй салатын құ­рылыс компаниялары сенімді емес. Жақсы жұмыс істеп жатқан ком­паниялар нарықтың салда­ры­нан айтқан уәделерінде тұра алмай, үйлерді кешіктіріп салып жатыр. Кейбір компаниялар халықтың ақшасын алып, қашып кетуде. Сондықтан бірінші ондай үйге ақша салу үшін құрылыс компа­ния­сын жақсы білу керек. Жаңа ашылған компаниялар қолма-қол ақшаға ғана сатады», – деп отыр Бақытгүл Есімханқызы.

Бағдарлама жасалса да баға өседі

Алдыңғы аптада ғана жаңадан ашылған құрылыс компаниялары салған тұрғын үйлердің бір бөлмелі пәтері – 8 млн, екі бөлмелісі – 11 миллионға бағаланған. Қолында жинап отырған қаражаты жоқ қа­рапайым халық жаңа мүмкін­дік­терді қарастырып жатқанда, алып­сатарлар 8 миллионның үйлерін қазір бір апта бұрын 12 миллионға бағаласа, қазір 15-18 миллионға бір-ақ көтерді. Сол үшін риэл­тор­лар тұрғындарға жөндеу жұмыс­тары істеген 2010-2015 жылғы үй­лерді сатып алуға кеңес береді. «Бұл жылғы үйлер қатты ескі емес. Екіншіден, үй иелері сатылатын үйдің жөндеу жұмыстарын істеп, мүлкімен сатады. Сондықтан да­йын үйді арзан бағаға түсіріп алған дұрыс», – деген Бақытгүл Есім­хан­қызы жаңа жылдан бас­тап үй ба­ғасы аспандамаса, ар­зан­дайды де­генге сену бекер екенін айтады. Өйт­кені үйдің бағасы тек қана ма­териалдың қымбат­та­ға­нына бай­ланысты өсіп отырған жоқ. Елдегі баспанаға байланысты бағдар­ла­малардың қабылдануы мен жанар-жағармай, тасымалдау қызметі бағасының да өсуі тұрғын үй ба­ға­сын шарықтатып отырған көрінеді.

Жылдағы үрдіс солай. Баспа­наға бағасы елдегі кез келген өзге­ріске байланысты өсе береді. Мем­лекеттік бағдарлама шықса – бір, жанармай қымбаттаса – екі, құры­лыс материалы өссе – үш, зейнет­ақы қорындағы ақшаны алуға өз­геріс еніп еді, төртінші рет баспана бағасына әсер етті. Былтырғы 10 миллионның үйлері қазір 20 мил­лионға бағаланады. Өйткені өзге ел емес, өз елімізде шығарылатын құрылыс материалдарының өзі өте қымбат. Ал құрылыс материал­да­рының қымбаттауына байланысты мониторинг жасап, бағаның өсіп отырғанын бақылап отырған еш­кім жоқ.

Талапты орындамаған

Бағаны бақылау тікелей мін­детіне кірмесе де, монополис­тер­мен күресетін Бәсекелестікті қор­ғау және дамыту агенттігі жаз бойы тұрғын үйдің қымбаттауы бойын­ша қарқынды жұмыс атқарып тас­та­ғандарын алға тартты. Шілде айын­да Мемлекет басшысының құрылыс материалдары нарық­тарында шаралар қабылдау жө­ніндегі тапсырмасын орындау ая­сында агенттіктің аумақтық бө­лім­шелері елдің барлық өңірлеріндегі құрылыс материалдары нарығына бақылау жасап, бірқатар құрылыс материалын өндірушілердің жа­уапкершілікке тартылуына сеп­тігін тигізген. Осы жылдың 1 мау­сымы мен 15 шілдесі аралығында БҚДА-ның Аумақтық монопо­лия­ға қарсы департаменттері құрылыс материалдарын өндірушілер мен көтерме жеткізушілерге құрылыс материалдарының 13 түрі бойынша 700-ге жуық сұраныс жіберген. Шілденің ортасынан кейін құры­лыс материалдарын өндірушілерге тағы қосымша 349 жаңа сұраныс жолдаған. Сөйтіп, құрылыс ма­те­риалдарын өндірушілерге бағаны негізсіз өсіріп отырғандарға қа­тысты 57 хабарлама шығарыпты. Алайда агенттіктің сұранысын то­лыққанды орындамаған құры­лыс материалдарын өндірушілер де баршылық. Сондай-ақ биыл жазда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бастапқы тұрғын үй нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жүргізілген талдау шеңберінде бірқатар компания­ның, оның ішінде BAZIS-A, Bi Group холдингтері, «РАМС-Қа­зақстан» компаниясының тұрғын үйге бағаларын келісіп белгілеу және ұстап тұру іс-қимыл белгі­лерін анықтаған болатын. Әйтсе де, бұл құрылыс компанияларының үйлері де басқалармен бірдей өсуде.

Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сәйкес, республика бойынша жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі алдыңғы айда 352 654 теңгеге бағаланған. Бұған дейін қолданыста болған пәтерді сату кезінде бір шаршы метр үшін баға 279 216 теңгеден басталыпты. Жалпы, бір жыл ішінде жаңа пәтер құны 14,6%, екінші сатылымдағы пәтер 23,7%-ға қымбаттады. Осыған қарағанда министрдің бол­жамы мүмкін болмайын деп тұр. Өйткені қазір тұрғын үй ба­ғасының шарықтауына қымбат­таған құры­лыс материалымен қоса, зейнетақы қорындағы шекті бағаның екі есе өсуі де септігін тигізіп отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.