Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бас прокуратура бұрынғы қорғаныс министрінің ұсталғанын мәлімдеді

0 262

ҚР бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановтың ұсталғанын бас прокуратура растады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«19 ақпанда Бас прокуратура бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 452-бабы («Биліктің әрекетсіздігі»), әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады», – делінген хабарламада.

Бас прокуратураның мәліметінше, 2022 жылғы 20 ақпанда Мұрат Бектанов осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Айта кетсек, 452-бап (Билiктiң әрекетсiздiгi, яғни бастықтың немесе лауазымды адамның өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында өзінің қызметтік міндеттерін орындамауы) бойынша 3 000 АЕК-ке (9 189 000 теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылады. Ал ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекет болса, төрт жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде бұрынғы қорғаныс министрінің ұсталғаны туралы ақпарат таралған еді.

Мұрат Бектанов 2021 жылдың тамызында 15 адамның өліміне әкеп соққан Жамбыл облысындағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін отставкаға кеткен Нұрлан Ермекбаевтың орнына қорғаныс министрі қызметіне тағайындалған.

Алайда биылғы қаңтар оқиғаларынан кейін ол қызметінен босатылған болатын. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев министрлік басшысының командирлік қасиеттерін көрсетпеді деп сөккен болатын.

«Министр Бектанов қиын сәтте командирлік қасиетін көрсеткен жоқ. Командалық-штабтық және әскери оқу-жаттығулар барысында жақсы нәтиже көрсеткен армияға ие бола отырып, біз қиын жағдайда оның әлеуетін пайдалана алмадық және сыртқы көмекке жүгінуге мәжбүр болдық», – деген Тоқаев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.